Измир әкімі Қазақстанды тәуелсіздік мерекесімен құттықтады

14 Желтоқсан 2016, 04:56

ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай Түркия Республикасы Измир қаласындағы қазақстандық студенттер мерекелік шаралар ұйымдастырып жатыр. Бүгін Измир әкімі Эрол Айылдыз бір топ қазақстандық студенттерді  қабылдап, Қазақстан халқын тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

Қабылдау барысында Измир қаласындағы қазақстандық студенттердің топ басшысы Мұрат Оңғарбай, еліміздің тәуелсіздігін алғаш  болып мойындаған бауырлас ел Түркия екенін тілге тиек ете отырып,  Измирдегі студенттердің ұйытқы болумен өтетін Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынға әкімді сыйлы қонақ болуға шақырды. Сонымен бірге қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрі баяндалған кітап пен естелік сыйлықтар табыс етті.

– Қазақстан мен Түркия – түбі бір, тарихы ортақ бауырлас ел. Бүгінде қос мемлекеттің рухани қарым-қатынасы өз арнасып тауып, бағытын айқындады. Қазақстанды тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын, – деді Измир әкімі Эрол Айылдыз.

Кездесуде екі елдің мәдениет, тіл, дін және рухани салалардағы жақындығы туралы сөз қозғалды. Кеш соңында Измир қаласының әкімі студенттерге естелік сыйлықтар табыс етіп, табыс тіледі.

Бөлісу: