ІV. Кірме (бүлдіргі) таңбалардың талданымы

1 Наурыз 2014, 07:57

Тіптен, басқаны былай қойғанда, и таңбасы бір дауысты дыбыс болса, онда ми деген сөздің құрамында неге жуан айтылып, ти деген сөздің құрамында неге жіңішке айтылып, екі түрлі дыбысталады деп ойлану керек қой.

Тіптен, басқаны былай қойғанда, и таңбасы бір дауысты дыбыс болса, онда ми деген сөздің құрамында неге жуан айтылып, ти деген сөздің құрамында неге жіңішке айтылып, екі түрлі дыбысталады деп ойлану керек қой. Өйткені и таңбасы бірде құрамында жуан ы дауыстысы бар ый  тіркесін, бірде құрамында жіңішке і дауыстысы бар ій тіркесін белгілейді. Тілі қазақы шыққан, естілімі қазақы қалыптасқан адам үшін оны аңғарудың еш қиыншылығы жоқ.

Енді у  таңбасымен келетін бірыңғай сөздер тобын көрейік (у таңбасының мәні түсінікті болу үшін оны арнайы w таңбасымен белгілеп отырмыз, өйткені қазақ тілінде ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді w дыбысы бар. Ескерте кететін нәрсе, орыс тілінде ондай дауыссыз дыбыс жоқ, сондықтан да олар қазақтың Көкшетау тәрізді сөзінің соңына, w дауыссызын айта алмайтын болғандықтан, өздерінің үйреншікті в дыбысымен алмастырып отырады):

 

ау [аw], әу [әw], оу [оw],  өу [өw],  у [ұw], у [үw]

 

Алғашқы төрт сөздің (қазақ тілінде ы, і, е дауыстылары у[w] дауыссызымен тіркеспейді) дыбыс құрамына ешкім күманданбайды, ал соңғы у арқылы жазылып отырған екі сөзге (тіркеске) келгенде тағы да күмән басталады. Шындығында,  барлығы ды әртүрлі дауысты дыбыстар мен үнді, жуысыңқы, еріндік у дауыссызының тіркесі болып келеді. Егер ау  немесе әу  сөздерінің дыбыс құрамына күмән туғызбайтын болсақ, онда солармен теңдес ұу, үу  сөздерінің (тіркестерінің) де дыбыс құрамына күмәнданбауымыз керек.

Тағы да, басқаны былай қойғанда, у таңбасы бір дауысты дыбыс болса, онда алу деген сөздің құрамында неге жуан айтылып, елу деген сөздің құрамында неге жіңішке айтылып, екі түрлі дыбысталады деп ойлану керек болар. Өйткені у таңбасы бірде құрамында жуан ұ дауыстысы бар ұу  тіркесін, бірде құрамында жіңішке ү дауыстысы бар үу тіркесін белгілейді. Мұның да тілі қазақы шыққан, естілімі қазақы қалыптасқан адам үшін аңғарудың еш қиыншылығы болмайды.

Екінші, түбір морфема мен қосымша морфеманың жігіне қарайық.

 

май [май],        ма-йы [ма-йы]

ми [мый],         ми-ы [мы-йы]

 

 

тау [тау],          та-уы [та-уы]

ту [тұу],            ту-ы [тұ-уы]

 Қазақ тіліндегі қосымшалар талғампаз келеді. Соның бірі түбір морфеманың дауысты не дауыссызға бітуіне байланысты. Егер май, тау сөздерінің дауыссыз дыбысқа бітуіне байланысты қосымша морфема дауысты дыбыстан басталып тұрса, онда дауысты дыбысқа бітіп тұр (?) деген ми, ту  сөздеріне неге дауысты морфема жалғанып тұр? Ендеше бұл сөздер де дауыссыз дыбысқа бітіп тұр деген сөз. Олай болса, транскрипциядан көрініп тұрғандай, дыбыс тіркесінің екінші сыңары й, у  дауыссыз дыбыстары болғаны. Бұған қоса, мысалға алынып отырған сөздердің бәрінің буын және морфем құрамы біркелкі екенін де ескеру керек.

Ендеше и, у  таңбаларының дыбыс құрамын ый, ій, ұу, үу  дыбыстарының тіркесі деп қарау керек. Өйткені қазақ жазуының құрамына енген кірме әріптердің дыбыстық мәнін анықтау аса күрделі фонетикалық мәселеге айналып отыр. Себебі қазақ тілінің оқулықтары мен әдістемелік құралдарында кірме әріптер бірде дауысты, бірде дауыссыз, ал енді бірде дыбыс тіркесі деп түсіндіріліп келеді. Соның салдарынан, өкінішке орай, кейбір авторлар оларды қазақ тілінің жаңа латын әліпби құрамына да енгізуге тырысып жатыр.  Жаңа фонема болу үшін ол қазақ сөзінің үндесім әуезін бұзбайтын (қазақтың жуан үндесім әуезді мый сөзін жіңішке әузбен ми деп айтқызбайтын), буын құрамын өзгертпейтін (ми-ы деп тасымалдатпайтын), морфем жігін үзбейтін (мый+ы деп түбір мен қосымша тіркесіміне нұқсан келтірмейтін) болу керек.

Ал, қазақтың төл сөздерінің жазылымына еніп кетіп, дауысты дыбыс болып жүрген я, ю таңбаларының тек дыбыс құрамын ғана ашып кетеміз. Дауысты я деп жүргеніміз йа, йә тіркестерінің таңбасы болса, дауысты ю деп жүргеніміз йұу, йүу тіркестерінің таңбасы болып табылады. Мысалы, жая [жайа], сая [сайа], әлия [әлійә], дүрия [дүрүйә], аю [айұу], ою [ойұу], үю [үйүу], түю [түйүу]. Бұлардың да ақиқат дыбыс құрамына жоғарыдағы әдістермен көз жеткізуге болады.

Жаңа латын әліпби мен оның емле-ережелері қазақ сөзінің айтылым әуезіне, буын құрамына, морфем жігіне, тасымал ретіне нұқсан келтірмейтіндей болу керек. Мұндай келелі шара мектеп «Әліппесі» мен оқулықтарынан бастау алмаса, «әліпби мен емле-ереже сырқаты» бүгінгіден де асқынып кетері сөзсіз.

 Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:

төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу: