IV.Қазтуған жырау

31 Наурыз 2014, 03:54

Ал академияның қолжазба қорындағы үзіндіден өткендегі ата-бабалардың еркін өмірін аңсау сезімі басымырақ көрінеді.

Ал академияның қолжазба қорындағы үзіндіден өткендегі ата-бабалардың еркін өмірін аңсау сезімі басымырақ көрінеді. Мәтінде суреттелетін көріністер мен әрекеттердің бәрі өткен күндер аясында ұсынылады. Бұл үзіндіде ата мекенді аңсау сезімі болғанымен, сол арманды іске асыруға боларына деген сенім де, үміт те, ниет те жоқ. Мәселен, толғаудағы Жайық бейнесінің:

...Бекіре ойнар Ақ Жайық – Бес қаруын асынып,

Батырлар жауға жортқан жер, – деп берілуі сондықтан.

Осы ерекшеліктердің өзі де Қазақстан Ғылым академиясының қолжазба қорындағы Қазтуғанға қатысты жыр-толғауларды жыраудың төл туындыларына балағаннан гөрі, оның тарихи-әдеби бейнесі жасалған көркем шығармалар ретінде қабылдау орынды боларын дәйектейді.

Әйткенмен, осы қолжазбалар арасында назар аударуды қажетсінетін бір тұс бар. Ол – Қазтуғанның Асан қайғымен және оның баласы Абатпен қарым-қатынасы көрініс табатын «Қазтуғанның қоныстан ауғанда айтқаны» деп аталатын ұзақ толғау.

Толғауда Қазтуғанның Еділ, Жайық, Жем, Сағыз бойынан қоныс аударып бара жатқандағы реніші мен өкпесі, үміті мен сенімі іспетті сан қилы сезім күйлері беріледі. Толғаудың негізгі қаһарманы Қазтуған ауызынан шығатын: «Асан қайғы, Ер Абат – Бірге жүрген жолбарысым!» – деген сөзден жыраудың әйгілі Асан қайғымен ниеттес болғаны аңдалады.

Сондай-ақ, осы толғауда аталған үш кейіпкердің өзара ой бөлісуі бейнеленетін тұста Қазтуған:

...Қара ағаштай қалың ноғайлым, Еділді тастап біз көштік,

Қалың, қара тоғайын. Әзелден жазған орынға Айдаған шығар құдайым. Асан қайғы, Ер Абат, Сендермен кеңес қылайын. Жақтырмай тұрмын осы күн

Шерқұтты ханның сарайын... – деп сөз арнайды.

Осы үзіндідегі алғашқы үш тармаққа көз салсақ, уақыттың ноғайлы мен қазақтың бөлінген кезеңі екенін байқаймыз. Ал төртінші, бесінші тармақтардан Қазтуған бастаған жұрттың бара жатқан бағыты бейтаныс өлке емес, бұрыннан-ақ аралас-құраласы бар жер екенін түсінеміз. Сондай-ақ, соңғы екі тармақтан Қазтуғанның елге билік жүргізген Шерқұтты ханға реніші бар екенін де аңдаймыз. Бұл орайда назар аударатын мәселе – ел өмірі сынға түскен кезеңдерде елге сөзі өтімді, көшелі ой иелерінің әрдайым тізе қоса қимыл жасауы. Толғаудағы Қазтуғанның бір тұста: «Асан қайғы, Ер Абат – Бірге жүрген жолбарысым!» – деп, енді бір тұста: «Асан қайғы, Ер Абат, Сендермен кеңес қылайын» – деп бөле-жара сөз етуі – соның айғағы.

 Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу: