Көкшетаулық қарттар Достық үйінде Интернет пен компьютерлік сауаттылық негіздерін меңгеруде

18 Ақпан 2019, 12:31 2766

Көкшетау қаласының Достық үйінде  белсенді өмір сүру Орталығының ашылу рәсімі өтті.  

Осы мәндегі орталықтар Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Нұр Отан» партиясының бірлескен іс-шаралар жоспары және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде ашылуда.

Орталықта бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар басталды. Егде жастағы адамдар үшін қазақ тілін үйрену, «Салауатты өмір салты» клубтары, сонымен қатар психолог, заңгер және медиатор кабинеті мен IT-сыныбы ашылды.

Жұмыстың бірінші күні аса жемісті болды. Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова «Қазақша сөйлесейік» клубында қазақ халқының ұлттық салттарын көрсетті. Қонақжай Зере Еспайқызы қазақ тілін үйренудің маңыздылығы туралы сөз етіп, барлық қонақтарға қымыз бен бауырсақтан дәм татуды ұсынды. 

Психолог, заңгер және медиатор кабинеті де бос қалған жоқ. Құрметті судья М. Ғибадилов барлық тілек білдірушілерге кеңес берді. Әсіресе, ақпараттық технологиялар сыныбы қонақтарды ерекше қызықтырды, онда барлық ниет білдірушілер Интернетті пайдалану дағдыларына үйреніп, компьютерлік сауаттылық негіздерін меңгере алады.

«Салауатты өмір салты» клубында нұсқаушы басшылығымен егде жастағы жандар емдеу-сауықтыру гимнастикасымен айналысты.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының келушілерін әр түрлі сала мамандары – бағдарламашылар, психологтар, спортшылар, заңгерлер оқытады. Жасына қарамастан, өмірге қызығушылық танытқан қарт адамдар Орталықта өз белсенділігін жүзеге асырып, жаңа білім ала алады, күтпеген бағыттар бойынша жеке дами алады.

Бөлісу: