Көк туды желбіреткен ұйғырлар

29 Қыркүйек 2014, 07:10

Көк туды желбіреткен ұйғырлар

«Елім деп соққан жүрегім...»

Қазақ спортының дамуына әртүрлі ұлт өкілдер арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтың нығаюы айтарлықтай үлес қосты. Сондай ұлт өкілдерінің бірі – ұйғырлар. Қазақстанда тұратын ұйғырлар арасында спортпен шұғылданып, халықаралық жарыстарда жетістікке жетіп жүрген спортшылар жетерлік. Олар кімдер? Осы сұраққа жауап табу үшін қалың тарихты парақтай отырып, ұлан-байтақ жерімізде спорттың дамуына үлес қосып келе жатқан ұйғыр бауырларымыздың тізімін құрастырып отырмыз.
Махмұт Бедалжанұлы Омаров (1924-1961) – КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, екі олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері (Мельбурн, 1956, Рим, 1960 ж.), медицина ғылымдарының кандидаты, полковник. 1924 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Мектепті үздік бітірген Махмұт Алматы медициналық институтының жұмысшы факультетіне түседі. Ұлы Отан соғысының басында, 1941 жылы оны С.Киров атындағы Әскери-медициналық академияға оқуға жібереді. 1943 жылдың жазында әуе-десант әскерінде болады. Ол алғаш рет жау тылына Курск қаласының үстінен секіреді. Бір қолына медициналық сөмке, бір қолына автомат ұстаған Махмұт арнайы әскери құрамда болып жау тылында арнайы операцияларға қатысады. Аға лейтенант Махмұт жеңіс күнін Германияда қарсы алады. Соғыс аяқталған соң 1945 жылы С.Киров атындағы Әскери-медициналық академиясын жалғастырады. 1953 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1953 жылдан бастап Омаров Кеңес Армиясы құрамасы мен пистолеттен оқ атудан КСРО ұлттық құрамасында болады. 1954 жылы құрамада командалық жарыста бірінші орынмен бірге Лион кубогін иеленеді. 1955 жылы Еуропа чемпионы атанады (Бухарест). 1956-1961 жылдары КСРО-ның алты дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, әлем чемпионы, Мельбурн (1956) мен Рим (1960) қалаларында өткен олимпиадалардың күміс жүлдегері, сонымен қатар Махмұт – командалық жарыс бойынша Еуропаның бес дүркін чемпионы, әлемнің үш дүркін чемпионы. Махмұт өте білімді адам болған. Орыс, ұйғыр тілдерінен басқа, неміс, латын тілдерін меңгерген. 1961 жылы 37 жасында Ленинград қаласында жүрек талмасынан көз жұмады.
Абдрашит Хакімұлы Абдрахманов – спорт шебері, бокс пен ушу-саньдадан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі. 1946 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Дене шынықтыру институтын бітірген. Жастар арасындағы КСРО біріншілігінің жеңімпазы, Қазақстанның 11 дүркін, КСРО-ның екі дүркін чемпионы, КСРО кубогінің жеңімпазы, Достық армиясының (Динамо) 4 дүркін чемпионы, Еуропа, Африка, Америкада өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Абдрашит тек спорт адамы ғана емес, сонымен қатар талантты актер. 1969 жылы Лас-Вегас қаласында өткен «КСРО-АҚШ» арасындағы бокстан матчтық кездесуде КСРО құрамасында болады. Ұшақта қазақтың белгілі кинорежиссері Шәкен Аймановпен танысып, киноға түсуге шақырылады. Бірінші рет автобиографиялық «Белый квадрат» (1970) фильмінде басты рөлде боксшы болып ойнайды. Уақыт өте келе кино оның өмірінің бір бөлшегіне айналды. «Тройной прыжок» фильмінде капитан Кадиров, «Пантеры», «Бейбарыс сұлтан» фильмінде әмір, «Отырардың күйреуі» фильмі, «Клещ» фильмінде миллионер рольдерінде ойнайды. 1990-1996 жылдары «Мосфильм» киностудиясында 5 сериядан тұратын «Ермек» атты тарихи фильмінде адал, мылқау оққағардың рөлін тамаша ойнап шығады. Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» повесінің жесімен түсірілген «Боранды бекет» фильмі үшін Люксембургте Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері атанады. Фильмде басты рөл – Едігені сомдайды. Абдрашит 15-тен аса фильмге түседі.
Махмуд Ескендиров – ҚР гимнастика федерациясының вице-президенті, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы. 1947 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1970 жылы Қазақ Мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітіреді. Спорттық гимнастикадан 15 жылдық жұмыс өтілі бар. КСРО дене шынықтыру мен спортына еңбегі сіңген қызметкер. 1997 жылдан мамандандырылған мектеп директоры. Спорттық, көркем гимнастика мен аэробикадан мыңнан аса спортшылар мен гимнасттарды дайындаған. Гимнастика халықаралық федерациясы конгресіне қатысқан (FIG). Қазақстан Ұлттық Олимпиялық комитет мүшесі.
