3 Қыркүйек 2014, 12:44
Қизатов Жәлел Қизатұлы Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданындағы Аяқкөл ауылында 1920 жылы туған. 6класты бітіргеннен кейін Жәлел «Бұлақ» ұжымшарында есепші болып сырттай оқыды. Ленин ауыл шаруашылығы техникумына түсті. Техникумдағы сабақтарымен бір мезгілде Петропавл мұғалімдер институтында сырттай оқиды. Ленин ауданындағы «Қарағай» ұжымшарында мектеп меңгерушісі болып істеді.
Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың қыркүйегінде келіп кірді. 1942 жылы Сталинград майданы жанындағы кіші лейтенанттар курсын бітірді.
Майданға аттанар алдында ол былай деді: «Исатай, Махамбет, Кенесары, Амангелді сияқты ел үшін күресіп, олардың атына кір келтірмеу үшін, мен халқымның амансау болуы үшін шайқасатын боламын. Қасық қаным қалғанша жау лармен шайқасатыныма ант етемін».
Қизатов Чернигов қаласы үшін болған ұрыста және Днепр өзенінен өтуде батылдық пен ерлік танытты. 1943 жылдың
27 қыркүйегіндегі ұрыста зеңбіректерден бораған оқтарға қарамастан алғы шептегі қадағалау пунктіне дейін барып, онда пулеметті, өзі жүретін және танкіге қарсы қолданылатын қаружарақтарды көріп, батареяның тура нысанасына алып, жауларды жойып жіберді. Сөйтіп, біздің жаяу әскерлердің ілгерілеуіне мүмкіндік туғызды.
1943 жылдың 28 қыркүйегінде 154гвардиялық артиллериялық полктің (76гвардиялық атқыштар дивизиясы, 61армия, Орталық майдан) батареяларды басқару взводының командирі, гвардия лейтенанты Қизатовқа Днепрдің оң жағалауындағы жаулардың атыс нүктелерін барлау және біздің әскерлердің өзеннен өтетін тұсын табу жөнінде бұйрық берді. Бұл жөнінде Жәлел былай деп баяндайды: «Біздің взвод жауларды тез айналып өтіп, ымырт кезінде өзенге келіп жетті. Түн қараңғылығын пайдаланып, біз украиндық партизандар әкеліп берген қайықтарға отырып, дыбыс шығармастан арғы бетке өттік. Жардың астына жасырынып, ілгері қарай барлаушыларды жібердік. Олар анықтағанындай, немістердің қорғанысы кіріпшығатын ауыздары көзге түспейтін окоптар жүйесінен және 12 блиндаждан тұрады екен. Сақшысын ләм дегізбестен жайраттық та, шағын топтарға бөлініп, блиндаждарды қаумалай бастадық. Жаулардың ішінде аман қалғандары аз. Плацдармды басып алған біз онда берік орнығып алдық.
Таң ата бес танктің қолдауымен фашистер қарсы шабуылға шықты. Мен рация арқылы өзіміздің артиллеристермен тілдестім. Солардың көмегімен жаудың жаяу әскерлерін танктерінен бөліп тастаудың сәті түсті. Танкіге қарсы қолданылатын қарумен екеуін күйреттік, бірақ қалғандары жылжи отырып, біздің қорғаныстың алғы шебіне дейін жетті. Мен ең алдындағы танктің шынжыр табаны астына гранатаны лақтырып, күлін көкке бірақ ұшырдым. Оның экипажы автоматтың бір жайпағанынан қалмады. Басқа танктер кейін шегінді».
Оның марапаттау парақшасынан: «Қизатов зеңбіректерден, минометтер мен пулеметтерден бораған оқтың астында үш станокты пулеметті, миномет батареясын барлап, оларды біздің артиллерия заматта жойып жіберді. Сөйтіп, біздің жаяу әскерлердің Днепрдің оң жағалауына өтуіне мүмкіндік туғызды».
Қизатов жаяу әскерлердің алғы шептегі топтарымен бірге өзеннің оң жағасына шығып, жаудың атыс нүктелерін, артиллерия өтетін және жаяу әскерлер өтетін тұстарды дөп барлады. Жағаға шыққанда ол жаудың атыс нүктелері қайда орналасқанын дәл көрсетті. Батарея жаудың атыс нүктелерін от жалынға орап, біздің әскерлердің Днепр өзенінің күнгей жағалауына сенімді жайғасуына мүмкіндік туғызды. Қизатов 1943 жылдың 28 қыркүйегінен 3 қазанға дейін Днепрден өту кезіндегі ұрыстарда артиллериялық батареялардың мүлтіксіз атуын үйлестіріп отырды, мұның өзі жаяу әскерлердің ілгерілеуіне жағдай жасады.
Осы ерлігі үшін 1944 жылдың 15 қаңтарында Қизатовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. «Алтын Жұлдыз», Ленин ордені, Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін», «Одессаны қорғағаны үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдары – зеңбірекші Қизатовтың омырауында жалтжұлт еткен осынау марапат белгілері, теңдесі жоқ батылдық пен батырлық көрсеткен жауынгерлер Отанды жаудан қорғауда кеуделерін тосқан қаһарлы күндердің бірденбір куәсі.
1945 жылы Қизатов Ленинградта Жоғары артиллерия мектебін бітірді. Одан соң І Белорус майданының бір бөлімінде батарея командирі болды. Сталинградтан Берлинге дейін – қазақ халқының адал ұлы, гвардиялық аға лейтенант Жәлел Қизатовтың даңқты жауынгерлік жолы, міне, осындай.
Капитан Қизатов 1945 жылы запасқа шығарылды. Туған жерге оралып, партиялық және шаруашылық қызметтерде болды. 1952 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітірді. 1969 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтын тәмамдады. 1957 жылы Қизатовқа екінші Ленин ордені тапсырылды.