IV.ХV-ХVI ғасырлардағы қоғамдық-саяси өмір және жыраулар поэзиясы

31 Наурыз 2014, 03:40

Тарихқа қысқа қайырым шолудан байқалып тұрғандай, дербес Қазақ хандығының алғашқы ғасыры алмағайып сын кезеңдерге толы болғанымен, кейінгі 50-60 жылы елдің айбары асып, қайраты тасқындаған мемлекетке айналғанын көрсетеді.

Тарихқа қысқа қайырым шолудан байқалып тұрғандай, дербес Қазақ хандығының алғашқы ғасыры алмағайып сын кезеңдерге толы болғанымен, кейінгі 50-60 жылы елдің айбары асып, қайраты тасқындаған мемлекетке айналғанын көрсетеді. ХV ғасырдың орта тұсында пайда болған шағын ғана көшпелі хандық бас-аяғы жиырма-отыз жыл бедерінде Орта Азиядағы халқының саны басым, кең байтақ жерге ие іргелі мемлекет болып шығады. Олар ХVІ ғасырда Сырдария бойындағы аймақты өз иелігіне көшіріп, башқұрттармен, орыс казактарымен тайталас шайқастар жүргізеді, Сібір ханына қатер төндіреді.

Осынау тарихи оқиғалардың ел санасында қалдырған іздері сол дәуірдегі жыраулар шығармаларынан анық байқалады. Ең бастысы сол, осы ғасырда қазақтың төл әдебиеті, өзіне ғана тән әдеби тілі, өлең өрнегі қалыптаса бастады. Ал бір шаңырақ астына ұйысқан қазақ баласының рухын асқақтатып, мұратын ортақтастыруға айрықша ықпал еткен тұлғалар ақындық қасиет пен даналық парасатты өз болмысында тел ұштастырған жыраулар еді.

ХV-ХVI ғасырларда өмір сүрген Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз жыраулар қалың ел үшін де, ел тізгінін ұстаған хандар үшін де тосылғанда жол тауып, қысылғанда жөн сілтейтін ақылман тұлғаларға айналды. Олар жаугершілік жылдары қалың қолдың қарасына ілесіп жүрмей, қанды шайқастардың бел ортасынан табылатын қаһарман сөз иелері болды. Халықтың да, ханның да сырына қанық болғандықтан, жыраулар өз жырларына сол кезеңдегі қазақ баласының бәріне ортақ ахуалды арқау етті, ортақ мақсатты алға тартты, ортақ мұратқа жұмылдырды.

Мәселен, ХV ғасырда жасаған Асан қайғының:

...Еділ менен Жайықтың Бірін жазға жайласаң, Бірін қысқа қыстасаң, Ал қолыңды маларсың Алтын менен күміске!.. –

деп келетін жолдарына үңілсек те, яки ХVІ ғасыр жырауы Доспамбеттің:

...Екі арыстап жау шапса, Оқ қылқандай шаншылса, Қан жусандай егілсе, Аққан судай төгілсе,

Бетегелі Сарыарқаның бойында Соғысып өлген өкінбес! –

деген жолдарына зер салсақ та, сол дәуірлердегі халық санасын билеген ой-армандардың, мақсат-мұраттардың қандай болғанын айқын аңғарамыз.

Осы үзінділердің өзінен-ақ ХV-ХVI ғасырлардағы қазақ қоғамының ұлық арманы кең даласын еркін жайлап, бейбіт тірлік кешу болғанын көреміз. Асан қайғының: «...Ал қолыңды маларсың Алтын менен күміске!..» – деуінің мәнісі сонда. Асқақ арманына қатер төндіре, ел шетіне жау тисе, тұтамдай жерін жау тұяғына бастыруға көнбек емес. Өз билігін өз қолына алған ел ендігі жерде өзгенің өктемдігіне мойынұсынбақ емес. Ел мен жер үшін өлуге бар, көнуге жоқ. Доспамбет жыраудың: «Бетегелі Сарыарқаның бойында Соғысып өлген өкінбес!» – деп, шарт кесуі сондықтан. Мұндай арман, мұндай мақсат тек жырауларға ғана емес, барша қазақ баласына ортақ еді. Жыраулар ауызынан шыққан әр сөзге барша қазақ баласының құлақ аса, ден қоюы да сондықтан.

Бөлісу: