Күрес әдісінің негізгі ұғымдары

24 Маусым 2014, 05:14

Балуандардың күрес кезінде қолданатын әдіс-тәсілдерін атау ел арасында біркелкі емес екендігіне көзіміз жетті.

Балуандардың күрес кезінде қолданатын әдіс-тәсілдерін атау ел арасында біркелкі емес екендігіне көзіміз жетті. Солай бола тұра қазіргі кезге дейін қалыптасып, бірегей күрес терминіне айналған атауларды ортақ ету, бірізділікке түсіру міндетіміз. 

Әдіс – балуанның жеңу мақсатында күрес ережесіне сай қарсыласына қолданған әрекеті.

Күрес әдісін алдымен қолданған балуан – шабуылдаушы, ал күрес әдісі қолданылған балуан қорғанушы болып табылады.

Қорғану – балуанның шабуылшыға қарсы әрекеті.

Аралас әдіс – балуанның жеңіс немесе қорғаныс үшін орындаған бірнеше әдістерінің қосындысы.

Тұрып күресу – балуанның кілем үстінде аяғында тұрып күресуі.

Тәсіл – балуанның күрес әдістерін, дене-күш мүмкіншілігін жеңіске жету мақсатында әртүрлі жолдармен қолдана білу шеберлігі.

Ұстау – балуанның күрес кезінде ережеге сай қарсыласының денесінен немесе киімінен ұстауы.

Аттас ұстау – балуан қарсыласының оң қолын сол қолмен немесе сол қолын оң қолмен ұстауы.

Тікею – денені тік ұстау.

Оң жақты тұрып күресу – балуанның оң аяғын алға қойып, денесінің оң қырын алға беріп тұруы.

Сол жақта тұрып күресу – сол аяқты алға беріп, денесінің сол жақ қырын алға беріп тұруы.

Еңкею – кеудені алға еңкейтіп ұстау.

Шалқаю – денені артқа қарай шалқайтып ию.

Айналу – денені өз осінде оңға немесе солға бұру.

Итеру – қолмен немесе денемен қарсыласын артқа немесе жанға итеру.

Жұлқу – киімінен немесе денеден ұстау арқылы қарсыласын жұлқи тарту.

Тарту – қолмен немесе аяқпен қарсыласын алға немесе жанға тарту.

Бұру – қарсыласытың денесін оңға немесе солға қолмен бұру.

Жығу, құлату – шабуылшының әдіс қолдануы арқылы түрегеліп тұрған балуанды кілемге жығуы.

Барлау – күрес үстінде балуанның айла-тәсілдер қолдануы арқылы қарсыласы туралы білуі.

Қауіп төндіру – шабуылшының қарсыласына қолданған жалған әрекеттері.

Адымын айқастыру – түрегеліп тұрып жасалатын қимыл, алдына немесе жанына шығу мақсатымен аттас аяғын қарсыласының аяғының артына қоюы.

Аудару – қарсыласты кілемнен көтеріп немесе көтермей басы арқылы қаралуы.

Жанға аудару – балуанды денесінің қыры арқылы аударуы.

Отыра лақтыру – балуанның өз жамбасына отыруы арқылы жасайтын әдісі.

Қарсы аттау – түрегеліп тұрып жасалатын қимыл, балуан қарсыласының жанына немесе артына шығу мақсатымен әр аттас аяғын қарсыласының артына қоюы.

Арқадан асыра лақтыру әдісі – түрегеліп тұрып немесе отырып жасалатын әдіс. Шабуылшы қарсылас балуанға арқасымен бұрылуы арқылы орындалатын әдістер тобын айтады.

Шалу әдісі – түрегеліп тұрып немесе отырып жасалатын қимыл, балуан аяғын қарсыласының аяқтарының алдына, артына жанына кедергі ретінде қою арқылы әдіс орындауы.

Қағу әдісі – балуанның аяғымен қарсыласының аяғын тобығынан, алдынан, артынан, сыртынан, ішінен қағу арқылы жығуы.

Ілу әдісі – қарсыласының аяғын, шабуылдаушы балуан аяғының ұшы, өкшесі арқылы ілуін айтады.

Шалқайып кеуде арқылы лақтыру әдісі – түрегеліп тұрып немесе отырып жасалатын әдіс. Шабуылшының артқа шалқая қарсыласын кілемнен көтере кеудесі арқылы өзінен асыра лақтыруын айтады.

«Диірмен» әдісі – түрегеліп тұрып немесе отырып жасалатын әдіс. Балуан қарсыласын иығына қондыра кілемге көтеріп жығуы. Бұл әдіс түрі арқадан асыра жығу әдістері тобына кіреді.

Бөктеріп лақтыру – түрегеліп тұрып жасалатын әдіс. Балуан қарсыласын өз аяғының сырт жағына бөктере көтеріп лақтырады.

«Қырқа» шалу – балуан өз аяғының қылтасы арқылы қарсыласының аяғының арт жағынан шала жығуын айтады.  

Елемес Әлімханов, "Қазақтың балуандық өнері"

Бөлісу: