Кәрі жілік

19 Тамыз 2014, 08:39

КӘРІ ЖІЛІК / ҚАРЫ ЖІЛІК – жабыса біткен жанама сүйегі бар, қолдың қарында болатын сүйек.

КӘРІ ЖІЛІК / ҚАРЫ ЖІЛІК – жабыса біткен жанама сүйегі бар, қолдың қарында болатын сүйек. Жанама біткен сүйегін Қ. ж.-тің қамшысы, құрығы, ілдіргесі (ілмек біздің ұшында жіп іліп алуға қолайлы ілмегі болады, оны ілдіргі деп атайды. Ілдірге қармақ, қадамыш, шаншар, шәңгек, шөп суырғыш сияқты құрал-саймандарда да кездеседі) деп атайды. К. ж. – мал етіндегі жіліктің басты бөлігі. Қазанға ет салғанда алдымен «бісміллә» деп К. ж.-тен бастап са- лады. Себебі оны қасиетті деп, еттің бәрін К. ж. ұстап тұрады деп сенген. Оны шақпайды, құда табаққа салмай- ды, Қ. ж.-ті қонаққа, бөтен, жат адамға емес, керісінше «ағайын мінемейді» деп ауыл адамдарының табағына салған, яғни ол ағайын арасының, отбасы мүшелерінің сыбағасы екендігін білдіреді.

Кәрі жілік. ҚР МОМ қорынан

Қонақ табағына салынса құт сол адамға, бөгдеге кетті деп ырымдайды. Егер абайланбай салынып кетсе, қонақ білдірмей тығып алуға тырысады. Өйткені ол ырыс-құт бұйырып тұр деп ырымдаудан туындайтын салт бойынша жасалады.

К. ж.-ті қазақ өсіп келе жатқан қыз балаға «оң жақта отырып қаласың» деп ұстатпаса, «сүр бойдақ боласың» деген сенім бойынша бойдақ жігітке де бермейді. Халық түсінігінде К. ж.-ті үй адамдары өздері мүжіген соң, үй босағасына мал аман болады, үйді, малды ұры-қарыдан, пәле-жаладан сақтайды деп осы сүйек арасындағы тесігінен ши өткізіп, құрық ұстаған жылқышы тәрізді етіп іліп қояды.

Кәрі жілік. Карутц Р. Среди киргизов и туркмен на Мангышлаке (СПб., 1911) атты еңбектен

Дәстүрлі ортада балалар құлақ ауруына шалдықпасын деген ырыммен Қ. ж.-пен бірге жан-жағында бірнеше тесігі бар тастың тесіктерінен жіп өткізіп, босағаның жоғарғы оң жағына іледі. Ол тасты бұлақтас деп атай- ды. Кейде баланың құлағы ауырып, құлағынан бұлақ ағып жүргенін көрсе, әжелер дереу босағаға бұлақтас тауып ілуді тапсырады. Онымен қоса қасқырдың тісін немесе бүркіттің тырнағын қосып іледі. Дәстүрлі орта- да қасқырдың тырнағы, тісі немесе бүркіттің тырнағы босағаны жын-періден сақтайды деген сенім қалыптасқан. Батыс өңірінде К. ж.-пен қоса дағдан деп аталатын ағашты қосып ілу қалыптасқан. Кейде дағдан ағашын төртбұрышты пішінде тұмарша тәрізді етіп жасап, бетіне жыртқыш аңның, бүркіттің суретін бедерлеп, баланың баскиімінің маңдайшасына немесе жас келіннің омырау- ына таман төмен түсіріп, мойнына тағады. Дағдан ағашы жас баланы көз-тілден, түрлі ауру-сырқаудан сақтаса, жас түскен келіннің көп құрсақ көтеруіне септігін тигізеді деп білген.

Кәрі жілік. Маңғышлақ ауданы, Сенек ауылы, 2008 ж.

Фотосуретті түсірген Д.Қатран

Босағаға Қ. ж.-пен қоса дағдан ағашының қоңырау пішінінде қырнап жасалған түрін іледі. Батыс өңірінде осы дәстүр қазіргі уақытқа дейін сақталған. Қ. ж.-ті сонымен қатар ердің алдыңғы қасына іліп, жылқы мен ер-тұрманды сақтаушы ретінде түсінген. Кейбір өңірде тіл-көз сұғынан сақтайды деп бота мойнына К. ж. тағады. Ал басқа түркі тектес буряттар мен түрікмендерде Қ. ж.-ті бөтен адамға берген. Бұларда да бұл сүйектің қорғау, сақтау қасиеті бар деген наным бар. Оларда Қ. ж. атауының мағынасы «бөтен», «жат» ұғымын білдіреді. Осы сүйектің «жана- ма сүйегінен» ісмерлер шұлық, мойынорағыш, қолғап т.б. тоқитын ілмек біз жасайды.

Кәрі жілікпен басқатырмақ ойнау – тізілген екі асықты К. ж.-тің келесі басына өткізіп ойнайтын балалар ойынының бір түрі (қ. Жаңылтпақ).

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен  атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу: