14 қыркүйекте Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапармен келіп, екі ел арасындағы экономикалық мәселелер туралы келіссөздер жүргізетін болады. ҚСЗИ Халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевтың пікірінше, Қытай мен Қазақстан арасындағы көлік логистикалық жобаларды іске асыру Қытайдың стратегиялық басымдықтарының бірі, деп хабарлайды El.kz.
«Қазіргі таңда көптеген елде экономикалық және сауда байланысын кеңейту мәселесі туындап отыр. Осы орайда, Қытай Қазақстанды өзінің тату көршісі, серіктесі және Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықтың тірегі ретінде қарастырады. Осыған байланысты екі ел экономикалық саладағы қарым қатынастарды одан әрі дамыту керек деп шешті», - деді Айдар Құрмашев.
Қытайдың геоэкономикалық жағдайының өзгеруі әлемнің көптеген елдерінің экономикасына елеулі әсер етіп жатқанын да атап өтті.
«Қазақстан үшін әлемдік технологиялық және инновациялық даму көшбасшысымен нәтижелі қарым-қатынас жасау өте маңызды. Өзінің қойған экономикалық дамуы бойынша мақсаттарына жетуге мүмкіндік береді. Екі ел арасындағы келіссөздер бойынша мемлекет басшыларының арасында нобайлы сипаттағы келісімдерге қол қойылады. Яғни, болашақта белгілі бір минстрлік және мекеме арасында нақты жұмыс атқарылуы үшін келісімдер қажет. Осындай жұмыстардан соң экономикалық және сауда, мәдени және гуманитарлық салада белгілі бір жетістіктерге жетуге мүмкіндік болады», - деді сарапшы.