31 Наурыз 2014, 04:35
Сондай-ақ, алғашқы үзіндіде «Айналасы алты жылдың ішінде Есақай, Қосай – екі ұлдың Азау билеп өсетіні» айқын айтылғанына зер салып, мәніне үңілсек, осы толғау айтылған сәтте жыраудың аталған ұлдарының әлі ержетіп үлгермегенін бағамдар едік. Сонымен бірге, жыраудың баршаға мәлім толғауларының бәрі бір деммен айтылып шыққандай әсер ететінін де ескерсек, әдебиет тарихшысы М.Мағауиннің: «Өмірмен қоштасқан сәтінде Доспамбеттің жасы әлі отызға да толмаған еді» – деп ой қорытуының негізділігіне ден қойған абзал. Сол сияқты, жыраулар поэзиясын зерттеуші ғалымдар арасындағы болжамдардың бірінде: «Жырау өз толғауларын өмірінің соңғы сағаттарында айтып бергенге ұқсайды» – деп келетін пікірдің де негізсіз емес екендігін ескеру жөн.
Осы орайда жыраудың өміріне қатысты қысқа қайырым ой түйіндерін жасасақ, ХVІ ғасырдағы жыраулар поэзиясының көрнекті өкілі Доспамбет – сол дәуірдегі елге ықпалды әулеттен шыққан және соның арқасында ел мен жер көріп, біршама ілім-білімге қанығуға мүмкіндігі болған, игерген ілім-білімі мен өзінің ақыл-парасатының және қажыр-қайраттылығының арқасында елге «аға» бола білген, сондай-ақ, дау кезіксе, жол бастаған, жау кезіксе, қол бастаған әрекеттері арқылы қабырғалы қалың жұрттан «Ер» деген атақ алған көсем ойлы, шешен сөзді, батыр мінезді жырау.
Ал, Доспамбет жыраудың шығармашылық тұлға ретіндегі ерекшелігі қандай? Бұл сұрақтың жауабы да жыраудың өз шығармаларында жатыр. Оның жырау ретіндегі көзқарасы, шығармашылық ұстанымы жоғарыда сөз болған азаматтық болмысымен арқаулас. Бұған дәлелді жыраудың кез келген жыр-толғауынан таба аламыз. Мәселен, оның бейбіт күндегі ел тірлігін және сол тыныштықтың шырқы бұзылған жағдайда Ер тірлігі қандай болмағы жөн екендігін бейнелейтін «Қоғалы көлдер, қом сулар...» деп басталатын толғауында мамыражай өмір көрінісі – өзен, көл жағалай ел қондыру, арғымақ мініп, салтанатты көбе киіп, арулардың арасынан таңдап жар сүю, сәнін келістіре той тойлау, қымыз құйып ішу әрекеттері арқылы беріледі. Яғни толғаудың алғашқы жолынан басталып, «...Құрама шапшақ көп қымыз құйып ішкен өкінбес...» тармағымен аяқталатын бірінші бөлікте осы әрекеттер біріне бірі ұласа суреттелген және осылай суреттеудің нәтижесінде толғау сюжетінде динамика пайда болған. Ал егер динамикаға толы сюжетті көзге елестетер болсақ, жайлауға қонып жатқан елді, арғымақ мініп, сол елден шыққан батыр бозбалалардың сейіл-сапарын және олардың ел арасынан «жұпары қардай бораған» аруларды таңдап сүйіп, тіл табысқанын, тіл табысу соңының ұлан-асыр тойға ұласқанын және сол тойда қымыз қызығына берілген қамсыз жұртты көрер едік. Бұл көрініс – жыраудың өз еліне тілейтін алаңсыз өмірдің бейнесі. Дәл осы суреттің өзінен-ақ Доспамбет жыраудың асыл арманы елдің амандығы, ел берекесінің бұзылмауы болғаны анық байқалады.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»