19 Тамыз 2014, 08:47
КӘРІЗ – тау бөктерінде орналасқан егістіктерді жера- сты суларымен суаруға арналған күрделі гидротехникалық су арналары. К.-бен суару жүйелері солтүстік Иран- да, Түркіменстанның Копетдаг өңірінде, Әзірбайжанда мейлінше дамыған. К.-ді пайдаланудың солтүстік ареалы Түркістан, Сауран өңіріне дейін жеткен. Қазақстандағы Сауран өңіріндегі К. жүйелері 50-жылдары археологиялық зерттеулер кезінде, әсіресе, аэрофото түсірілімдерге тал- дау жүргізу нәтижесінде анықталып, олардың бағыт- бағдарлары, қай алқапқа апарылатындығы айқындалды. Зерттеулер нәтижесінде Қазақстанның оңтүстігінде К. жүйелерін қолдану біршама дамығандығы анықталды, оған жергілікті топонимикада К. сөзінің жиі кездесуі де (кәріз, жұқа кәріз т.б.) куә.
Кәріз жүйесі.
ҚР МОМ материалдары бойынша суретін салған Ж.Шәйкен
К. жер қыртысының жағдайына байланысты арықтар, тоғандар жүргізу арқылы суландыруға келмейтін таулы, қыратты өңірлерде қолданылған. Жердің сулы қабаттарына дейін құдық қазылып, шыққан суды суландырылатын егістік аймақ бағытында судың ағу деңгейіне дейін тізбектеп қосымша құдықтар қазылып, сол құдықтарды өзара жерасты су арнасымен галерея түрінде жалғастыру арқылы жеткізілетін болған. Жер жағдайына, сулы қабаттың қаншалықты тереңде орналасуына және астыңғы қабаттағы жер қыртыстарының физикалық жағдайына (тастақ, құмдақ, борпылдақ немесе сазды балшық т.б.) байланысты құдықтардың тереңдігі, галереялардың көлемі де әртүрлі болған. Көмейде қазылған су жинайтын құдықтардың тереңдігі, кейбір деректерге сүйенсек 90 м.- ге дейін қазылып, егістік алқапқа жете бере, жер бетіне тақала келіп 1,5 м.-ге дейін жететін болған. Құдықтардың диаметрі тереңдігіне, жер қыртысының жағдайына байла- нысты 5 м.-ден 9 м.-ге дейін жетеді. Ернеулерін опырылып кетуден сақтау үшін жер жынысының беріктігіне қарай 3-5 м.-ге дейінгі тереңдікте тас, ағаш немесе қышпен құрсаулайды. Жер жағдайына байланысты құдықтардың арасы 4,5 м.-ден 45 м.-ге дейін жетеді.
Көмейдегі құдық сулы қабатқа жеткеннен соң егіндікке арналған алқап бағытында аралық құдықтар қазылып, жерасты галереясы тартылу кезінде, жер қабаттарының сулы горизонттарын кесіп өтетін, су жинайтын арналар, ал суы жоқ горизонттардағы арналар тасымалдайтын ар- налар деп бөлінді. Су жинайтын арналар неғұрлым ұзын болса, суаратын судың дебеті (көлемі) соғұрлым көп бо- лып, К.-дің көбірек алқапты сумен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді. Галерея түрінде қазылған арналар жер қабаттарының жағдайына байланысты үлкендері: биікт. 3 м.-ден ені 2 м.-ге дейін жететін болса, кішкене арналар тек адам сиятындай ғана қазылып, ені шамамен 0,9 биікт. 1,3 м.-ден аспайтын, тіпті, кей жағдайларда қыш құбырлар салынатын болған.
Сауран кәріздері. XV ғ. К.Байпаков. Великий Шелковый путь на терри- тории Казахстана (Алматы: Адамар, 2007) атты еңбектен
Егістікке жеткізілген К. суы арық деңгейіне көтерілмеген жағдайда, жер бетіне шығыр арқылы көтерілді. К. суды егістікке ондаған шақырымға дейін жеткізетін өз уақытындағы бірден-бір ұтымды жүйелердің түрі болды.
Міртөбе қалашығы. XVI-XVII ғғ. К.Байпаков. Великий Шелковый путь на территории Казахстана (Алматы: Адамар, 2007) атты еңбектен
К. құрылысы жерасты суларының табиғатын білетін ар- найы білімді талап ететін, көптеген адамдардың қатысумен істелетін күрделі құрылыстар қатарына жатады. Сонымен қатар, К. жүргізу кезінде адам өміріне қауіп төндіретін апатты жағдайлар жиі ұшырасатын, құдықтарды немесе жерасты арналарын қазу кезінде жер жыныстарының опы- рылып түсіп, адамдарды басып қалу, аяқ астынан су деңгейі көтеріліп кету немесе жерасты газдары босап шығып улану сияқты көптеген қауіпті жағдайлар орын алған. Деректерге сүйенсек,ерте кездерде К. құрылысына жұмыс күші ретіндекөбінеқұлдардыңеңбегіпайдаланғаныкөрсетіледі. К.-ді пайдаланып, жөндеу жұмыстарын жүргізудің өзі, әсіресе, құмды, борпылдақ, бос топырақты аймақтарда, өте күрделі де қиын процесс. XX ғ.-дың бас кезінде Қазақстан аумағындағы К.-дер қолданыстан шығып қана қоймай, тіпті, ұмытылып та кеткені соншалық, Түркістан маңындағы ескі К.-дің арналары халық арасында Әзірет Сұлтан заманынан қалған, Меккеге апаратын жерасты жолдары деген аңыздармен байланыстырылады. Қазіргі уақытта қазақ тілінде К. деп өндірістік, техникалық, ауыл шаруашылық қажеттіліктеріне арналған магистралдық сыртқы су құбырларын атайды.