3 Қыркүйек 2014, 14:44
– Иә, батыр, шығар жан болжаусыз деген, келер қонақ болжаусыз деген, мына бұйырған дәмге риза боларсыз, – дейді. Сонда Итіке батыр:
– Шығар жан болжаусыз дегенің – надандығың. Надандығың демей не дейін, туғаннан кейін өлеріңді білмейсің бе? Ал келер қонақ болжаусыз дегенің – сараңдығың. Сараңдығың демей не дейін, бір омыртқаңды артық салсаң, келсе қонағың жейді, келмесе өзің жемейсің бе?
Ертеңінде ас үстінде Мырзатай қу тағы да:
– Батыр, мынау арнайы қонақасыңыз, жеңіз! Біздің үйге келген қонақтар көп асатымпаз келеді, жеңіз, – деп қағытады. Сонда Итіке батыр:
– Сенің басқа қонағың не тойғанынан асататын болар, не қорыққанынан асататын болар. Ал мен тойғаным да жоқ, қорықпаймын да. Сондықтан мен ешкімге етті асатпаймын да, – депті.
Мырзатай қуға алғысын айтып, Итіке жүруге ыңғайланғанда:
– Батыр, жүруге рұқсат жоқ, – дейді Мырзатай, ертеңіне де рұқсат бермейді. Үшінші күні Мырзатай қу:
– Ал, батыр, сыртыңнан батырлығыңды да, шешендігіңді де естуші едім. Енді, міне, көзіммен көрдім. Сен жеңдің, мен жеңілдім. Сол үшін мына атты жылқыдан әдейі алдыртып сізге мінгіздім, ал мына жұттан арып келе жатқан малыңыз әрі қарай айдауды көтере алмас, осында қыстасын. Бұл сізге жапқан шапаным болсын, – дейді. Содан былай екеуі достас болып кеткен көрінеді».
Итіке батыр мемлекеттік қызметке де араласады. 1830 жылы Аманқарағай округі құрылған кезде аға сұлтан Жалбыр Абдулиннің бірінші орынбасары болып сайланған. Меккеге барып қажылық сапарын өтеп қайтқан. Өз ауылында әкесі ашқан мешіт пен медресені қаржыландырып отырған.
«Бала кезімде, біздің үлкен үйде, яғни Маметұлы Кәмелдің үйінде Итіке батырдың жаугершілікте киетін сауытын, дулығасын, жорықта ала жүретін көк шатырын көрген едім, кейін колхоздасқанда олардың қайда кеткенін білмеймін», – дейді Қайырбек Қамзаұлы.
1960 жылдардың аяқ кезінде Қайрекең іссапармен сол кездегі Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданындағы «Афанасьев» совхозының Рясинка бөлімшесінде болғанында бабасы Итікенің зираты сол жерге жақын екенін естіп, барған үйінің иесіне ат жектіріп, батырдың зиратына барып дұға оқытып қайтады. Зираттың орта тұсында үш үлкен оба бар екен.
«Осылардың ең үлкені Итіке батырдікі деседі ғой жұрт», – депті қасындағы кісі. Сол күні сол маңай жағы Балта руына жататын бір ауылдағы жасы тоқсаннан асқан бір қариядан:
«Отағасы, осы Итіке атамыз қандай ерлігі үшін батыр атанды?» деп сұрадым», – дейді Қайрекең.
Сонда қария: «Е, шырағым, ол кез жаугершілік заман ғой. Әсіресе қалмақ жаугершілері қазақ жеріне талай ауыз салған ғой. Сонда сол қалмақтарды осы өңірден қуып, жерімізді, елімізді қорғаған қазақ батырларының бірі осы Итіке атаң ғой», – депті.
Итіке батырдың баласы Аулабай да әкесіне тартқан шешен және кезінде ірі беделді билердің бірі болыпты. Алдына келген даулы істерді қара қылды қақ жарғандай әділ шешіп, жұрттың алғысына бөленіпті. Сол Аулабай бидің шөбересі Қайырбек Қамзаұлы көп жыл еліне адал қызмет жасады. Осы күні ол – соғыс және еңбек ардагері, зейнеткер. Ол өзінің балалары мен немерелеріне Итікедей батыр, Аулабайдай әділ би бабаларының еліне, халқына қамқор болған игі істерін айтып, олардың бойларында мақтаныш сезімін ұялатады. Сондай бабаларының қасиетті істері мен асыл сөздерін үлгі етіп көрсетіп, ұрпақтарын отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге тырысады. Осылайша бабалардың жақсы үлгіөнегесі ұрпақтанұрпаққа жалғаса бермек.