Көкшетауда «Қазақстан халықтары ертегілерінің» тұсаукесері өтті

6 Желтоқсан 2018, 10:24 2454

 «Полимәдени кеңістік: Қазақстан халықтарының фольклорын зерттеу» атты тақырыпта Көкшетау қаласының Достық үйінде дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басып шығарылған балаларға арналған «Қазақстан халықтарының ертегілері» кітабының тұсаукесері өтті.

Ш. Уәлиханов атындағы КМУ-нің ағылшын тілі және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Динара Рыспаеваның айтуынша, мемлекетіміздің барлық түкпірінде жүріп жатқан көпұлтты Қазақстан халқының мәдени жаңғыру ісінде фольклор мұраларын аудару, зерттеу және баспадан шығару – өзекті мәселе. Жоба жетекшісі есебінде Динара Сәрсембайқызы ағылшын тіліндегі қысқа мәтіндер кіші және орта жастағы (8 ден 12 жасқа дейін) балаларға үш тілділік жағдайында ағылшын тіліндегі лексика және грамматиканы жеңіл меңгеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жобаның идеялық бастамашысы – Ш. Уәлиханов атындағы КМУ-нің ағылшын тілі және оқыту әдістемесінің доценті Наталья Немченко өзінің «Қазақстан халықтарының ертегілерін аудару бойынша жобалық жұмыстар» атты баяндамасында кітапқа 12 этностың 24 ертегісі аударылып енгізілгенін, ЖОО-ның студенттері мен оқытушылары ертегілерді аудару барысында балаларға өз туған тілдері мен шетел тілінде де оқуға жеңіл болу үшін барынша сапалы әрі ықшамды етіп аударуға тырысқанын алға тартты.

 «Қазақ, орыс, татар, украин, поляк, ингуш, неміс, молдован ұлттарының ертегілерін, фальклорлық материалдарын жинау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Кітаптағы мәтіндерге суреттер қазіргі заманғы технологияларды пайдалану арқылы орындалды. Әрбір сурет мәтінде берілген белгілі бір этнос өкілдерінің тұрмысы, ұлттық киімдерін бейнелеу арқылы ертегілердегі қаһармандардың мінездерін толық аша түседі. Суреттер күрделі емес және балалардың қабылдауына ыңғайлы етіп жасалған», - деп атап өтті Наталья Федоровна.

Дөңгелек үстелге қатысушылар балалар әдебиетінің, оның ішінде ертегілердің, балалардың рухани мәдениетіне, шығармашыл тұлға ретінде дамып қалыптасуына әсер етеді, ал халықтық фольклор ұлттық код таңбаланған халықтың тұрмыстық ерекшелігі, географиялық, табиғи, этникалық жағдайлары мен ұлттық мінез-құлық бейнеленген құнды мұра болып саналады деген ортақ пікірге келді. 

Бөлісу: