Көкшетаудың тарихи-өлкетану мұражайы: Корей ұлтына арналған этнографиялық сағат

11 Желтоқсан 2018, 04:40 3666

ҚР Тәуелсіздік күніне орай Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен этнографиялық сағатқа студент жастар, мектеп оқушылары, Көкшетау қаласының шығармашыл зиялы қауымы, облыстың этномәдени орталықтарының өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара басында музей қызметкері Светлана Юдина заманауи Қазақстанның тарихы залының «Елбасы және Тәуелсіздік» атты жаңа экспозициясымен таныстырды. Мемлекеттің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғалық қалыптасуын, оның қарапайым жұмысшыдан саяси қайраткер, әлемдік қауымдастық мойындаған Ұлт көшбасшысына айналуын айқындайтын мұрағаттық құжаттар көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.

«Чинсон» корей мәдени орталығы» ҚБ төрайымы Людмила Лим іс-шараға жиналған қауымды корей мәдениеті әлемінің беймәлім беттерімен және тарихымен таныстырды.

Людмила Константиновнаның айтуынша, Қазақстанда 100 мыңнан астам корей ұлтының азаматы тұрады, оның 1421-і – Ақмола облысында.

 «Чинсон» сөзі корей тілінен ізгі ниет, шынайы бағыт деген мағынаны білдіреді. «Чинсон» орталығының белсенді-бастамашылар тобы корей мәдениетін дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізуде және ол үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.

«Көкшетау қаласының Достық үйінде біздің өз кабинетіміз ғана емес, сонымен қатар корей тілін меңгеруге мүмкіндік беретін сынып та жұмыс жасайды. Бұл жердегі сабақтарға арасында басқа ұлт өкілдері де бар 70-тен аса мектеп оқушысы қатысады. Оқушыларға тек қана корей мәдениеті емес, тарихы, асханасы ұнайды, әрі олардың басым көпшілігі Оңтүстік Корея еліне оқуға баруды армандайды. Балалар Достық үйінде халықтық би өнерімен айналысады, заманауи «крор» стилінде де билейді, одан бөлек «Самульнори» дәстүрлі барабандарда ойнау бойынша да сабақтар басталды», - дейді Л. Лим.

Бұл күні іс-шара ұйымдастырушылары – облыстық тарихи-өлкетану музейінің өкілдері интерактивті саяхат жасау арқылы ақмола өңірінің корейлік азаматтары туралы слайд-ақпарат көрсетіп, білім беру мекемелерінің оқушыларымен квест-ойын өткізді.

Бөлісу: