IV.ХVIІІ ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдай

31 Наурыз 2014, 06:25

Түркістан, Сауран, Ташкент төңірегінен, оңтүстіктегі өңірден босқан жұрт Сырдариядан аса, Орта Азияға қарай жөңкіледі, алайда ол жақта Бұқар хандығыныңталауына түсіп, ақырында Арқаға ауады.

Күтпеген шапқын кезінде ат жалын тартып мінуге жарайтын азаматтарының басым бөлігінен айырылып, өз жерінде зарлай босқан ел Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық өзендері бойынан да қайыр таппайды, аш-арық жұрт өзеннен өту кезінде жүздеп-мыңдап қырылады. Түркістан, Сауран, Ташкент төңірегінен, оңтүстіктегі өңірден босқан жұрт Сырдариядан аса, Орта Азияға қарай жөңкіледі, алайда ол жақта Бұқар хандығыныңталауына түсіп, ақырында Арқаға ауады. Бірақ Арқаға да тұрақтай алмай, Батыс өлкеге, Жем мен Жайық бойына ағылады. Батысқа қарай бет түзеген босқындардың алды Еділ жағаларына, Астраханға дейін жетеді.

Жоңғардан жансауғалай жеткен қазақ жұртына Орта Азияда бұқарлықтар зобалаң үйірсе, Еділ бойында қалмақтар талайды. Осылайша, қазақ елінің тағдырындағы аса жойқын нәубет кезеңге айналған осынау қаралы жылдар ел жадында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен сақталса, қасіретті ел зары әйгілі «Елім-ай» әнінде көрініс тапты.

Ен далада әрлі-берлі жосыла босудан еш қайыр болмасын қалың бұқара да, дулығалы батыр да, домбыралы жырау да, ел сөзін ұстаған би де, ел тізгінін ұстаған хан, сұлтандар да кәміл ұқты. Қаптаған жауға қарсы жұмыла қайрат қылмаса,үш ғасыр бойы дербес хандық құрып, елдік дәстүр-салтын қалыптастырған қазақ жұртынан жұқана да қалмасына айқын көз жетті. Ел алдындағы ендігі мақсат шапқыншы жаудан боса қашу емес, ел болып тұтаса қарсы шайқасу екендігі баршаға түсінікті болды. Нәтижесінде 1726 жылы елдің оңтүстік өңіріндегі «Ордабасы» деген жерде Үш жүздің тізгінін ұстаған билеушілер, ел мұңын жоқтаған билер, намысқа шапқан батырлар жиылып, алдағы әрекет жайын келеге салды. Ортақ мәміле түйіні жоңғарларға қарсы жұмыла көтерілу болады да, біртұтас қазақ қолын басқару билігі Әбілқайыр хан мен Бөгембай батырға жүктеледі.

Күш біріктірген қазақ қолының жоңғарларға елеулі тойтарыс берген алғашқы маңызды шайқасы 1727 жылы Торғай даласының оңтүстік-шығыс қанатындағы Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде өтті. Жоңғар әскері түмен-түмен сарбазынан айырылды. Жау қолы Сарыарқадан кері серпілді. Ал қазақ баласының еңсесі тіктелді, рухы атойлады, өз қайратына сенімі артты. Өктемсіген жоңғар қолына алғаш рет ойсырата тойтарыс берілген бұл жер кейіннен «Қалмақ қырылған» деген атау иеленді. Қазақ-жоңғар соғысында түбегейліөзгеріс енгізбегенімен, бұл шайқастың ең маңызды бағасы қазақ баласының бойында жеңіске деген сенімділікті қалыптастыруы еді.

Алғашқы жеңістен қайратына қайрат қосылып, намысқа шапқан қазақ қолы Малайсары, Бөкенбай сынды қарт батырлар мен Бөгембай, Қабанбай, Наурызбай, Жәнібек сияқты жаужүрек ерлердің бастауымен жоңғар әскеріне екінші мәрте есеңгірете соққы берді. Кейіннен «Аңырақай» деп аталып кеткен жерде болған бұл шайқас 1729 жылғы көктемде Балқаш көлінің маңында өткен еді. Мыңдаған сарбазынан айырылған Шона Доба әскері Іле өзенін бойлай, шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды.

 Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу: