IX.Асан қайғы

31 Наурыз 2014, 04:23

Толғаудың осы үлгіде түзілуінің өзі Асан қайғының қалың ел және елге өнеге болар тұлғалар арасындағы қарым-қатынастың ізгі ниетке негізделуін ерекше құнттағанын байқатады.

Толғаудың осы үлгіде түзілуінің өзі Асан қайғының қалың ел және елге өнеге болар тұлғалар арасындағы қарым-қатынастың ізгі ниетке негізделуін ерекше құнттағанын байқатады. Ақылман жырау жалпақ елге қарата айтқан сөзінде:

Есті көрсең кем деме, Бәрі тұйғын табылмас. Қарындасың жамандап, Өзіңе туған табылмас... – деп, ғибратты кеңес бере ойландырса да, яки «Бақыты оянған ерлерге»:

Арғымаққа міндім деп, Артқы топтан адаспа...

Ғылымым жұрттан асты деп, Кеңессіз сөз бастама... – деп, астамшылықтан аулақ болуға шақырған пікірлерін ашықтан-ашық жеткізсе де, түпкі мақсаты – ағайын мен ағайынның, хан мен қарашының арасында алауыздық тууына жол бермеу, соның нәтижесінде ел ішінде ырзықты тіршіліктің орнығуына жол ашу. Ал толғаудың ашық ақыл айту, жол нұсқап, жөн көрсету үлгісінде келуі де – Асан қайғының елге сөзі өтімді қадірменді жырау болғанына айғақ.

Ауызы уәлі жыраудың «Көлде жүрген қоңыр қаз...» толғауы ой ұсыну үлгісі жағынан «Бұл заманда не ғаріп?» толғауымен ұқсастық танытқанымен, айтар идеясы тұрғысынан басқаша мәнге ие. Себебі – «Бұл заманда не ғаріп?» толғауында ата жұртты қоныс ету идеясы алға тартылса, кейінгі толғауда атамекеннің әр пұшпағын қасиет тұта қадірлеу қажеттігі, ел ішіндегі берекелі тірлікті сақтай білу қажеттігі ой қазығына айналған. Бұл жәйттің өзі аталмыш толғау айтылған кезде елдің ата қонысқа оралып, орнығып үлгергенін сездіреді. Сол себепті ендігі елдік мақсат – елдің құтын, жердің берекесін қашырмау болып отыр. Өз кезегінде бұл мақсат жырау туындысынан көрініс тапқан.

Толғауда табиғат дүниесі мен адам тіршілігі бірімен-бірі ұштаса суреттеліп, жаратылыста қадірсіз ештеңе жоқтығы, тек әр нәрсенің қадір-қасиетіне жете білу қажеттігі бейнелей жеткізіледі. Жырау:

Көлде жүрген қоңыр қаз

Қыр қадірін не білсін!

Қырда жүрген дуадақ

Су қадірін не білсін! –

деп қонтраст параллель түзгенде де, діттеген ниеті – адам баласы үшін атамекеннен қасиетті қоныс болмайтынын санаға сіңіру.

Ата жұрт, атамекен тақырыбы және ұдайы осы ұғымдармен желілесе көрініп отыратын ел тағдыры, әлеумет өміріне байланысты ой-идеялар, бейнелі қолданыстар арқылы ұсынылатын дидактикалық мазмұн – Асан қайғы толғауларын даралай танытатын сипаттар. Тарихта болған Хасан Сәбитұлының ел жадында «Жерұйық» іздеген Асан қайғы болып жатталып, ұрпақтан ұрпаққа аңыздық тұлғаға айнала жетуінің бір себебі де оның толғау-жырларында ел мен жер тағдырының аса маңызды орын алуында жатқаны анық.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

 

  1. Асан қайғы туралы тарихи деректер мен аңыздарды салыстыр.

 

  1. Жырау шығармаларын дидактикалық және философиялық мазмұндарына қарай топтап, толғауларға талдау жаса.

 

  1. Жырау толғауларының бірін жатқа айт.

 

Әдебиеттер:

 

  1. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – Алматы, 1985.

 

  1. Мәдібай Қ. Хандық дәуір әдебиеті. – Алматы, 1992.

 

  1. Ай, заман-ай, заман-ай... – Алматы, 1991.

 

  1. Қасқабасов С. Шығармалары. 1-том. Жаназық. – Астана: Фолиант, 2011. 

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу: