Иван Кулеба: «Қазақстанға мәжбүрлікпен көшірілгеніне қарамастан, бүгінгі ұрпақ оны елім, отаным деп біледі»

23 Қазан 2019, 17:07 2087

Украиндар Қазақстанды мекен еткен ұлттар ішіндегі саны жөнінен басым диаспоралардың бірі болып саналады. Санақ деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 330 мыңнан астам украин ұлтының өкілі тұрады. Этникалық украиндар негізінен Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында шоғырланған.

Ұлт абызы Жамбыл «бауырым» деп жырына қосқан Тарастың елімен дәстүрлі достық қарым-қатынастың тамырына қайта қан жүгірді десек те болады. Бүгінде екіжақты ынтымақтастықтың жаңа сипатта дамуына екі тарап та мүдделілік танытып отыр. Бұл туралы Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Иван Кулеба өз сұқбатында баяндап берді.

- Украиндар санының көптігі жағынан Қазақстандағы үшінші ұлт болып саналады. Украиндардың Қазақстанға келуі мен бүгінгі әлеуметтік әлеуеті туралы айтып беріңізші?

- Шынын айту керек, Украина-Қазақстан қарым-қатынасының дамуына Қазақстанда тұратын украин диаспорасы үлкен үлес қосып келеді. Ең бастысы, қарапайым адамдар арасындағы әлеуметтік-мәдени байланыс. Екі ел арасында алтын көпірге айналған қазақстандық украиндар бизнес саласында сауда-экономикалық байланыс орнатуға да күш салуда. Ресми деректерде Қазақстанда тұратын диаспора саны 320 мың деп келтіріледі. Бірақ, ресми емес дерек көздерінен білуімізше, мұнда тұратын украиндардың саны бір миллионға жетіп жығылатын сыңайлы.

Бүгін Қазақстан азаматына айналған украиндардың барлығы бірдей мұнда өз еркімен келген жоқ. Рас, басыбайлылық (крепостнойлық) құқық жойылғаннан кейін украиндардың еркек кіндіктілерінің арасында қазақ даласына күнкөріс үшін келгендері болды. Кейін қазақтар ортасында өмір сүру қолайлы екеніне көз жеткізгеннен кейін олар мұнда бала-шағасын, ағайын-туысын алып келді. Бірақ, украиндардың жаппай көшірілуі Столыпиннің аграрлық реформасының тұсында орын алды. Бұдан өзге де біздің халықтарымыздың мидай араласуына себеп болған ақтаңдақтар тарихта көп болды. Кеңестік үкімет кезіндегі ұжымдастыру, қолдан жасалған ашаршылық, саяси қуғын-сүргін украиндардың қазақ жеріне бас сауғалауына, айдалуына себеп болды. Тарихтан белгілі бір ақиқат бар, АЛЖИР, Кеңгір, Карлаг саяси жазалау лагерлері арқылы қазақ даласы сол кездегі түрлі ұлттар үшін депортация аумағына айналды.

Бір таңқаларлығы, Қазақстанға зорлықпен, мәжбүрлікпен келгендеріне қарамастан, бүгінгі ұрпақ оны елім, отаным деп біледі. Бұл қазақ халқының алысты жақын еткен көрегендігінің арқасы деп ойлаймын. Себебі, олар тағдырдың талқысымен тарихи отанынан, ата кіндігінен ажырауға мәжбүр болған ұлттарды мүсіркеп, жанашырлықпен бауырларына басты. Бүгін де Қазақстан билігі мұндағы түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзіндік белгісінің жұтылып, мәдениетінің, тілінің, дәстүрінің жойылып кетпеуіне жанашырлық танытып отыр. Біз украин этномәдени орталықтарымен, бірлестіктерімен тығыз байланыста жұмыс жасап отырмыз. Мұндай бірлестіктер Қазақстанның барлық аймақтарында құрылған. Бір ғана украиндардың ел бойынша 17 мәдени бірлестігі бар. Бұл біріншіден, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы негізін қалаған қоғамдық бірлік және ұлтаралық келісім моделінің нақты жемісі деп ойлаймын. Оның ұлттарды үлкен отбасының мүшелері секілді бір шаңырақ астында бір мақсат, бір мүддеге жұмылдырып, ұйыта білген мұндай саясаттың бірегей институты Қазақстан халқы Ассамблеясыз жүзеге асуы да күмәнді еді.

Украин халқының түрлі ұлттық, діни, мемлекеттік, тұрмыстық мерекелері мен атаулы күндері бар. Қызмет барысында елден тысқары жүрсем де, мұндағы тарихи отандастарымның ортасына барғанда, өзімді туған елімде жүргендей сезінемін. Бұған себеп, олар өз орталарында туған тілдерін сақтап, мәдениеттерін, салт-дәстүрлерін жаңғыртып отыр. Бұл тағы да қайталап айтамын, қазақстандық ұлтаралық татулық саясатының жемісі. Сондай-ақ, украин жастарының аталар дәстүрінің сабақтастығын сақтағандығына шын қуанамын. Бұл отбасында берілетін тәрбие. Оның үстіне этномәдени орталықтардың жексенбілік мектептерінде балалар туған тілдерінде әліпби жаттап, тіл сындырады.

Украина елшілігінда мәдени-ақпараттық орталық жұмыс жасайды. Мұнда өткізілетін түрлі мерекелік іс-шараларда қазақстандық этникалық украиндар мен Украина азаматтары жиі бас қосады. Бұл да этникалық украиндардың өз тарихи отандарымен байланысын үзбеуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын.

- Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 27 жыл. Бүгінде екіжақты ықпалдастықты дамытуда қандай бағыттарға басымдық берілуде?

- Егер тарих деректеріне көз салар болсақ, Қазақстан мен Украина арасындағы байланыс екіжақты тиімді дамуда екенін көресіз. Украинаның тәуелсіздігін бірінші болып мойындағандардың ішінде Қазақстан да болды. Ал 1994 жылдың 20 қаңтарында Қазақстан мен Украина арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды. Бірінші кезекте сауда-экономикалық байланысқа басымдық берілуде. Бірақ, өкінішке орай, біз мақсатты межеге қол жеткіздік деп айта алмаймыз. 2014 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4,6 млрд АҚШ долларын құраған болатын. Бұдан кейінгі саяси жағдайдың шиеленісін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ресей Федерациясы өзінің аумағынан өтетін транзитке шектеу қойған уақыттан бастап, Қазақстанмен арадағы сауда көлемі бірден 800 млн АҚШ долларына дейін төмендеп кетті. Қазір біз Қазақстанға тіпті бір үзім ірімшік те өткізе алмаймыз. Оның үстіне желтоқсан айынан бастап «Украинаның халықаралық әуе жолы» авиакомпаниясы Алматы, Нұр-Сұлтан және Киев қалаларымен тіке әуе рейсін жабу туралы шешімге келді. Себебі, Қазақстанға украин ұшағы 6 сағат 30 минут ұшады. Ал Ресей арқылы ұшуға тыйым салынған. Тауар жеткізуге байланысты да осындай мәселелер орын алуда. Бүгін сауда-экономикалық қарым-қатынас дамып келеді деп айту қиын. Себебі, бізге Қазақстанға украин тауарларын Ресей арқылы экспорттауға қойылған шектеу де өз зиянын тигізіп отыр. Соңғы төрт жылда Украина мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы төрт еседен көп мөлшерге қысқарып кетті. Алайда, біз екіжақты ынтымақтастықтың барлық мүмкіндіктерін пайдалануға тырысудамыз. Бүгінде билік ауысқаннан кейін, Украинада көптеген өзгерістер орын алуда. Бизнесті жүргізу үрдістері, несиелендіру жүйесі жеңілдетілді, жер нарығына жол ашылды. Бірақ, ол шетелдік сатып алушылар үшін әлі де жабық.

Сондай-ақ, Қазақстанмен бірлескен кәсіпорындар құруға талпыныс жасап отырмыз. Балама логистикалық байланыстар жолға қойылуда. Бұл тұрғыда ауылшаруашылық техникаларын құрастыру саласында мол мүмкіндік бар. Қазір украиндық бизнес өкілдері Қазақстанның бес облысында жұмыс жасауда.

- Сауда-экономикалық қатынасты ауылшаруашылығы саласында дамыту көзделіп отыр ма?

- Көптеген кедергілерге қарамастан, украин-қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастығында оң үрдіс байқалып келеді. 2018 жылы Украина мен Қазақстан арасындағы жалпы сауда көлемі 924 млн АҚШ долларын құрады және ол 2017 жылмен салыстырғанда, 18,7 пайызға артты. Қазақстан бүгінде Украина нарығына экономиканың түрлі салалары бойынша қаржы салуда. Бұл қаржы, өндіріс, көтерме-бөлшек сауда, автокөлік құралдарын жөндеу, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, т.б. Ал Қазақстанға салынған Украина инвестициясы негізінен өңдеу өндірісі, азық-түлік өнеркәсібі, машина құрылысы, құрылыс, көтерме және бөлшек сауда бойынша жүзеге асырылуда. Украина мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына екі тараптан да мүдделіліктің бар екенін 2019 жылдың 5 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында өткен экономикалық форумнан аңғаруға болады. Бұл екіжақты экономикалық ынтымақтастыққа мықты серпін беріп, бизнес-корпорациялардың жаңа деңгейге шығуының алғышарты болды. «Украина-Қазақстан. Орталық Азия» бизнес-форумы кезінде «Украина-Азия» сауда үйі ашылды. Украинаның сауда-өндірістік палатасы мен «KAZAKH INVEST» ҰК АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссия нәтижелі жұмыс жасауда. Сондай-ақ, екі ел арасындағы тауар айналымының көлемін арттыру жөніндегі келісімді жүзеге асыру жұмыстары да жүргізілуде. Қазақстандық тарап Украинаға Қазақстанның сауда миссиясын жіберу туралы шешім қабылдады, және менің білуімше, бүгінде бұған байланысты дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Украина мен Қазақстан арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуда негізгі басымдық ауылшаруашылығына, сүт-тауар өнеркәсібі құрылысына, ауыр машина құрылысы мен теміржол және мұнай-газ жабдықтарын жеткізуге басымдық берілуде. Біз Қазақстан нарығына Кременчуг зауытының машиналарын шығаруға мүдделіміз. Бұл германдық «МАN» машинасының базасында біздің құрастырушыларымыз жасап шығарған заманауи автобус. Осылайша, бүгінгі таңда украина-қазақстан диалогына қайта жан бітіру бойынша жоспарға сай жұмыс жүргізілуде.

- Мойындау керек, посткеңестік кеңістікте Украина білім берудің көшбасшы елдерінің бірі болып саналады. Бүгін Киевте білім алуға қазақстандықтар тарапынан қызығушылық бар ма?

- Білім саласындағы байланыс әлсіреді деп айта алмаймын, керісінше 2010 жылы білім беру жүйесі бойынша екі ел арасында Меморандумға қол жеткізілген болатын. Мәселен, Украинада жыл сайын қазақстандық жастар үшін 40-қа жуық білім гранты бөлінуде. Және олар толықтай мемлекеттің жауапкершілігінде болады, жатақханамен, шәкіртақымен қамтылады, Одессаның, Харьковтың, Киевтің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік алады.

Осы жылы Украинаның Білім және ғылым министрлігінің өкілдері қазақстандық жастарды Украинаға оқуға шақыру мақсатында Қазақстаның «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылған білім жәрмеңкесіне қатысты. Мұны да айтып өткен жөн болар, бүгінде мемлекеттік гранттардан бөлек, Украинаға ақылы негізде оқуға түсуге ниет білдірген қазақстандықтардың саны артып келеді. Сондай-ақ, украиндық жастар да сәйкесінше, Қазақстанда білім алуға мүдделілік білдіруде. Украинаның жоғары оқу орындарының беделін халықаралық рейтингтер де айғақтауда. Биыл біздің он институтымыз халықаралық бәсекеде жоғары орындарға ие болды. Қазақстанда Украинада оқу бітірген азаматтар өте көп. Олар украиндық түлектер кездесуін жиі ұйымдастырып, Украинада оқыған жылдары туралы жылы да қызықты естеліктерімен бөліседі. Бұл азаматтар елшілікпен де тығыз қарым-қатынаста, өздері ұйымдастырған мұндай іс-шараларға бізді де ұмыт қалдырмай шақырып отырады. Мысал ретінде айтып өтейін, жуырда Нұр-Сұлтан қаласында И.Франко атындағы Житомир мемлекеттік университетінің 100 жылдығына байланысты түлектердің кездесуі болды. Оған Қазақстан мен Өзбекстаннан 70-тен астам адам қатысты.

Украина туризмі қалай дамуда? Қазақстандық саяхатшылар бұл елге ат басын жиі бұра ма?

- 2017 жылы туризмнен мемлекет қазынасына елге қыдырып келген 14,2 млн шетелдік туристің есебінен 1,2 млрд АҚШ доллары түскен болатын. Қазір де Украинаның туристік рейтингі өткен жылдармен салыстырғанда сәл көтерілді деуге болады. Алайда, біз әлі де бұл саланың дамуына басымдық беруіміз керек деп ойлап отырмыз. Мәселен, Египетте туризм жыл сайын 5 млрд АҚШ доллары көлемінде кіріс келтіреді екен. Саяхат пен туризм саласында 15 көрсеткіш бойынша есептелетін бәсекеге қабілеттілік индексіне шағар болсақ, Украина 140 сатының ішінде 78-ші сатыны иеленді. Украинаның табиғаты бай, мәдени-тарихи және ұлттық-этнографиялық ресурсы мол, бұл туризмді дамытудың алғышарттары бола алады. Украинада туристік кешен ретінде танымдық, сауықтыру, және экстремалды туризмді дамытуға болар еді. Карпат маңы, Трускавец курорттары, сондай ақ Ченобыль аймағы туристер үшін қызықты болуы мүмкін. Айта кеткен жөн, Украинада ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген 7 нысан бар, оның 6-ы мәдени мұра болып саналады. Бұлар - Киевтегі София соборы, Киев-Печера лавры монастырі, Львов тарихи орталығының ансамблі, Буковина және Далмация митрополиттерініӊ резиденциясы, Херсонес Таври ежелгі қаласы.

- Екі ел арасындағы тарихи тамырластықты да жоққа шығаруға болмас.

- Біз ертеден іргесі бөліне қоймаған көрші елдерміз. Қыпшақтар дәуірінде біздің шекарамыз да ортақ еді, сондықтан екі ел арасында алыс-беріс те, жүріс-барыс та болды. Бірге сауда жасадық, жауға да атойлап бірге шаптық. Ұлы даланың шекарасы қазіргі Украинаның аумағымен өтіп, Днепрді кесіп өтіп, Дунайға ат шалдырады. Ал Киев, Чернигов, Галич қалаларынан шыққан ежелгі керуендер қазақ жері арқылы Қытай мен Персияға өткен. Біздің тарихымыздың ортақтығының айғағы ретінде бүгінде халықтардың тұрмыстық қолданысында жүрген сөздерді келтіруге болады. Мәселен, болат, қорған, жора, сағайдақ, көш деген сөздер украин тілінде де, қазақ тілінде де кездеседі. Лингвистердің айтуынша, украин тілінде мұндай 4 мыңнан астам сөз бар.

ХХ ғасырда Украина өте ауыр соқпақты жүріп өтті. 1930 жылдары үлкен нәубетке ұшырады, аштықты та көрді, шығармашылық интеллигенция жойылды, бай-кулактар кәмпескеленді. Қазақ халқы да солай, біз көрген нәубетті бастан кешірді. Украина мен Қазақстан Тәуелсіздікке қатар қол жеткізді, өз болашағын өзінше құрып, жосрпарлауға мүмкіндік алды, ең бастысы, олар бүгін де бір-біріне ауыр геосаяси жағдайларда көмек қолын созып келеді. Тіпті біздің мемлекеттеріміз ядролық қарусыздануға байланысты да ұқсас жолдан өтті. Украина өз еркімен әлемдегі көлемі жөнінен 3-ші ядролық әлеуеттен бас тартқан болатын.

- Қазақстанда украиндардың Тарас Шевченко секілді біртуар ұлдарының ізі әлі де бар...

- Қазақ жерінде айдауда болған украин ақыны Тарас Шевченко украиндықтардың ғана емес, күллі қазақтың халықтық ақыны. Шындықты мойындауымыз керек, Қазақстанның түрме-лагерлерге лық толуы, одан кейін айдалған халықтың маңдай тіреп келген мекені болуы ақиқат. Ұлы даланың байтағының ұлт қайраткерлерін тоғытатын түрмеге айналғаны өкінішті. Осы жылы Кеңгір көтерілісіне 65 жыл болды. Кеңгір тұтқынында өзге ұлт зиялыларымен қатар украин ұл-қыздары да болған. Біздің елшіліктің қызметкерлері жыл сайын Қарағанды облысына арнайы барып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына қатысады. Осы жылы да біз Спасск мемориалдық кешенінде Чехия, Румыния, Корея дипломатиялық миссияларының басшыларымен, Қырғызстан, Франция, Жапония және Иран елшіліктерінің өкілдерімен бірге ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне байланысты митинг-реквиемге қатыстық. Тарихты ұмытуға болмайды. Сондықтан бізді қазақ елімен мәдени-гуманитарлық немесе сауда-экономикалық сала бүгін ғана байланыстырып отырған жоқ. Біз тарих трагедиясынан қолұстасып бірге өткен халықпыз, бізді тарих деген ақиқат біріктіреді.

- Сіздің Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келгеніңізге екі жылдың жүзі болды. Арқаның сары аязына бой үйрету қиын болмады ма?

- Шынымды айтсам, мен бұл қалаға ғашықпын. 2003 жылы жұмыс сапарымен Қазақстанға келгенімізде сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев бізге астана құрылысының макетін көрсеткен болатын. Араға он төрт жыл салып астанаға қайта табаным тиген уақытта мен таң-тамаша қалдым. Ұлы дала төсінде мұндай архитектуралық сән-салтанаты келіскен заманауи қаланың пайда болуы кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Маған қазақ халқының мәдениеті, әсіресе музыкасы мен әдебиеті ұнайды. Домбыра мен қобыздың үні еркіңнен тыс ежелгі ел өміріне саяхаттатады. Қазақ ақын-жазушыларының ішінде ұлы Абайдың, Жамбылдың, Сәкеннің шығармаларын жоғары бағалаймын. Ал Олжас Сүлейменовпен жеке танысудың сәті түскеніне қуанамын. Сәкен Сейфуллиннің шығармасы мен тағдырын бірнеше қайтара оқып шықтым. Украинаның астанасында Жамбыл Жабаевқа ескерткіш қойылған. Оның шығармаларында украиндар мен қазақ халқының достығы жырланады.

 

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Нұргүл Қалиева
Бөлісу: