Израиль мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Лиат Вексельман Павлодардағы Достық үйінде жергілікті жастармен кездесті.
Лиат Вексельман Ертіс өңірінің жастар буынын Израиль елінің білім беру әлеуметімен таныстырды.
«Біздің жоғары оқу орындары өте жоғары деңгейде. Олар әлемнің үздік оқу орындарының санатына кіреді. Мысалға, Хайфадағы Технион техникалық университетін алуға болады. Ол әлемдік үздік инженерлік мектептердің жүздігіне енеді. Жақында біздің оқу орындар «Болашақ» бағдарламасы арқылы әріптестікке қол жеткізді. Сол себепті мен сіздерді Израильде білім алуға шақырамын», - деді Лиат Вексельман.
Облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы Рамиль Смайылов израильдік қонақты «Достық үйінің» тыныс-тіршілігімен таныстырып, Қазақстан жастарының Израиль секілді дамыған елмен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі екендігін жеткізді. Одан бөлек, «Жасыл ел» облыстық штабы аппаратының басшысы Абай Уахит студенттік-жастар жасақтарының жұмысы жөнінде әңгімелеп, Израиль жастарын әріптестікке шақырды.