КҮШ – БІРЛІКТЕ: ҚХА АРЫС ҚАЛАСЫНДА ТЕХНОГЕНДІК АПАТТАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ АЛҒАШҚЫЛАРДЫҢ БІРІ БОЛЫП ҚАРАЖАТ ЖИНАУДЫ БАСТАДЫ

26 Маусым 2019, 09:31 2410

Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облысының Арыс қаласынан көшірілгендерге көмек көрсету акциясын алғашқылардың бірі болып бастады.


Атап айтқанда, Нұр-сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Арыс қаласында зардап шеккендерге көмек ретінде қаражат жинауда.

Елордалық этномәдени бірлестіктер басшыларының бастамасымен Достық үйінде жиын өтіп, онда Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау бойынша штаб ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Республикалық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, кәсіпкер Хасан Шәріпов Арыс қаласына 22 тонна ұн жіберді.

Сонымен қатар Достық үйінде бірінші кезекте қажетті тауарларды, гигиена құралдарын, азық-түлік өнімдерін жинау және үйлестіру бойынша жұмыс тобы ұйымдастырылды. Елордалық ҚХА-ның қайырымдылық көмекшілері Арыс тұрғындарының қайғысына алғашқылардың бірі болып ортақтасты.

25-28 маусым аралығында (сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін), Б. Момышұлы даңғылы, 24/9, Достық үйі мекен-жайы бойынша «АРЫС» қабылдау пункті жұмыс істейді. Байланыс телефоны: 8 775 281 46 63, 8 (7172) 49 56 93.

Сондай-ақ Шымкент қаласында өңірлік ҚХА хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратовтың төрағалығымен Арыс қаласына көшірілгендерге көмек көрсету үшін штаб шұғыл түрде құрылды.

2019 жылы 24 маусымда облыстық ассамблея Арыс қаласына автобус жіберіп, Шымкенттің этномәдени орталықтары алғашқы қажетті көмектерін көрсетті.

Славян этномәдени орталығы тұрғындарды көшіру үшін автобустар мен жүк көліктерін жіберді, корей этномәдени орталығы ауыз сумен қамтамасыз етті, су штабқа да жеткізілді.

30 адамға уақытша тұрғын үймен және азық-түлікпен өзбек этномәдени орталығы қамтамасыз етті, 150 адамға арналған палау дайындалды, Хамза атындағы № 53 мектепте көшірілгендер азық-түлікпен қамтамасыз етілді, қосымша 50 дана төсек-орын жабдықтары берілді.

Нурсат ықшамауданындағы эвакуациялық пунктке ұйғыр орталығы 1000 адамға азық-түлік жіберді.


№ 52 мектепке көшірілгендерге КАМАЗ көлігімен азық-түлік өнімдерін түрік мәдени орталығы ұсынды, оның ішінде ауыз су және балаларға арналған жаялықтар, штабқа 30 қияр жәшігі жіберілді. Сондай-ақ № 56 және № 87 мектептерде орналасқан мұқтаж жандарға да жедел көмек көрсетілді. Татар-башқұрт орталығы штабқа азық-түлік өнімдерін (макарон, ұн, жұмыртқа) және басқа да өнімдерді әкелді.

Жанашыр азаматтар штабқа келіп, азық-түлікпен көмек беріп, қонатын жер ұсынды. ҚХА облыстық кеңесінің мүшесі Ә. Досболов (100 лоток жұмыртқа берді), Зиябиддин Мирзаев (26 адамды түнеуге қабылдады).

«Ақ-Мешітте» орналасқан кәріс жанұясы 80 отбасын ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Шымкент қаласының тұрғыны Ассамблея штабына қажетті заттар мен тұздалған көкөністер әкелді.

Акцияға жастар да белсенді қатысып, тасымалдауға көмектесті. Ассамблеяның жастар қанатының мүшелері Төле би ауданынан штабқа 200 нан жеткізіп, оның жартысын орталық мешітке апарды.


Бұнымен акция тоқтатылмайды, акция бұдан да қарқындамақ және ссы жағдайда Қазақстан халқының бірлігін көруге болады.

Өзбек этномәдени орталығы 1000 адамға арналған дастарқан дайындап, штабқа 1000 шелпек жеткізілді, шешен-ингуш, иран және тәжік облыстық этномәдени орталықтары штабқа гигиена заттарын әкелді.


Абай аудандық түрік этномәдени орталығының төрағасы бірнеше отбасын «Қызылжар» кенті тұрғындарының үйлеріне орналастырды.

Нақты, мақсатты көмек көрсету үшін мектептер этномәдени орталықтар арасында бөлінген. «Дустлик» өзбек қауымдастығы № 61, 53, 54 мектептерде көмек көрсетеді (көшірілгендердің саны 600 адам). Олар Түркістан қаласында қарт адамдар үшін 200 орындық, тамақтандырумен 200 орындық балабақша дайындады.

Түрік этномәдени орталығы № 56 және №87 мектептерде (көшірілгендердің саны 207 адам), ұйғыр орталығы – №26 мектепте (көшірілгендердің саны 227 адам), грузин этномәдени орталығы – №1 мектеп-интернатта (көшірілгендердің саны 207 адам), әзірбайжан этномәдени орталығы №60 мектепте (көшірілгендердің саны 50 адам), күрд облыстық этномәдени орталығы көшірілген отбасының екі бөлмелі пәтерде тамақтануын ұйымдастырды.


Өзбекстан Республикасының Елшілігі 1000 адамға қайырымдылық түскі ас ұйымдастырды.

Арыс қаласының көшірілген тұрғындарына қажетті заттарды жинау жалғасуда, алғашқы көмек көрсету үшін еліміздің облыстарынан қоңыраулар көптеп түсуде.


Республиканың барлық өңірлерінде бүгінгі күні Түркістан облысының ақша қаражатын жинау үшін бірыңғай шот ашылды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: