Көңіл күнделігінен

14 Шілде 2015, 10:10

Отанын сүйетін жастар үшін танымы мол тұлғаның өнегелі өмірін үлгі ету мақсатында осы мақаладан үзінді жариялауды жөн санадық.

Қоғам қайраткері, шығыстанушы, профессор Лениншіл Рүстемовтың бұл мақаласы түпнұсқасында «Иран иірімдері немесе көзбен көріп, жүрекпен сезінген көңіл күнделігінен» деп аталады. Отанын сүйетін жастар үшін танымы мол тұлғаның өнегелі өмірін үлгі ету мақсатында осы мақаладан үзінді жариялауды жөн санадық.

...Мен 50 жылдары Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінің иран-ауған филологиясы бөлімін бітірген тұңғыш қазақ едім. 40 жылға жуық мерзім ішінде өз мамандығым бойынша туған елімде жұмыс таба алмай келдім. Әдетте, біздің факультетті бітіргендерді мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне, шекара әскери қызметіне, радио-комитеттік шет ел хабарлар бөліміне, ғылыми-зерттеу институттарына, тағы басқа жұмысқа жіберетін-ді. Маған, халық жауының ұлына, қолдан жасалған кедергілерді қайтерсің. Әйтеуір, ондай қызметті құдай менің пешенеме жазбапты. Сол жылы Қазақ ССР Ғылым академиясынан шығыстанушы жас мамандарды жіберуді сұраған өтініш қағаз келді.

Киерге киім, тамаққа ақшам болмаса да, қуанышым қойныма сыймай үйтіп-бүйтіп, әйтеуір, астанамыз Алматыға жеттім-ау. Өкінішке қарай, кеше ғана құшағын жая бірге туған бауырындай қарсы алып, аспирантураға бармай-ақ қой, жай ғылыми қызметкер болып жүріп-ақ ғылыммен шұғылдануға болатыны туралы ақыл айтқан Тіл және әдебиет институтының директоры Ахмеди Ысқақов менің өмірбаяныммен танысып болған күннің ертеңіне, жанында түрі суық екі адамы бар, салқын пейілмен:

-  Қарағым, сен Зиябектің баласы ма едің? – демесі бар ма.

-  Иә.

-  Кеше асығыстау уәде берген екенмін, аспирантурада да, инситутта да орын жоқ.

-  Алматыда туыс түгіл, танысым да жоқ, түнеп жүрген жерім темір жолдың вокзалы немесе түн жамылып жатар жерім парктің іші. Мамандығым парсы мен пушту тілі еді. Енді не істеймін – деп жыламсырап, сасқанымда Ахаң жерге қарап, аузына құм құйылғандай күмілжіп, ештеңе де айта алмады. Іске ілінбей, оқуға түсе алмай, дипломымды құшақтап қаңғырып қалғаным – марқұм Ахаңның еркі емес, үш әріптің тәртібі екенін талай жыл өтіп, ол кісімен жақындасып, ғылыми еңбектерінен нәр алғаннан кейін барып білдім.

Ал, ол кезде кең дүние тар, шілденің жарқыраған жарық күні қара түнек көрінді. Жасым, 20-да, қалтамның түпкірінде алтыннан артық көретін, өзімнен аяп жүрген бес-ақ сом ақша. Қалай күн көру керек. Зырылдап отырып Республикалық әскери комиссариатқа бардым. Ол қазіргі Үкімет үйінің маңында болатын. «Сары орсытың бәрі бастық» дегендей, сонда жүргендердің бәрі маған бастық көрінді. Сұрай-сұрай келе біреуіне кіріп:

-  Мен запастағы офицер, әскери тілмаш едім, мені әскерге алсаңыз, күн көруім керек, тіпті қатардағы жауынгер болуға дайынмын – десем де, ол:

-  О не дегеніңіз, біз әскерге алмақ түгіл миллионнан астам жауынгерлер мен офицерлерді қысқартып, қайтарып жатырмыз, - деп қу шөппен аузын сүртіп, кері есікті нұсқады.

Аты ел аузында аңызға айналған, өзін құдайдай тұтып, аруағына сыйынып жүрген айналайын әкемнің есімі өз тағдырымды шабуға жұмсалатын шалғы болар деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген, оның үстіне «әкесі үшін баласы жауап бермейді» деп құлағымызға құйдырғандары тағы бар. Төрт жасымда жалғыз қалып, жетімдіктің тауқыметін көп тартып, өмір үшін алысып, "мойным ырғайдай, битім торғайдай" болып, қанша ішсең де қарның тоймайтын жұғымы жоқ атала, жатсаң-тұрсаң ойдан кетпейтін бір үзім нан үшін телмірген жылдар тізбегі көз алдымнан керуен тартып өтіп жатты.

Отыз бес жастағы әкемді 1937 жылы ұстап әкеткен күннің ертеңінде отыздағы сауатсыз анамды пәтерінен қуып, ұлы мен қызын тартып алып, көз жазым болғаны, кенже ұлы менімен панасыз қалғаны еміс-еміс болса да есімде. Жұрттың айтуынша, отағасынан, тірідей екі баласынан айрылған қайран шешем бас сауғалап барған төркін жұртында құса, шерден басын көтермей, жарық дүниенің жылуын тәрк етіп, қырық күннен кейін дүние салыпты.

Арада он жылдай уақыт өткеннен кейін барып Ұлы Отан соғысын кешіп өткен ағаммен, одан аздау бұрын кенші боп істеп жүрген апаммен дидарластық. Түріміз бір болса да, тіліміз бөтен боп шыға келдік: «Халық жауларының» перзенттеріне арналған балалар үйінде тәрбиеленген олар қазақша білмейді, мен – орысша.

Әкем жарықтық айдаудан 44-жылы оралды. Колымада болыпты. Қос қолының алты саусағы ашылмайтын, жазылмайтын, тергеу кезінде ұрып, сындырыпты, шашы қудай. Алғашқы рет кездескенімде 42-жастағы кісі көзіме қаусаған қарт сияқты көрінді. Ауылдағы жеті жылдық мектепте мұғалім болып орналасқан еді, айналдырған бір айдың ішінде жұмыстан босап қалды. Аудан бойынша жоғары білімді екі кісінің бірі болса да, жасөспірімдерді оқытып-тәрбиелеуді «халық жауына» тапсыру «мұрттың» (Сталинді әкем солай атайтын) тірі кезінде көңілге қонбайтын, саясатқа сай келмейтін. Екі жеңін сыбанып, тікелей араласып, көсегесін көгертемін деп өмірін қиған «жаңа заман», әкемнің өзіне көкесін көрсетіп, көк шыбын үймелетті, қорлады, зардабын тартқызды. Содан ол маған көп ұзамай «сенің атың бұдан былай Лениншіл емес, Абылай» деді...

Қазақ қазақ болғалы не көрмеді? Ресей империясының қарамағына ілінгелі бері зорлық пен қорлықтың астында келді. Орталық есіктен кіріп, төр менікі деп, ойына келгенін істеді. Ал, соңғы жүз жылда тіліміз бен дінімізден мүлдем айрылуға сәл-ақ қалды. «Компартияның басшылығымен, ұлы орыс халқының әкелік қамқорлығы арқасында» өсіп-өнген, гүлденген ел болайық дегенге «соқыр тауыққа бәрі бидай» секілді имандай сендік. Есігіміз ашылып, басқа елдермен қарым-қатынас жиілеп, олардың өмірін көзімізбен көргеннен кейін – мұның бәрі ертегі-аңыз сияқты шындыққа жанаспайтын шылғи өтірік екені шыға келді.


Дәрия Жұмалиева

Бөлісу: