Испанияның ұлттық электр желісін басқаратын Red Eléctrica компаниясының хабарлауынша, елдегі кең ауқымды электр қуатының үзілуінен кейін электрмен жабдықтау жүйесі қалпына келтірілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Cadena SER радиостанциясының мәліметінше, электр жүйелерінің толықтай қалпына келуі блэкаут басталған сәттен кейін 22 сағат 45 минут өткен соң жүзеге асты.
Жартылай арал аумағында электр жүйелерінің жұмысы қалыпқа келтірілді, – деп хабарлады компания X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, дүйсенбі күні Испанияның басым бөлігінде жергілікті сағат 12:30-да электр қуаты сөніп қалды. Электр желілерін басқаратын Red Eléctrica компаниясы қалпына келтіру жұмыстарына он сағатқа дейін уақыт қажет болатынын мәлімдеді. Бұл ақау Португалия, Франция және Андорра елдеріне де әсерін тигізді.
Блэкаут салдарынан барлық теміржол қатынасы тоқтап, қалалардағы қоғамдық көлік қозғалысы тежелді — бағдаршамдар істен шықты. Супермаркеттерде ұзын-сонар кезектер пайда болып, адамдарды лифтілерден құтқаруға тура келді. Елдегі атом электр станциялары қауіпсіз түрде тоқтатылды. Қазіргі уақытта ақаудың нақты себебі анықталуда.