Күміс көмей Тамара Асар жаңа форматта концерт берді

5 Қараша 2014, 03:51

Тамара Асар Астана қаласында есеп беру концертін өткізді.

Халық алдында жүретін адамның әр басқан қадамы сыналмай қоймайды. Жақсы болсын, жаман болсын бұл қоғамда қалыптасқан дәстүр. Осы дәстүрмен жуырда Астана қаласының төріндегі «Қазақстан» концерт залында шығармашылық кешін өткізген Тамара Асардың концерті туралы көрермен не деп жатыр?

Көрерменнің пікірін тыңдау үшін осы концертке біз де бардық. Күздің суығына қарамастан,  үш жарым мың адам сыйятын «Қазақстан» концерт залына жиналған халықтан бос орын көрінбеді.

Оның арасында ата-әжелер де, орта жастағы адамдар да, жастар да бар. Шамасы, Тамара ханымның әндерін жасы да, кәрісі де бірдей ұнататын болуы керек.

Кеш қонақтарының ішінде қоғам қайраткері, қазақтың марқасқа жазушысы Әбіш Кекілбайұлы, белгілі тележурналист Ринат Кертаев пен Айгүл Мукей де болды.

Концерт екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімінде күміс көмей Тамара Асар классикалық әндер орындады.

Барлық әндер ұлттық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен, жанды дауыста орындалды.

Кештің арнайы қонағы ретінде келген грузин елінің халық әртісі Тамара Гвердцители Тамара Асармен дуетте ән шырқады. 

Бірінші бөлімнен кейінгі он минуттық үзілісте, концертке келген көрерменнің пікірін сұрадық.

Ринат Кертаев, «Хабар» телеарнасы бағдарламалар дирекциясының Бас продюсері:

- Тамара Асардың бүгінгі шығармашылық кеші өте ерекше өтіп жатыр. Мұндай концерт қазақ халқы үшін керек деп ойлаймын. Тамара бұл кеште жұртшылық бұрыннан білетін жақсы әндерінен бөлек, бұған дейін ел естімеген жаңа әндерді көпшіліктің алдына шығарып жатыр. Тамараның бойындағы маған ұнайтын қасиет – ол еңбекқорлық және кез келген нәрсеге креативті, шығармашылық тұрғыдан қарай білу. Мәселен, Тамара бүгін ұлттық аспапатар ансамблінің сүйемелдеуімен француз, поляк тілдеріндегі әндерді ерекше мәнерде орындап шықты. Шынын айту керек, телевизияда жүрген соң талай концерттерді көріп, ұйымдастырып жатамыз, бірақ мұндай ерекше қолтаңбамен, ерекше форматта болады деп ойлаған жоқпыз. Бірінші бөлімнің өзінде көрермен үзбей шапалақ ұрып, қолдау жасап отырды. Менің білуімше, осы кешті ұйымдастыруға Тамара бір жылдай уақыт жұмсаған. Кешті ұйымдастыруға тек қазақстандық мамандар ғана емес, ресейлік мамандар да жұмылдырылған. Бүгінгі концерттің сапалы да қызықты болуына байланысты біз «Хабар» арнасының эфиріне түсіріп жатырмыз. Осы «Қазақстан» концерттік залына жиналған үш жарым мың көрермен ғана емес, құдай қаласа, «Тәуелсіздік күні» мерекесінде бүкіл Қазақстан халқы Тамараның осы есеп беру концертін, шығармашылық кешін тамашалайды деген ойдамыз.

Кенжегүл әже, көрермен:

-Тамара сондай талантты қыз. Даусы да, киім киісі де өте жарасымды. Өзіміз ұнатқан соң, жасымызға қарамай келіп отырмыз. Орындайтын әндері мағыналы, жүрекке жақын. Қазақ эстрадасында Тамара Асарды, Гүлмира Саринаны жақсы көріп тыңдаймын.

Әншінің туған жеріне деген махаббаты, ол орындаған әндерінен де байқалып тұр. «Мен Маңғыстаудың алдында қарызбын. Қай жақта жүрсем де, мені қол бұлғап Маңғыстауым шақырып тұрады», -дейді әнші. 

Өз кезегінде, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева кеш иесіне облыс әкімінің алғыс хатын табыстап, Тамара ханымның шығармашылығына разылығын білдірді.

Тыңдарманын үнемі жаңа әндерімен таңқалдырып жүретін Тамара Асар, осы жолы өз репертуарына көңілді әндер қосып, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Шығармашылық кештің соңында жиналған жұрт жаңа нұсқадағы "Қара жорға" әніне билеп, тарқасты.

Барлық суреттерді көру үшін мына сілтемемен жүріңіз.

Материалды әзірлеген - Қаламқас НҰРМАҚОВА,

суреттердің авторы - Солтан ЖЕКСЕНБЕКОВ.

Бөлісу: