«Jas Otan» жастар қанатының атауы «Жастар Рухы» болып өзгерді

12 Шілде 2022, 16:04 1901

Жастар қанатының съезіне еліміздің түкпір-түкпірінен 350 делегат қатысты

«AMANAT» партиясы Жастар қанатының кезектен тыс VI Съезі Зеренді өлкесінде өтті. Бұл туралы «Amanat» партиясы жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ⠀

«Съезд барысында қазақстандық шағын футболшы, мини-футболдан Еуропа чемпионатының үздік бомбардирі Біржан Оразов ұйымға «Жастар рухы» атауын беру туралы ұсыныс жасады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, Партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов бұл ұсынысқа қолдау білдірді, Жастар қанатының жаңа атауын Съезд делегаттары да бірауыздан қолдады. Съезд шешімімен партияның Жарғысына тиісті өзгерістер енгізіліп, жаңа атауы мен белгісі бекітілді», - деп жазды Нұржан Жетпісбаев.

Оның айтуынша, еліміздегі жастардың көзқарастары, ұстанымдары мен алға қойған мақсаттары әрқилы. 

«Бірақ осындай айырмашылықтарға қарамастан, бізді туған жерімізде, тәуелсіз және айбынды Қазақ елінде бақуатты әрі бақытты өмір сүруге, болашағымызды өз Отанымызбен байланыстыруға деген ұмтылыс біріктіреді. Ол өз елімізде жақсы білім алу, табыстарға қол жеткізу, денсаулығымыздың мықты болып, отбасымызбен ырысты һәм берекелі ғұмыр кешу дегенді білдіреді. Бәріміздің басымызды біріктіретін осы арман –мақсаттың маңыздылығы елімізде өзгерістер жүріп жатқан дәл осы сәтте арта түскені сөзсіз. Қазір түбегейлі өзгерістер жасалып жатыр. Олар біздің жарқын болашаққа деген үмітімізді қайта оятты. Біз өзімізге тән жігер, жасампаздық, тазалық және әділдік сияқты қасиеттердің арқасында елдің дамуына кедергі келтіретін келеңсіздіктерді артқа тастап, Жаңа Қазақстанды құруға белсене қатысып оң өзгерістердің жүзеге асуын қамтамасыз ете аламыз», - деп жазды ол.


Бөлісу: