Көгіс және Тегіс туралы баян

6 Қыркүйек 2014, 12:22

Көгіс және Тегіс туралы баян

Бегістейің еріңнің жасы отызға келеді. Әйел таңдап алмайды, «Ал» десе де болмайды. Бір күні атасы ренжіп: 

- Балам едің, сен, - деді. – Асырадым әлпештеп, «Қарғам адам болар» деп. Сен бір адам болмадың, «Ал десем әйел», алмадың. Атаң келді жетпіске, анаң келді алпысқа, бүкшеңдеп жұмыс істейді. Әйел таңдап жастықта, «Қой» десем де, қоймадың, - дейді.  

Бегіс ұялып, бұрыннан айттырып қойған, сол жердің еліне қадірлі байының Қанымша сұлу атанған қызын барып алады. Бүкіл ноғайлы жиналып, үш күн ұдайы ойын қылып, тоғыз күн ұдайы жібермей ат шаптырды той қылып. Аттар шапты бәйгеде, жүз елу қой, сегіз қара тігілді сол бәйгеде. Ноғайлының жандарын тамақ сыйлап тойғызды. Арада өтті бір жылы. Ер Бегістің әйелі екіқабат болады. Тоғыз ай, он күн болғанда еркек бала табады. Ноғайлы сонда жиылды, ақсақал мен кәрие «Көгіс» деп ат қояды және де тойы тарады. Ер Бегістің досының әйелі тапқан ұлының атын қойып, қылды той және де тойы тарады. Досының ұлын «Тегіс» деп қойды. Атасы жүріп екеуін қияметтік дос қылды.  

Екі бала онға толғанда атасының мініп тұлпарын, жылқы бақты, малдарын. Жылқышы мен түйешіге ие болды. Бұлар он бірге толған күні Тегіс келіп анасынан әкесінің жайын сұрайды. Анасы сұрама десе де болмай, баласы қоймай сұрайды. Анасы жылап, әкесінің жайын айтады. Екі бала жылқыға келіп отырса, Тегістің мұңды түрін көрген Көгіс жайды сұрайды. Көгіс қанша сұраса да, қайғыланып жылап Тегіс жөнін айтпады. Содан соң барып Көгіс әкесінен келіп, досының қайғысын білмекке сұрады. Әкесі досының қалай өлгені туралы айтады. Досының кегін алуға жұмсайды. Сөйтіп екі балаға батасын береді. Екеуінің күші екі мың жанға теңеліп, сексен күндік жолды қырық күнде алып Андыз ханның еліне жетіп келеді. Таң қылаң бере қаланың ішін қақ жарып шапқан бетте, екеуі хан отырған қорғанға қарсы барып тұрады. Бұларды көріп Андыз хан да атын ерттей бастайды. Оны байқап екеуі жетіп келеді. Андыз да артық ер еді, өз дегені болмаса кісі дегенін қылмайтын қайсар туған неме еді. Қызылбас пен ындыстан оның да жемі көп еді, ноғайдан да жесі көп еді. Ол да қаруланып Көгіске қарсы жүреді. Бір-біріне найза салса өтпейді. Сонда Көгіс қамшымен бастан салып кеп жібереді. Андыздың басындағы дулыға ұшып түседі. Енді Андыз жалт бұрылып қашады. Артынан қуған Көгіс қылышпен басын шабады.

Екеуі жайлап келіп ордаға кіріп, найзамен іліп, орданың шаңырағын ортасына түсірді. Андыздаған жайды өлтіріп, қорғанның ішін қан қылады. Көгіс пенен Тегістің сыртқы түрін қарасаң, арыстан мен аюдай. Аюдайын айбатты, арыстандай қайратты, ақ найзаға сүйеніп екі ер тұрды қамалда. Одан әрі екеуі қалаға келіп кемпір-шал, қатын-баладан тысқарысын түгел өлтірді. Малын айдап еліне сапар шегеді.  

Күндіз-түні жол жүрді, есебі жоқ мол жүрді. Бір мезгілдер болғанда еліне сонда салады. Жесір менен малдарды елге барып, береді. Атасы көріп бұл ісін, баласы қасына келген соң ұлан-асыр той қылды. «Қарағым жігіт болды деп, қатарыма енді деп, елдің қамын білді» деп.

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу: