27 Ақпан 2015, 13:01
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2012 жылы Қазақстанда тұңғыш рет фотоэлектрлі модульдер өндіретін зауыт іске қосылды. Ондағы мақсат –қазақстандық кремнийді өндіру мен өңдеуден бастап, күн панельдерін құрастыруға дейінгі фотоэлектрлі модульдер өндірісінің тіке-интеграцияланған толық циклін құру. Тәулігіне 24 сағат дамылсыз жұмыс істейтін зауыт қуаттылығы 50 МВт болатын дайын фотоэлектрлі модульдер өндіреді. Ол туралы толығырақ ақпаратты зауыттың жеке сайтынан немесе мына суреттен көре аласыз.
Егер театр гардеробтан басталар болса, зауытқа экскурсиямыз қауіпсіздік қызметінің тексеруінен басталды.
Тәртіп өте қатал, өндіріс орнына кіру үшін, алдымен ресми хат жолданды. Бірақ зауыт басшылығы біздің сұрауымызды құп көріп, әріптестік жасауға ықылас танытты. Сонымен, зауытқа келген бойда бізді Айжан есімді қыз қарсылап алып, өнідісрістік бөлімге алып барды. Ол жерде бізді алдын ала келісілгендей осы зауыттың жөндеу жұмыстары бойынша инженері Рустам Османбеков күтіп тұрды.
Рустам Османбеков, жөндеу жұмыстары бойынша инженер:
- Зауыт тәулігіне 24 сағат, төрт ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымда 27 адам бар. Әрбір 2 сағат сайын 15 минуттық үзіліс болады. Қазір сол үзіліс басталып, біразы асханаға кетті. Менің қызметтік міндетім модульдің өзгерген-өзгермегенін тексеріп, өнімде техникалық ақаулардың болмауын қадағалау; өндіріс цехындағы мына көріп тұрған әрбір жабдықтың өзіндік техникалық талаптары болады, ай сайын уақыт кестесі бойынша соларды тексеруден өткізіп тұрамыз.
Алматы қаласындағы Энергетика және Байланыс институтын бітірген Рустам «неліктен осы зауытты таңдадың?» деген сауалға:
- Мен 2012 жылы зауыт ашылған кезден бастап осы жерде жұмыс істеп жатырмын. Өзіме ұнайды, таңдаған мамандығыма сай. "Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық" демекші, менің алғаш жұмысым осы жерден басталғандықтан ба, бұл зауыт мен үшін қымбат. Өзіңіз ойлаңызшы, күн панельдері табиғатқа еш зиянын тигізбей күн сәулелерін пайдалану арқылы электр энергиясын өнідіреді, - деп жауап берді.
Зауыт жұмысшылары белгілі бір мерзім аралығында арнайы біліктілік арттыру курстарынан өтіп тұрады.
Ауысым басшысының айтуынша, бұл жерде қыздарға арналған арнайы жұмыстар бар екен. Не себепті қыздарға арналған десек, қыз балалар әрбір кішігірім детальге аса мұқият қарайды екен және әрбір миллиметр санайтын бұл жұмыстар сабырлық пен нәзік қолдарды қажет етеді.
Дегенмен, қай салада болсын жұмыстың жеңілі жоқ. Дамылсыз еңбек етіп жатқан жастарды көргенде, Қазақстанның индустриялық дамуы осылардың арқасында жүзеге асып жатқанына көз жеткізесің.
Әңгімеміздің келесі кейіпкері Назым Сүлейман Мәскеудің техникалық ақпарат және байланыс университетін тәмамдаған соң, осы зауытқа жұмысқа орналасқан.
Назым Сүлейман, техник-технолог:
- Күн панельдері инновациялық технологияға жататын болғандықтан, біздің модульдеріміз Қазақстанның инновациялық дамуына өзінің үлесін қосып жатыр деп есептеймін. Біз соған атсалысуға әрдайым дайынбыз. Жастарға арналған әлеуметтік бағдарламалары үшін Елбасына алғысымды білдіргім келеді.
Жұмыстың қауырттығына қарамастан, біз келесі кейіпкеріміз Нұрлан Жапарқұловты әңгімеге тарттық. Жүзі жылы, ақжарқын жігіт бізге сұхбат беруге қуана келісті.
Нұрлан Жапарқұлов, техник-технолог:
- Мен бұл зауыттың құрылысы басталғаннан осы жердемін. Шынын айтайын, басында құрылысшы болып істедім, артынан мамандығым бойынша осы жерге техник-технолог болып орналастым. Бұл жер менің екінші жанұям деуге болады. Жұмыстан бос уақытымды отбасыммен өткізем, кейде мына зауыттың жанындағы осы жердің қызметкерлеріне арналған спортзалға барып футбол, волейбол ойнамын.
Зауытқа сапарымыздың соңында бізге күн панельдері орнатылған арнайы бас киімді сыйға тартты.
Материалды дайындаған - Қаламқас НҰРМАҚОВА
Сурет авторы - Солтан ЖЕКСЕНБЕКОВ