Иттің қасқырдан қорқатыны туралы аңыз

29 Маусым 2015, 05:52

Жаратылысында қасқыр мен ит бітіспес жау. Дегенмен ит қасқырдан әлсіз, оған көп бата бермейді.

Иттің сырттаны болмаса, қасқырға, бөріге қарсы келгенде бата алмайтындары, тіпті иісін сезгеннен зып беретіндері көп. Қазақы ортада қазақы иттер мен дүрегей төбеттердің ұяластарын ауыздандырып қасқырға салатын болған. Десе де, қасқыр алатын иттер некен-саяқ.

Мына бір ел аузындағы сөздерден иттің қасқырға төтеп беруін аңдауға болады: «ауыл иті ала болса да, бөрі келгенде бірігеді», «бөрібасар кетті, бөрі келіп жетті», «бөлінгенді бөрі жер».

Жаратылысында қасқыр  мен ит бітіспес жау. Дегенмен ит қасқырдан әлсіз, оған көп бата бермейді. Иттің қасқырдан қорқатыны жайында қазақы ортада мынадай аңыз бар:

«Ертеректе Баласағұн қаласына иелік еткен бір билеушінің баласының түсіне үнемі қасқыр кіріп, оны қуып жүреді екен. Баласының түсін әкесі балгерге жорытады. Сонда балгер: «Мәртебелі Тақсыр, сіздің балаңызды жеу үшін бір сырттан қасқыр келе жатыр екен. Ол қасқырдың қаншығы сіздің балаңыздың жүрегіне жерік екен»-деп түсін жорып береді. Балгердің сөзіне сенбеген әкесі атағы шыққан басқа көріпкелді алдырып, оған баласының түсін баяндап береді. Бұл көріпкел де алдыңғы балгер айтқанды қайталаса керек. Сонда амалы таусылған баланың әкесі көріпкелге

«Менің баламды өлімнен құтқарудың жолын айтсаң, бар тілегіңді орындаймын» дейді. Сонда балгер «Осы жерден төрт күндік жерде бір кедейдің сырттан иті бар. Егер балаңыз үлгеріп жетсе, сол ит қана оны өлімнен құтқара алады, балаңызды тез арада аттандырыңыз» дейді. Əкесі сөзге келместен баласын сәйгүлікке мінгізіп, аттандырып жібереді.

Бала тоқтамастан шауып, үшінші күн дегенде артынан қасқыр түсіп бастырмалата қуады. Сәйгүлік болдырып шабысы бәсеңдегенде қасқыр да жетіп қалады. Сонда алыстан үрген иттің даусы естіледі. Иттің даусынан сескенген қасқыр тоқтап қалады. Иттің даусы басылған соң қайта қуып, балаға қуып жетеді де аттың құйрығынан тістеп, тартып тоқтатады. Осы кезде алдынан ақсарбас төбет атып шығады. Итті көрген қасқыр атты жібере сала, орнынан тапжылмай тұра қалады. Иттің сырттаны мен қасқырдың арланы алыса кетеді. Адамдардың оқыс шыққан дауыстарына ит қарап қалғанда қасқыр оны желкеден бас салады. Осы кезде иттің иесі жетіп, «Қап, әттеген-ай, бекер жасадың, енді иттерге қасқыр қожалық ететін болды»-деп беліндегі кездігімен қасқырдың қарнын жарып өлтіреді. Сөйтіп ит те қасқыр да мерт болады. Міне осыдан бастап итті бұрын тістеп басып қалған Қ. атаулыдан ит қорқатын болған екен».


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу: