Көлікте болатын иіс қаншалықты қауіпті?

31 Наурыз 2016, 09:12

Жаңа көліктің иісі сізді көрме залдарында еліктіруі мүмкін.

Жаңа көліктің иісі сізді көрме залдарында еліктіруі мүмкін. Себебі ол үшін химикаттардың сан алуан түрі қолданылады. Ал солардың кейбіреуі сіздің денсаулығыңызға едәуір зиянын тигізе алады.

Автомобиль құрылысында қолданылатын пластмасс, желілер, түрлі еріткіштер мен маталар көліктегі иісті құраушылар болып табылады. Осы элементтердің көбісінде органикалық ұшқыш қосылыстар бар. Мөлшері шектен тыс асып кеткен жағдайда, оның біреулері тіпті адам өліміне соқтыруы да мүмкін.

Джефф Гирхарт, Мичиган штатындағы экология Орталығының ғылыми жетекшісі:

"Көлік құралдарында 200-ге жуық химиялық қосылыстар бар. Автомобиль – улы токсиндерден тұратын химиялық коктейль іспеттес. Бұл қоспаларды ешкім қадағаламайды, сондықтан, өкінішке қарай, адамдар өз өміріне төніп тұрған қауіп туралы білмейді". Экологиялық орталық жылдар бойына автомобиль салондарындағы химиялық деңгейді тестілеп келеді. Мамандардың айтуынша, салыстырмалы түрде жағдай жақсарыпты, алайда әлі атқаратын жұмыс көп дейді.

«Көлігіңізді күн астында қалдырмай, көбірек желдетіп отырған абзал.»

Тіпті көлік бөлшектерінің құрамын оқығанның өзінде төбе шашыңыз тік тұрады. Олардың қатарында бензол, толуол, формальдегид және өзге де ауыр металдар бар. Денсаулыққа әсері туралы айтатын болсақ, бас аурудан бастап, аллергиялық реакцияға дейін апару мүмкін. Тіпті АҚШ қоршаған ортаны қорғау Агенттігінің деректері бойынша кейбір элементтер гормондардың, репродуктивті қызметтің бұзылуына және бүйрек пен орталық жүйке жүйесінің зақымдануына соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар, қатерлі ісіктің пайда болу қаупі бар дейді мамандар.

"Адамдар көліктің ішінде тәулігіне бір сағатан астам уақыт өткізеді. Токсинді химиялық элементтер кішкентай балаларға да, жануарларға да бірдей әсер етеді. Сол себепті, адамдардың көліктің ішінде ұзақ уақыт өткізуі біздерді үлкен үрейге түсіріп отыр."

Жаңа көліктер көп қауіп төндіреді. Сатып алған кезіңізден бастап алты ай ішінде көлігіңізді күн астында қалдырмай, көбірек желдетіп отырған абзал. Себебі бұл кезең, ең қауіпті болып есептеледі. Химиялық қоспалардың булары босап шығып, иістен улану мүмкіндігі артады.

Fiat /Chrysler, Ford, General Motors және Honda автошығарушылары өз көліктерінде желілер мен пластмассалардың зияны төмен түрлерін қолданатындығын жариялады. Сонымен қатар, олар бұл мәселені шешу үшін әрдайым жаңа жолдарды іздейтіндігін айтты.

Автошығарушылар кабинадағы ауаны желдету және сүзгіден өткізу (фильтрация) жүйесін едәуір ілгерілетті. Ford компаниясының айтуы бойынша, олар көлік құрылысында қолданылатын кейбір зиянды элементтерге қауіпсіз балама тауып алмастырып жатыр екен.

Бұл өзгерістер Еуропада қабылданған ережелерге байланысты енгізілді. Еуропалық одақтың REACH бағдарламасы (тіркеу, бағалау, химиялық затқа рұқсаттама беру немесе шектеу қою бағдарламасы) көлік құралдарында зияндық деңгейі төмен баламаларды қолдануға және адамдар мен қоршаған ортаны улы элементтерден қорғау үшін жасақталып шыққан болатын. Бұндай бағдарлама Қытай мен АҚШ елдерінде де жасақталуда.

Гирхарттың айтуынша: "Химилялық заттар шаң бар жерде болады. " Сол себепті көлік сатып алар алдында көлікке тест-драйв өткізгеніңіз дұрыс болады. Егер тұла бойыңызда ешқандай реакция байқамасаңыз, көлікті ала беруіңізге болады.


Айсауле НҰРЛЫБЕК

Дереккөз: bbc.com

 

Бөлісу: