IV.Ақтамберді жырау

31 Наурыз 2014, 06:52

Қос мағына арқалай, біріне-бірі рет-ретімен ұласа бейнеленетін динамикаға толы көріністерде біртіндеп әрекет аясы да кеңейе береді.

Өзенге бие байлатып,

Төскейде орда орнатып,

Төрткілдеп ошақ қаздырып,

Төбел бие сойғызып,

Төменде бидің кеңесін

Біз де бір құрар ма екеміз?! – деген жолдардан екі түрлі мағына аңдалады. Оның бірі – қазақ елінің қалыпты тірлігінің бейнелі суреті болса, екіншісі – осы қалыпты тірліктің шырқы бұзылған кездегі ел арманы.

Қос мағына арқалай, біріне-бірі рет-ретімен ұласа бейнеленетін динамикаға толы көріністерде біртіндеп әрекет аясы да кеңейе береді. Мысал үшін жоғарыдағы шумақтан кейінгі көрініске назар аударып байқалық:

Құлаты тауға қол салып, Садақтың оғын мол салып, Бетпақтың ен бір шөлінен Төтелеп жүріп жол салып, Қолды бір бастар ма екеміз?!

Берілген екі үзіндіні тұтас алып қарасақ, қазақ жұртында қағидадай қалыптасқан бағзы жол көрінеді. Яғни, ел тағдырына қатысты аса маңызды сәт туғанда әркім өз білгенінше әрекет ете бермей, ортақ шешімді ең әуелі ақылға кенен, ауызы дуалы билер қабылдайтынын, ал ұйғарымды іске асыру ерлердің еншісіне тиетінін көреміз.

Осыдан кейінгі шумақта «Майданда дабыл қақтырып, Ерлердің жолын аштырып, Атасы басқа қалмақты Жұртынан шауып, бостыру» көріністері суреттелген соң, жаудан азат болған жұртта орнығуын аңсаған өмір романтикалық асқақ құштарлықпен бейнеленеді. Бұл шумақтардың әр тармағынан қазақ баласының асқақ рухы, абзал болмысы, өмірге іңкәрлігі жарқырай танылады. Бұл тұста Ақтамбердінің арман ете жырлаған өмір көріністері Асан қайғы аңсаған Жерұйықтан әсте кем түспейді. Жыраудың шеберлігі сонда – ол бақыт қонақтаған өмірді қол жетпес армандай суреттемейді, керісінше, сол өмірді орнықтыруға болатынына кәміл сендіре жырлайды, кәміл сендіре отырып, сол өмірге тезірек жету үшін елге қатер төндірген жаудан туған жерді азат ету қажеттігін сездіреді.

Арман өмір көріністерін суреттеу барысында да жырау болашақ әрекеттердің уақыт тұрғысынан реттілігінен ауытқымастан, кезек-кезегімен алға тартады. «Атасы басқа қалмақты бостырғаннан» кейінгі жасалуға тиісті әрекет жырау толғауында:

Кеуде бір жерді жол қылсам, Шөлең бір жерді көл қылсам, Құрап жанды көп жиып, Өз алдына ел қылсам! – деген үлгіде ұсынылады.

Байқалып тұрғандай, жыраудың ең әуелі көздейтіні – бытырап кеткен елдің басын біріктіру. Өйткені ол өз көңіліндегі асыл армандардың бәрі ел тұтасқанда ғана іске асарын, бірлік жоқ жерде тірлік болмасын қапысыз ұғады. Сондықтанда бірінші кезекте елді бір шаңырақ астына жинауды мақсат етеді.

Ел тұтасқан кезде ел ішінде орнығар өмір қандай? Бұл орайда да жыраудың поэтикалық жауабы дайын:

Асқар бір тауды жайласам,

Желілеп бие байласам,

Күнде жиын, күнде той,

Қыз-бозбала ойнатсам;

Тентегін түзеп байқа деп,

Ішінен биді сайлатсам!

 Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу: