Көпшіліктің сот жұмыстарына көңілі толады

9 Шілде 2015, 11:08

Ұлт жоспары "100 нақты қадам" Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі, Қазақстан мемлекетін нығайтуға арналған жоспар.

Ұлт жоспары "100 нақты қадам" Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі, Қазақстан мемлекетін нығайтуға арналған жоспар.

"100 нақты қадамда" еліміздегі сот жүйесіне байланысты көтерілген мәселелр көп айтылған. Қазір халықтың сот жұмыстарына көңілі тола ма? Қандай кедергілер бар?!

Қазақстандағы сот жұмысына тұтынушылардың қанағаттану деңгейiн анықтауға бағытталған сауалнамаға 12 мыңнан астам респондент қатысып, олардың 71,3 пайызы сот органдарына дән риза екенін айтқан.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚР соттарының қызметіне қанағаттанушылық мәселесі бойынша әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі туралы есептің таныстырылымы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

«Заң үстемдiгiн қамтамасыз ету – БҰҰ ДБ жұмысындағы негiзгi бағыттардың бiрi. Осы орайда сот жүйесiнiң жұмысындағы сапалы өзгерiстердiң деңгейiн анықтау үшiн Қазақтанның барлық өңiрлерiндегi сот қызметiн пайдаланушыларға әлеуметтiк зерттеу жүргiзілген болатын. Сауалнамаға республикадағы 193 сот қамтылып, 12 мыңнан астам респондент қатысты», – деп атап өтті баспасөз мәслихатына қатысқан БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкiлiнiң орынбасары Мунхтуя Алтангерел.
Ал құқықтық саясатты зерттеуші Назгүл Ерғалиеваның айтуынша, аталған тәуелсiз әлеуметтiк сауалнамаға қатысқан респонденттердiң 71,3%-ы сот органдарына көңiлi толатынын айтқан.

«Ағымдағы жылдың ақпан-мамыр айларында жүргiзiлген сауалнама кезiнде бiз әділсот тиiмдiлiгi жөнiндегi Еуропалық комиссияның және Соттарды жетiлдiрудiң халықаралық консорциумының әдiстемелiк ұсыныстарын қолдандық. Жүргiзлген зерттеу нәтижесi бойынша, сауалнамаға қатысқандардың 71,3%-ы сот органдарына көңiлi толатындықтарын айтты. Талдау көрсеткендей, соттың тараптар ұсынған негiздер мен дәлелдерге толық көңiл бөлуi және судьяға сену секiлдi факторлар сауалнамаға қатысушылар қанағатының жалпы деңгейiне әсер еткен. Бұл факторлар сәйкесiнше 77,4% және 78,3%-ды құраған», - деп түсіндірді Н. Ерғалиева.

Бөлісу: