Көне Таразды тілге тиек ету дəстүрі

27 Тамыз 2014, 04:37

Көне Таразды тілге тиек ету дəстүрі

Əнвəридің сөз қолданысы асқан тапқырлық пен ақындық шеберлік өнерін таныта алғанын оның шығармалары айғақтайды. Оның жырларында сол заман дүниетанымын аңғартатын ғылыми терминдер айтарлықтай мол қолданылған. Шайыр қасида жəне ғазал жанрында айрықша дарынды екендігін де өз ортасына мойындата білген. Оған айғақ ретінде Əнвəридің өлең жинақтары бірнеше басылым көргендігін айтуға болады. Əнвəри де өз замандастарынан қалыспаған, көне Таразды тілге тиек ету дəстүрін жалғастырған ақындардың бірінен саналады. Бұл сөзімізге мына бəйіттер дəлел: Хотан сұлулары біздің жүрек пістесінен майлылау. Тараз сұлуларының қара шашынан біздің жан қара қоюлау. Ақын теңеулері махаббат майданына түскен ғашықтық сезім жолындағы бастан кешкен мұң-нала қайғысы Тараз сұлуларының мұң-наласынан да басымдау деген ұғымға меңзейді. Хотəн аруларының шашынан жүрегім менің қаралау, Тараз сұлуларын көргенде түнде көзіңнен де қаралау, – деп, ақын Тараз сұлуларының қара қасты, қолаң шашты, мойыл көздерін түн ортасы кезіндегі қою қараңғылықпен салыстыра суреттейді. Ал, Хотəн аруларының шашының қарасынан – менің жүрегімнің ғашық жар үшін тартқан мұңналасы басым түсіп жатса, не дерсің деген назын сездіреді. Əдиб ол Мəмалек – толық аты-жөні Əмір-ош-Шоəра (шайырлардың əмірі деген бүркеншік лақап атын білдіреді) Əдиб-ол-Мəмалек Мұхаммед Садық ибн (қажы мырза) Хұсейін Фараһани. Атақты Иран ақыны. 1860 жылы дүниеге келіп, 1917 жылы қайтыс болған. Əдиб – Иранның əйгілі əдебиетші, мемлекет хатшысы болған, проза мен поэзияның ұстазы мырза Иса Қаэммақамның (1777-1835 ж.) ұрпағынан еді. Мырза Иса кезінде шах Аббас мырза мен Мұхаммед шах Қажар сарайында министр болған. Кейінірек премьер-министрлікке дейін жоғарылап, Иран елінің өркендеуіне зор еңбек сіңірсе де, Қажы мырза ағасы сияқты қызғаншақ шенеуніктердің өсек- аяндарының құрбандығына шалынып, Тегеран қаласының Нигарстан бағында қастандықпен өлтірілген. Əдиб сондай қайраткер əдебиетші тегінен шыққандықтан бала шағынан парсы, араб, еуропа тілдері мен əдебиетіне ден қойған еді. 1898 жылдан бастап «əдəб», «мəжіліс», «Ирак əжəм» жəне «Аптап» атты басылымдарға басшылық етті. Шет елдерге жəне Иранның өз ішіне талай рет саяхатқа шықты. Ол қасида жəне қита сарынында аса шеберлік танытқан талант ретінде танылған еді. Оның өлеңдері, көбінесе, қоғамдық өмір мен саяси күреске арналып жазылды. Ол отаншылдық, саяси, қоғамдық тақырыптарды толғағанда мысал айтып, онысын хикаяларға негіздеп баяндауға бейім болды. Түрлі саяси-əлеуметтік сарындар мен реформалық көзқарастарда ерекше көзге шалынды. Осы тұрғыдан оны өткен ғасырдағы парсы əдебиетінің айтулы əрі тұңғыш ұстазы деуге болады.

 

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: