«Jana Qazaqstan» интеллектуалды кеңістік алаңы жұмысын бастады

14 Маусым 2022, 19:00 1995

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Jana Qazaqstan» атты интеллектуалды кеңістік алаңының отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда сарапшылар «Жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстан: трендтер, сын-қатерлер және стратегиялар» тақырыбын талқылады.

Жаңа алаңның алғашқы отырысын Мәулен Әшімбаев ашты. Ол қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен Жаңа Қазақстан құру жолында кешенді реформалар іске асырылып жатқанына назар аударды.

«Жүргізіліп жатқан реформалар саяси жүйені кешенді трансформациялауды және демократияландыруды көздейді. Жаңа Қазақстан бағдары құқықтық жаңғыртудан ауқымдырақ және ол экономикалық, әлеуметтік, құндылық сияқты көптеген басымдықтарды қамтиды. Бұл істе интеллектуалдық бағыттың да маңызы зор. Ел дамуының жаңа кезеңіндегі міндеттерді іске асыру үшін сапалы интеллектуалды қолдау және зияткерлік әлеуетті арттыру қажет», деді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, мұндай бастама сарапшыларға, аналитиктерге, ғалымдар мен интеллектуалдарға мол мүмкіндік береді.

Мәулен Әшімбаев аталған жоба аясында Жаңа Қазақстанның күн тәртібін талқылау және ел дамуының стратегиялық бағыттары бойынша бастамалар мен ұсыныстарды бірлесіп әзірлеу жоспарланып отырғанын айтты.

Сенат Спикері интеллектуалды кеңістіктің тағы бір міндеті елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға қатысты өзекті мәселелер бойынша қоғамдағы мазмұнды және сындарлы дискурсқа қолдау білдіру екенін атап өтті.

Отырыс барысында қатысушылар Қазақстанның жаңа геосаяси жағдайдағы орны туралы ой өрбітті. Соған орай Мәулен Әшімбаев жыл басында еліміз қаңтар оқиғасына байланысты ішкі дағдарысқа тап болғанына назар аударып, Жаңа Қазақстан бағдары сол тығырықтан шығар жол екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ шиеленісе түскен геосаяси ахуалға байланысты сыртқы факторлардың елімізге әсері де әңгімеге арқау болды.

Іс-шарада Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы орны, қазіргі сын-қатерлер мен қауіптер, бүгінгі геосаяси жағдайдағы еліміздің сыртқы саяси стратегиясының жекелеген аспектілері және басқа да тақырыптар кеңінен талқыланды.

Алдағы уақытта жоба аясында белгілі қазақстандық және шетелдік интеллектуалдармен кездесулер өткізу көзделіп отыр. Одан бөлек, кітаптарды таныстыру және талқылау, ішкі және халықаралық жағдайға қатысты маңызды тақырыптар бойынша пікірталас ұйымдастыру, сондай-ақ, талдамалық зерттеулер әзірлеу сияқты міндеттер бар.

Отырыста Тарас Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Андрей Баумейстер, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов, осы Институттың бас ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулин және тағы басқа белгілі сарапшылар сөз сөйлеп, талқыланған тақырып бойынша ойларымен бөлісті.

Бөлісу: