31 Наурыз 2014, 06:03
Жоғарыда аталған екі толғаудан Жиембет пен Есім ханның бұрынғы қарым-қатынастары да, сол жылдардағы ел басынан өткен тарихи оқиғалардың көріністері де, жыраудың мінез-жаратылысы да аңғарылады. Сонымен, жырау мен хан арасы әуелде қандай болған? Бұл сауалдың жауабы жырау толғауында былайша көрініс береді:
...Еңсегей бойлы Ер Есім, Есім, сені есірткен Есіл де менің кеңесім. Ес білгенден, Есім хан, Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін...
...Көруші едім, Есім хан, Ханымды күнім, сізді айымдай, Сырым саған түзу-ді Садаққа салған бұлыңдай. Жұмыскерің мен едім Сатып алған құлыңдай, Жүруші едім араңда Өзіңнің інің менен ұлыңдай...
Демек, Есім хан мен Жиембет жырау арасында өзара сенім мен құрметі басым, ашық пікірлі қарым-қатынас болған. Жыраудың: «Ес білгеннен, Есім хан, Қолыңа болдым сүйесін... – деуіне қарағанда, жас тұрғысынан Жиембет Есімнен едәуір үлкен. Оның ханға батыл сөйлеуінің бір сыры да – осы.
Ал Жиембет жыраудың өзі араласа жүріп, көзбен көрген тарихи оқиғалар көрінісі қандай және ол көріністерден қандай жағдайларды аңғаруға болады? Мәтінге ден қоялық:
...Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ:
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр бурыл байталға
Сонда бір жайдақ мінгенсің...
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған,
Сұлтандар суға сылаған,
Қаз мойынды ханыша
Қалада тұрып жылаған...
Тал шарбаққа мал сақтап,
Тас қалаға жан сақтап,
Тасқан екен мына хан!..
Ұсынылған үзіндіден бұрынырақта өткен оқиға мен толғау айтылған сәттегі жағдайды көреміз. Жырау толғауында айтылатын «Қалмақтың Бөрі ханы» кім екенін нақтылау қиын, әйткенмен, мұндай оқиғаның болғанын жоққа шығару да қисынға келмейді. Бұл оқиға Тәуекел ханның билік құрған тұсында, яғни Есімнің сұлтан кезінде болуы, яки Есімнің таққа отырған алғашқы жылдары орын алуы ықтимал. Қалай болса да, бұл көрініс қазақ пен қалмақтың арақатынасы ушығып тұрған кезеңнің бейнесін көрсетеді. Қылар қайрат таба алмай, хандар қалаға қашса, сұлтандар су (өзен) жағалай қашса, ханшаның көзі жастан құрғамай жатса, бұл оқиғаның қазақ үшін қасіретті оқиғалардың бірі болғаны анық.
Осы тұста назар аударатын бір жәйт – жырау қолданысындағы «Қаз мойынды ханыша» тіркесі. Егер айтылып тұрған «ханшаны»Есімге тікелей қатысты қабылдар болсақ, ондай жағдайда бұл оқиға Есімнің сұлтан кезіне тән болады. Өйткені сол уақытта Есім тақ иесі – хан болса, онда оның жары «ханым» болуға тиіс. Бұл, әрине, жорамал.