Туйгун Насыров – трамплиннен шаңғымен секіруден спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушы. 1948 жылы Токкузтарада (Құлжа) дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы, спорттың қысқы түрі бойынша Бүкілодақтық Универсиаданың жеңімпазы (1972), КСРО Қарушы Күштерінің 5 дүркін чемпионы, КСРО халықтары спартакиадаларының жетеуіне қатысқан. ҚР Армия орталық спорт клубы мен трамплиннен шаңғымен секіру бойынша құраманы шамамен 20 жылдай жаттықтырады (1975-1994). КСРО халықтары спартакиадаларының 1978 жылы қола жүлдегері, 1982 жылы күміс жүлдегері, ал 1990 жылы чемпионы атанады. «КСРО чемпионы жаттықтырушы» медалімен үш рет марапатталған. Германияда Еуропа кубогі үшін жарыста Еуропа кубогі этабының жеңімпазын дайындағаны үшін «75 JAHRE SKI – CLUB SCHONWALD» (1982) мерейтойлық медалімен марапатталған.
Хамит Аубакирұлы Бараев – бокстан КСРО спорт шебері. Халықаралық AIBA категориясының төрешісі (1998), ҚР спорт және туризм Академиясының профессоры, бокс кафедрасының меңгерушісі. 1952 жылы Құлжа қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын Қазақ Мемлекеттік дене шынықтыру институтынан бастайды (1977). «Буревестник» ЕСҚ бас бапкері (1978-1984). №5 мектеп-интернатында бокстан спорттық секцияның негізін қалайды (1984-1988). 1988 жылдан РДЮЖСШМ-нің бас бапкері болып жұмыс істейді. Қазақстанның жоғары білікті спортшыларын дайындаудағы көп жылдық еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын иеленеді (1991). Үрімші қаласындағы СУАР спорт қауымдастығының шақыртуымен боксшыларды халықаралық жарыстарға дайындауға көмектеседі. (1993-1994). Иран ислам республикасының бокстан құрама командасының бас жаттықтырушысы (2003-2004), Қазақстанның Мексика, АҚШ-тағы спорт делегациясының жетекшісі, Польша, Үндістан, Қытай, Түркия, Пәкістан елдерінде өткен халықаралық турнирлердің төрешісі.
Рахимжан Нурахунұлы Садыков – бокстан КСРО спорт шебері. 1960 жылы Алматы облысы Өтенай ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ спорт және туризм Академиясын бітіреді. Қазақ КСР-інің бірнеше дүркін чемпионы, КСРО біріншілігінің жеңімпазы, Динамо ОК чемпионы (1977-1978), Әскери-теңіз күштері чемпионы (1980), Бүкілодақтық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы. ҚР жоғары категориялы жаттықтырушысы. Қазақстан чемпиондарын, әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегерлерін (2002-2003) жаттықтырған, шәкірттері Ресей, Эстония, Латвия, Украина, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдерде өткен халықаралық түрлі турнирлердің жеңімпаздары. 2004 жылы Грекиядағы олимпия ойындарына қатысқан Бақтияр Артаевты жаттықтыруға қатысқан.
Рахимжан Абдулвахапұлы Азнабакиев (1955-2001) – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Алматыда дүниеге келген. 1975 жылы Өнеркәсіп техникумын, 1989 жылы Алматы Мемлекеттік дене шынықтыру мен спорт институтын шөпте ойнайтын хоккейдан жаттықтырушы-мұғалім мамандығы бойынша бітіреді. Республикалық жоғары спорттық шеберлік мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді (1979-1993). Рахимжанның шәкірттері Қазақстан командасының әйелдер құрамасын толықтырып, Кеңес Одағының жоғары лигасында ойнайды. Қазақстан командасы КСРО біріншілігінде, КСРО халықтарының спартакиадалары мен халықаралық спорттық турнирлерде жүлделі орындарға ие болады.
Аят Мамтиминұлы Иляхунов – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Free sparing» федерациясының президенті. 1957 жылы Алматыда дүниеге келген. Қол күрестен жаттықтырушы, нұсқаушы болып жұмыс істейді. Алматы, Бішкек қалаларында «Жас десантшы» клубын ашады. 1986 жылы Ушу федерациясының президенті. Осы жылы ушу-саньда бойынша КСРО-да бірінші чемпионат, Қазақстанда бірінші халықаралық турнир өткізеді. Осы кезеңде 50 спортшы Азия, Еуропа, әлем чемпиондары атанады. 1998 жылы кәсіпқойлар арасында «Free sparing» федерациясы ашылады, Аят Иляхунов президенті болып сайланады.
Гафур Саматұлы Тохтиев – каратэ, V-дан бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1967 жылы Талдықорған қаласы Алтынемел ауылында дүниеге келген. Алматы қаласында жоғары білім алады. Каратэден ҚР алты дүркін чемпионы, ЦСКА-ның КСРО чемпионы (Мәскеу, 1990 ж.). Түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы, АҚШ-тағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (Нью-Йорк, 1994ж.). Каратэ-кикбоксинг, ушу-саньда, қол күрестен ҚР 40-тан аса чемпионын дайындаған: 6 әлем чемпионы, 1 Азия чемпионы, әлемнің 2 күміс, 1 қола жүлдегерлері.
Параджан Тохтасунұлы Тохтахунов – ушу-саньдадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1967 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданында Сұңқар ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын, 2004 жылы Құқық және экономика Академиясын бітіреді. Ушу-саньда және кик-боксингтан Қазақстан мен Қырғызстанның бірнеше дүркін чемпионы, «Елюхан» кәсіби спорт клубы кубогінің халықаралық турнир чемпионы (1996-1997), тай бокс бойынша әлем чемпионатының қола жүлдегері (Бангкок – Тайланд, 1994), матчтық кездесудің жеңімпазы (АҚШ – Қазақстан, 1998), ушу-саньдадан кәсібилер арасында Орталық Азия чемпионы (1996), Киев қаласында өткен студенттер арасындағы бокстан КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (1991).
Абдрашит Латибұлы Исламов – қазіргі бессайыс спорты бойынша ҚР ұлттық құрамасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 1967 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Орталық Азия университетін педагог-психолог мамандығы бойынша бітірген. Қазақстан Респубикасы мен КСРО-ның спорт шебері. Олимпия чемпионы А.В.Парыгиннің (Атланта, 1996), ерлер құрама командасының (қола, Азия чемпионаты, Токио), әйелдер құрама командасының (қола, Пусандағы Азия чемпионаты, 2002) жаттықтырушысы.
Мунлукжан Максимұлы Жалилов – ушу-саньдадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кик-боксингтен спорт шебері. 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Осында жоғары білім алады. Free sparing» федерациясында жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ушу-саньдадан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Спаррингтен Қазақстан мен АҚШ арасында өткен матчтық кездесудің жеңімпазы. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Италия), Азия чемпионы (Вьетнам), ушу-саньдадан кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы.
Алик Максимұлы Жалилов – ушу-саньда, кик-боксинг, тай боксы, қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1976 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылында дүниеге келген. Қол күрестен әлем чемпионы (Алматы, 2001), тай боксынан әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Тайланд, 1997), кикбоксингтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Грекия, 2004), ушу-саньдадан Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Филиппин, 1996), ушу-саньдадан чемпионаттың күміс жүлдегері (Вьетнам, 2000), абсолюттік салмақ дәрежесінде фул-контакт каратэден бірінші халықаралық турнир жеңімпазы (Алматы, 2000), кәсіпқойлар арасында қол күрестен халықаралық турнирдің жеңімпазы (Қарағанды, 1999), ушу-саньдадан «Елюхан» кәсіби спорт клубы сыйлығының ІІІ халықаралық турнирі чемпионы (Алматы, 1996).
Шатлыкжан Туйгунұлы Хамраев – ушу-саньда, кик-боксинг, қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1977 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік спорт және туризм Академиясын бітірген. Қол күрестен Қазақстан чемпионы, муайтайдан «ҚР Президенті Кубогі» халықаралық турнирінің жеңімпазы (2002), кикбоксингтен әлем чемпионы (Грекия, Родос аралы), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2003), әлем чемпионы (2004).
Махомеджан Жолбасұлы Курбанов – ушу-саньда, кик-боксинтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1977 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Қырғызстан қауіпсіздік қызметінің қызметкері. Кикбоксинг, таэквандо, ушу-саньдадан Қырғызстан чемпионы, кикбоксинг, тай-бокс, ушу-саньда, қол күрестен халықаралық турнирлер чемпионы. Қол күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері (2001), Тай-бокстан әлем чемпионатының қол жүлдегері (2003), кикбоксингтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Тай-бокстан әлем чемпионы (2004).
Гульзара Шахиқызы Азизова – кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ спорт және туризм Академиясын бітірген. Қазақстан біріншілігінің жүлдегері, бірнеше дүркін чемпионы, кикбоксингтен әлем чемпионы (Грекия), тай-бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Грекия), 1997 жылы Бішкекте өткен Азия Кубогінің қола жүлдегері. Қазір Алматы қаласы Шаңырақ ықшам ауданындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді.
Мұхтар Мухамединұлы Рузыбаев – бокстан спорт шебері. 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық техникалық университетін бітірген. Бокспен 1997 жылдан бастан айналысады. «Спорт шебері» атағын 16 жасында алған. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев атындағы сыйлықтың халықаралық турнир жеңімпазы (2001, 2002), ҚР біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы, Демьяненко атындағы сыйлықтың халықаралық турнирінің бірнеше дүркін чемпионы (1998-2001), Әзірбайжанда (2002), Украинада (2003), Эстонияда (2004) өткен халықаралық турнир жеңімпазы, 2002 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатының жүлдегері, 2003 жылы Румынияда өткен әлем чемпионатының жүлдегері.

Бөлісу: