Істен шықса да жаңа жобаға арқау болды

23 Қаңтар 2017, 15:38 7527

Трамвай депосы

Бір ғасырға жуық уақыт алматылықтарға қызмет етіп, қаланың ажырамас бөлігі болып қалыптасып үлгерген трамвайлардың тоқтап қалғанына да біршама уақыт болды. Ірі жол апатына себеп болғандықтан 2015 жылы Алматы қаласының басқарма бөлімі трамвайды қоғамдық көлік ретінде қолданудан бас тартты. Осы сәттен бастап қаладағы трамвай депосы қаңырап бос қалған еді.

Бұл ескі нысан өткен ғасырдың 30-жылдарының өнеркәсіптік сәулет өнерінен көрініс беретін екі гектардан астам кеңістікті алып жатыр. Алматының даму орталығы депоның орнына қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа ғимарат тұрғызуға байланысты конкурс ұйымдастырған болатын. Бұл жайлы әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланды. Ал өзінің жобасын ұсынуға кез келген адамның мүмкіншілігі болды.

Берілген уақыт аралығында 23 жоба келіп түскен еді. Олардың тағдыры қала құрылысының кеңесінде шешіледі. Бұл конкурстың бір ерекшелігі – сарапшы комиссия тек архитектор мамандардың ғана емес, қала тұрғындарының да пікірін ескеретін болады. Сондықтан да бұл елімізде бұрын соңды болмаған шара деп айтуға болады. Оңтүстік астананың тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы өздеріне ұнаған жобаны таңдай алады. Сайыс алматылықтардың қаладағы сәулет өнерінің қалыптасуына ықпал етуіне мүмкіндік береді.  

Сынға түскен жобаларға қойылған ең басты талап – нысанның негізгі құрылымын сақтап қалу. Бұл бір жағынан тарихқа деген сыйластық, екіншісінен – бюджет үнемділігі. Сондай-ақ жаңа қоғамдық орын тәулік бойы жұмыс істеуі керек. Және ең соңғы шарт – жаңа жоба урбанистика қағидаларына сай болуы тиіс.

Алматылықтар таңдау барысында біраз қиналары анық. Себебі, бәскелестік жоғары деңгейде. Әр жобаның өз ерекшелігі бар. Трамвайлардың мекені болған аймаққа саябақтар, өнер галереясы, әр түрлі бағыттағы мұражайлар, спорттық кешендер, сондай-ақ балаларға арналған көпфункциялы орталықтар ашу ұсынылды.

Енді бір-екі жылдан кейін үнсіз жатқан депоның орнына жаңа жүйедегі, қайнаған тіршіліктің ортасына айналар жаңа нысан ашылады. Үздіктер қатарында – қала тарихынан сыр шертетін «Дэпо парк» кешені мен «Политехникалық мұражай» келеді. Айта кететін бір жайт, Алматы мұрындық болған мұндай шараларға өзге қалалар да үн қосуда. Мысалы, Шымкентте ескі тарихи ғимаратты қайта жөндеу ісі бойынша ұсынылған жобалардың үздігін дауыс беру арқылы халықтың өзі таңдап отыр. Демек, бір жыл бұрын тоқтап қалған Алматы трамвайлары қаламызды әлі де алға жетелеуде.

                                   

Жазира Берғалиева
Бөлісу: