КӘМПЕСКЕ

20 Тамыз 2014, 05:41

«ағайындық-рулық» қатынасын маркстік-лениндік идео- логия тұрғысынан қайта қарап, таптық тұрғыдан бай мен кедей деп бөлуге кірісті.

КӘМПЕСКЕ – ХХ ғ.-дың 20-30 жылдарында «Кеңестік қызыл империяның» қазақ қоғамында «ірі, жартылай феодал-байлардың шаруашылығы мен мүлкін тәркілеу» мақсатында жүргізген саяси науқаны. К.-леу қазан төңкерісіне дейін «қаймағы бұзылмай келген» қазақ қоғамының басына түскен қасіретті кезең ретінде та- рихта қалды. ХХ ғ.-дың 20-жылдары қазақ даласына келген «қызыл өкіметтің» билігі мен саяси ұстанымы, қазақ халқының жүздеген жылдар бойы қалыптасқан «ағайындық-рулық» қатынасын маркстік-лениндік идео- логия тұрғысынан қайта қарап, таптық тұрғыдан бай мен кедей деп бөлуге кірісті.

Кәмпеске. Урманче. ҚР МОМ қорынан (КП 21507)

Жаңа өкіметтің билік басына келуімен оның жүргізген саясаты нәтижесінде ел арасынан «шаш ал десе, бас алатын», ар мен ұяттан безген, шолақбелсенділердің қатары көбейді (қ. Шолақбелсенді). Осыған орай, К.- леу науқанында байлардың қатарына қазақ хандары мен сұлтандарының тұқымдары, болыс, би, молда, ишандармен т.б. қоса, Алашордашылар да, азын-аулақ малы барлар да енгізілді. Әзірге анықталған тарихи деректер бойынша 1928 жылы жүргізілген К.-леу 696 қожалықтың (байдың) мал-мүлкін қамтыған, ал іс жүзінде одан да көп болған. К.-леу тек малмен ғана шектелмей, олардың тұрған киіз және жер үйлеріне, мал мен егін шаруашылығына қажетті құрал-саймандарына да жеткен.

Осы кезеңдегі К.-леудің ең сорақысы – ескінің көзі ретінде сақталып келген киім-кешектің небір асыл түрлерін

«қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің артта қалған, қараңғы кезеңдерін» көрсетеді деген желеумен аяусыз жой- дыруы. К.-леу әкені – баладан, әйелді – ерден, ерді – жерден айырды. К.-ге ұшырағандарды атадан балаға мұра болып келген атамекені мен ел-жұртынан айырып, басқа өлкелерге жер аударды. Бұған дейін бір рулы ел болып көшіп-қонып жүрген ағайынның арасындағы арақатынас үзіліп, бірқатары мал-жаны мен ұрпағының қамы үшін бас сауғалап, шекара асуға мәжбүр болды. К.-леу нәтижесінде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылық жойылып, көшпелі өмір сүрген халық күштеп отырықшыландырылды, одан әрі ұжымдастыру жүргізілді.

Әдеб.: Омарбеков Т. 20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті. Алматы: Санат, 1997; Әлімбай Нұрсан. Дәстүрлі киім-кешек этностың тіршілікқамы жүйесінің негізгі компоненттерінің бірі // Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі. Ғылыми каталог. Алматы: Өнер, 2009. 7-9 бб.; ҚР МОМ – материалдары- нан; ОМЭЭ – материалдарынан.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен  атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу: