«Көші-қон – өзекті мәселе»

9 Сәуір 2020, 18:29 6239

Көліктегі ПД Көші-қон қызметі туралы

Еліміз егемендігін алғалы көптеген елдермен тығыз-қарым қатынас жасап келеді. Осы тұрғыда көші-қон заңнамасына да толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Бірақ та бұл заңнама үнемі сақтала бермейді. Күннен-күнге елімізге заңсыз келіп-кетушілердің саны артып келеді. Заңсыз көші-қон тек мемлекетіміздің саяси ахуалына ғана емес, ішкі қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұрған жоқ па? Осыған қатысты сұрақтарға жауап алу мақсатында Көліктегі ПД Көші-қон қызметінің басқарма басшысымен әңгімелескен болатынбыз.


Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті 1993 жылғы 5 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесі туралы ережені» қабылдап, республиканың төлқұжаттық-визалық қызметі қайта құрылған болатын. Ал 1999 жылы төлқұжаттық-визалық қызмет көші-қон полициясы деп аталды.

Бүгінгі таңда Көліктегі полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы мен оның желілік полиция бөліністерінде 70-ке жуық қызметкер жұмыс атқарады. Олардың негізгі қызметі мен міндетіне шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу тәртібі, олардың Қазақстан Республикасына кіру және шығу ережесін орындауы кіреді. Сонымен қатар шетелдіктердің елімізде жүріп-тұрудың барлық заңды талаптарын сақтауды қамтамасыз етуі де жатады.


(Суретте: Көліктегі  ПД Көші-қон қызметі бастығы, полиция полковнигі Маулен Мақанов)

– Елдің инвестициялық климаты мен туристік имиджін жақсарту мақсатында ағымдағы жылғы 10 қаңтарда Көші-қон заңнамасында өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шетел азаматтарын тіркеу жойылды. Сондай-ақ ҰҚК ШҚ және ІІМ қызметкерлеріне ӘҚБтК-нің 517–бабы бойынша әкімшілік айыппұл салу бойынша өкілеттіктер берілетін болады. Оның мөлшері болу мерзімінің бұзылуына байланысты сараланады. Мысалы, 3 тәулікке дейін ескерту берілсе, 5 тәулікке дейін 5 айлық көрсеткіш, 10 тәулікке дейін 10 айлық көрсеткіш айыппұл салынады, – деді Көліктегі ПД Көші-қон қызметі бастығы, полиция полковнигі Маулен Мұхамеджанұлы.


(Желілік көші-қон қызметкерлерінің жыл басында темір жол вокзалында тексеріс жүргізу барысы)

Бұл түзету материалдар сотқа жібермей, шетелдік азаматтарды рейстен алып тастамай, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 10 тәулікке дейінгі мерзімге дейін шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

– Егер бұрын ескі заңнама бойынша шетелдік азаматтар 3 тәуліктен астам болу мерзімін бұзған жағдайда, уәкілетті органның қызметкерлері оны рейстен алуға, одан әрі сотқа жолдаумен әкімшілік хаттама ресімдеуге мәжбүр болса, бұл оның туристі, инвестициялық тартымдылығын және елдің имиджіне теріс әсер етуіне ықпал ететін еді, – деді полиция полковнигі.

Көліктегі Көші-қон қызметі бастығы шетелдік азаматтардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, департаментке бағынысты бөліністерінде, оның ішінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында тәулік бойы жұмыс істейтін көші-қон пункттері орнатылатындығын айтты.


– Осыған байланысты біздің департаменттің Көші-қон қызметі қызметкерлері шетелдік азаматтарға құқықтық көмек көрсету мақсатында (көші-қон заңнамасын бұзған жағдайда көшпелі тіркеу мен шығу визаларын әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін және форс-мажорлық кездерде (метеожағдайлар, авиарейстердің тоқтауы тағы да өзге кездерде) оны ұшып шығудан кідіртпей беру үшін жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, еліміздің басқа да халықаралық әуежайларында жоғарыда аталған көші-қонға қатысты пункттер ашу жоспарлануда. Біз бұдан әрі де теміржол, әуе көлігі объектілерінде шетелдік азаматтардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз,­ - деді полиция полковнигі.

Департамент тарапынан көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алуға байланысты «Заңсыз келуші», «Келімсек» атты профилактикалық шаралар өткізіліп отырады. Ол шара заңсыз жүрген келімсектерді анықтап, көші-қон жолдарын кесіп қана қоймай, сондай-ақ шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тарту жайттары мен заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыратын тұлғаларды, басқа да құқық бұзушылықтарды айқындауға мүмкіндік береді.


(Көліктегі ПД Көші-қон қызметі қызметкерлері басқарма бастығымен жиналыс барысында)

– Заңсыз көші-қон арналарын жабу және бейтараптандыру мақсатында жыл басында «Келімсек» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Қазақстан Республикасына келу ережелерін бұзғаны үшін барлығы 117 шетелдік анықталып, оның ішінде 18 шет ел азаматы сот қаулыларымен мемлекет аумағынан тысқары шығарылды. Ал 24 азамат көші-қон қызметін хабарламағаны үшін келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде анықталды. Ал Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін бір азамат, қоғамдық орында мазалап, қайыр тілейтін бір шетелдік және қабылдау-тарату орындарына құжатсыз жүрген екі шетелдік азамат қамалды. Сонымен бірге, халықаралық іздеуде жүрген бір азаматтығы жоқ келімсек анықталды.

Көші-қон қызметі бөліністері көші – қон заңнамасының саласы бойынша маңызды әкімшілік құқық бұзушылықтарды және қылмыстарды анықтаумен қатар, олардың жолын кесу жөніндегі жұмыстарды да жалғастырып келеді.

– Жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізу барысында еліміздің әуежайлары мен теміржол вокзалдарындағы жолаушыларды тексеру барысында Көліктегі ПД Көші-қон қызметі басқармасымен тұрақты түрде профилактикалық шаралар жүргізіледі. Шетел азаматтарының мемлекетаралық қатынастағы пойыздарда және әуежайларда рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Ол темір жол аумағында көші-қон заңнамасын бұзуды анықтауға және ұйымдастырушылардың заңсыз көші-қон арнасын анықтауға бағытталған.

Кейінгі уақытта Қазақстанға алыс-жақын шет мемлекеттерден келушілердің саны артты. Еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарына байланысы Көші-қон қызметінің басшысы Маулен Маукенов:


– Департаменттің қызмет көрсету аймағында, әуежайлар мен теміржол арқылы көрші елдерден, (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясынан) келетіндерді және шетелдіктердің болуын бақылауды Желілік полиция бөліністердің көші-қон қызметінің қызметкерлері жүзеге асырады.

Заңнаманы бұзған шетел азаматтары жауапкершілікке тартылады. Ол құқық-бұзушылықтарға қоғамдық орындарда тиісу, өзгеше тәсілмен сатып алу мен сату, бал ашумен қатар қайыршылық жасау және мазалап өтініш білдіру кіреді. Ал шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамның аталған заңнаманы бұзуы әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады. Тек бұл ғана емес, шетелдік жұмыс күші мен еңбекші көшіп келушілерді мемлекетіміздің заңнамасын бұза отырып тарту да заңнаманы бұзған болып есептеледі.


(Суретте: Желілік полиция қызметкерлері халықаралық темір жол желісін тексеру үстінде)

Қылмыстық жауапкершілікке қатысты Маулен Мұхамеджанұлы:

– Қылмыстық құқық бұзушылыққа еліміздің шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту, заңға қайшы келетін көші-қонды ұйымдастырумен қатар мемлекетімізде шетелдік жұмыс күштерін тартып, оларды пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу жатады. Ал ел аумағынан азаматтығы жоқ шет ел азаматтарын шығару туралы сот актілерінің орындалуын бақылау заңмен жүзеге асырылады. Бұл мәселеге мемлекетіміздегі азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қолданылатын әкімшілік жаза шаралары кіреді. Аталған тәртіпті бұзушыларға қосымша ықпал ету шарасы болып саналады. Жасалған теріс қылық үшін негізгі жаза – айыппұл. Бірақ осыған қарамастан, әкімшілік шығарып жіберу де жиі орын алатын құбылыс. Осылайша жыл басынан бері Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон заңнамасына сәйкес сот қаулысымен мемлекетімізден тыс жерлерге 72 шетел азаматы шығарылды. Олардың барлығына 5 жыл мерзімге елге кірге болмайды,- деді.


Басқарма басшысының айтуынша, Көліктегі ПД-нің Көші-қон қызметі бөліністері есепті мерзім арасында әуе көліктері мен теміржол нысандарында көші-қон заңнамасын сақтауды қамтамасыз ету бойынша бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

­Жыл басынан бері көші – қон заңнамасы үшін 6 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Олардың ішінде төрт іс мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін болса, екеуі заңсыз көші-қонды ұйымдастырған. Ал халықтың көші-қон саласындағы еліміздің заңнамасын бұзғаны үшін 423, оның ішінде ҚР-да болу ережесін бұзғаны үшін 330 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 89 азамат көші-қон қызметіне заң бойынша шетелдіктер келген күннен бастап, 3 жұмыс күні аралығында хабарламағаны үшін анықталып, тиісті шара қолданылды,- ­деді М.Мақанов.

Шекара маңындағы станциялар мен халықаралық әуежайларда ақпаратпен өзара алмасу, аталған заңнаманы бұзу фактілері мен жолын кесу бойынша Шекара қызметінің бөлімшелерімен өзара жұмыс істеуде жолға қойылған.

Жалпы Көліктегі ПД Көші-қон қызметінің берген мәліметтері бойынша: 2 азаматтығы бар 11 бұрынғы ҚР азаматы анықталған. Олардың ішінде Ресей Федерациясының 4 азаматы, Америка Құрама Штатынан 3 азамат, Швейцария, Әзербайжан, Түркия мен Ұлыбританиядан бір азамат болған. Аталғандардың ішінде 3 азамат елден тыс жерлерге шығарылып, 8 адамға айыппұл салынған. Ал 11 шетелдік жеке басын куәландыратын құжатсыз қабылдау-бөлу орнына қамалған. Және де Көші-қон қызметі бөлімшелері әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін және форс-мажорлық жағдайларда 92 шығу тіркеуін және 57 шетелдіктерге шығу визасын рәсімдеген.

Қорыта айтқанда, әлемнің көптеген елдерінде үлкен мәселеге айналып келе жатқан көші-қонға мән бермеудің салдарынан Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде қоныс аударып келушілердің талабына байланысты жікке бөлінушіліктің, жаппай тәртіпсіздіктің орын алғанын естен шығаруға болмайды. Сондықтан да жері кең байтақ, тәуелсіз мемлекетіміз үшін көші-қон мәселесін ретке келтіру салмақты да сауатты саясатты талап етеді. Осы аса маңызды саланың сапында жүрген Көліктегі ПД Көші-қон қызметінің атқарылып жатқан жұмыстарына жеміс тілейміз.

 (Суреттер Көліктегі ПД  баспасөз қызметінің жеке мұрағатынан алынды)

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: