IV. Әліпби ауыстыру жазу реформасына айналу керек

1 Наурыз 2014, 07:09

Орыс тілінің ықпалына байланысты «игі» деген сөзді бірде тырнақшаға алып, зиянын көрсетіп, бірде тырнақшасыз жазып, пайдасын дәріптеп отыруға тура келеді.

7.1. Орыс тілінің ықпалына байланысты «игі» деген сөзді бірде тырнақшаға алып, зиянын көрсетіп, бірде тырнақшасыз жазып, пайдасын дәріптеп отыруға тура келеді. Жақында, Елбасымыздың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақ қауымына қалай ендірілгенін құптамаймыз» деп, мәселенің басын ашып айтқаны есімізде. Бұл көпшілік көкейінде жүрген көп ойдың шын ақиқаты еді. Сондықтан әліпби ауыстыруды белгілі бір елдің тіліне не жазуына қарсылық деп түсінбей, тағы да қайталап айтамыз, қазақ тілінің жазуына реформа жасау деп бағалау керек болады.

7.2. Әрі қарай орыс тілінің тырнақша арқылы жазылатын «игі» ықпалына ғана тоқталамыз. Егер бүгінгі жазуға байланысты науқанды жазу реформасына айналдыра алсақ, онда қазіргі қазақ жазуының емле-ережесінің көптеген жаңсақ тұстарынан арылар едік.   Себебі кезінде араб дәстүрімен, кейіннен орыс жазуының ықпалымен енген бір топ кірме әріптер мен
емле-ережелер қазақ тілінің ішкі айтылым заңдылықтарына кереғар келіп жатыр. Соның нәтижесінде жазумен тілі шыққан кейінгі жас ұрпақтың, тіптен, жас ұрпақ қана емес, ересектердің де тілі бұзылып барады. Мысалы, мектептен бастап «мынау - и» деп орыс тіліндегідей жіңішке айтқызып үйретіп, сонан соң жартыкеш емлеге сүйеніп, қазақ сөзін ми  деп жазып қоямыз. Сөйтіп, қазақтың ый, ій  деген дыбыс тіркесін орыстың и деген дауысты таңбасына байлап беріп, ми деп жазып, кейінгі ұрпақты мый деп айтқыза алмай әлек болып келеміз. Осыдан кейін баланың қазақтың мый  деген сөзін ми  деп жіңішке айтпасқа амалы жоқ. Бүгінгі күндері солай айтып та жүр. Жас ұрпақ тілінен мұндай мысалдарды көптеп табуға болады.

7.3. Тіл мамандары орыс жазуының мұндай тіл бұзар әсерін көрмей отырған жоқ. Қазақ жазуына жасалар болашақ реформаны (тек қана әліпби ауыстыру емес) тіл бұзар емле-ережелерден құтылудың бір амалы деп түсініп отыр. Сондықтан орыс тілінің ықпалы дегенде, орыстың тілін емес, оның төркіні бөлек емле-ережесінің туыстығы бөлек қазақ тіліне орынсыз тықпаланғандығын айтамыз. Табиғаты бөлек орыс әліпбиін орыс тілінің емле-ережесімен қоса алғандықтан, қазақ сөзінің айтылым үлгісі сол жазу келген тілдің қанжығасында кеткені рас. Бұл - ғылым дәлелдеп, тарих көрсетіп отырған жай. Оған дәлелді алыстан іздемей-ақ, орыс жазуының үлгісімен қалыптасқан қазіргі ұрпақ тіліне көңіл бөлейікші. Күні-түні үйде де, түзде де көз алдымызда тұрған орыс жазуы жекелеген қазақша дыбыс түгілі, тіліңді де ұмыттырып жібере жаздаған жоқ па ?

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу: