23 Қараша 2015, 10:55
Уақытқа байланысты түрлі атаулар бар. Күннің батуы, таңның атуы, сәске, шаңқай түс деген сияқты. Уақыт мәңгі тақырып болған соң, оның өлшемдері де әрдайым қажет. Этнографиялық атаулар, оның ішінде уақыт өлшемдеріне байланысты сөздерді бір сүзіп шығайық. Мәселен, күн аясындағы уақыт. Бір тәулікте 24 сағат бар. 24 сағаттың белгілі бір мөлемі күндіз, қалғаны түнгі уақыт боп бөлінеді. Бұл жалпылама атауы ғана, ал нақты әрбір уақыттың өз атаулары бар. Ол туралы не білеміз?
Таңның атуы мен күннің батуы аралығындағы жер беті жарық болып тұратын күндізгі уақытты Күннің аспан көгінде жүріп өткен жолына қарай белгілейді. Сондай-ақ, табиғат объектілері мен көшпелі ортаның тіршілік қамы элементтеріне (мысалы, киіз үй) сүйене отырып, көтерілген сәтінен бастап, батқанға дейінгі аралықтағы уақыт шамасын анықтауға мөлшерлеген. Мысалы, Күннің ұясынан жоғары өрлеуіне байланысты уақыт шамасын күн қазық (көген, құрық, сол сияқты, арқан) бойы көтерілді деген халықтық өлшеммен ажыратады. Көшпелі ортадағы күндізгі уақытты шамалаудың халықтық тәсілі жыл маусымына (яғни, күннің ұзақтығына) байланысты әрқалай болып келеді. Сонымен қатар, қазақ жерінің әртүрлі аймағындағы жер бедерінің (жазық, тау) ерекшелігіне қарай әр өлкеде күннің атуы мен батуының өзіндік ерекшелігі болады. Мысалы, таулы өңірге қарағанда жазық жерде күн кешірек батады, керісінше таң басқа өңірлерге қарағанда ертерек атады (Жер бедері). Күндізгі уақыт таң ату, төбеге келу, күн төбеден ауды, күн еңкейді немесе күн құлады, сондай-ақ, күн ұясына барды деген негізгі межелерге бөліп қарастырылады.
Сол сияқты, киіз үйдің шаңырағынан түскен күннің қозғалысына, табиғат объектілерінің көлеңкесінің ұзаруы немесе қысқаруына байланысты шамалап анықтайды. Дәстүрлі түсініктегі таң атқаннан күн батқанға дейін және күн батқаннан таң атқанға дейінгі уақытты қоса алғанда, яғни, бір күн және бір түн қазіргі метрологиялық жүйедегі тәулікке тең келеді (Таңның атысы, күннің батысы, Таң атқаннан кеш батқанға дейін).
Дәстүрлі діндердегі жеті күннен тұратын уақыт бірлігі түркі халықтарына діни және мәдени байланыстар арқылы енгендігі ғылыми зерттеулерде (мысалы, А.К. Самойлович және т.б.) айтылады. Қазіргі апта немесе жеті күн (кейбір өңірлерде жұма деп те аталады) атауларының дені парсы мен араб тілдерінен (жұма) енген атаулар бойынша, қалыптасқан (Жеті күн). Ертедегі дәстүрлі ұғымда оның баламасы алдыңғы күні, кеше, бүгін, ертең, бүрсігүні, арғы күн деген жүйемен аталған.
Әзірлеген: Досжан Мейірім