Исламда сыйлық беру әдебі қандай?

2 Наурыз 2016, 10:54

Сыйлық – татуласудың кепілі

Адамдардың бір-біріне ақ ниетпен сый-сияпат көрсетуі олардың арасында өзара мейірім, құрмет, махаббат, түсіністік сезімін оятады. Ислам діні адамдардың психологиясы мен жан-дүниесіне айрықша әсер ететін осынау әдет-ғұрыпты тиімді пайдаланған. Соның нәтижесінде дінаралық, ұлтаралық келіспеушіліктер мен дұшпандықты достық пен түсіністікке айналдырған.

Осыған орай пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: «Араларыңдағы дұшпандық пен кекті жою үшін сыйлық беріп, бір-біріңді жақсы көріңдер». Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар өзіне келген елшілерге де, басқа адамдарға да сыйлық беруді ешқашан да есінен шығармаған. Адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олармен достық қарым-қатынаста болу үшін сыйлық берудің айыбы жоқ. Шариғат ақ ниетпен сыйлық беруге, оны алуға қарсы емес. Тек жасаған жақсылығы, көрсетер көмегі үшін сыйлық дәмету мұсылманшылыққа, адамгершілікке жатпайды.

Екі дүние сардары Мұхаммед пайғамбарымыздың әрбір амал-әрекеті – адамзат үшін асыл мұра, адастырмас ақиқат жол екендігі даусыз. Ендеше, сүйікті пайғамбарымыз жасаған әрбір амал-әрекетті қайталау – біздерді сауапқа кенелтері сөзсіз.

Сүннеттердің ішіндегі ең нәзігі – сыйлық жасау дәстүрі. Бұл адамдардың арасында достық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер[1]», – деген хадис жеткізген.

Сыйлық – татуласудың кепілі

Осы орайда сыйланған заттың қымбат-арзандығына қарамастан, шын көңілмен қабыл алудың да пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті екенін ұмытпағанымыз жөн. Алла Елшісі (с.ғ.с.) жай қарапайым затты сыйлық етіп берсе де қабылдайтын. Әнас бин Малик (р.а.): «Пайғамбарға (с.ғ.с.) Барира өзіне садақа етіп берілген етті сыйлады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұл ет оған (Барираға) – садақа, ал бізге – сыйлық», – деген екен[2]».

Бұл сүннетті орындау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітапша, гүл, қаламсап сияқты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тастайтыны белгілі.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистері мен сүннеттерінде сыйлық жайында егжей-тегжейлі айтылғанын көруге болады. Алла елшісі (с.а.с.) хадистерінде адамдардың бір-біріне сыйлық тарту етуі өзара сыйластық пен достықты нығайтатынын, қызғаныш, көреалмаушылық, сараңдық секілді жаман мінез-құлықтардан арылтатынын айтқан. Сыйлық берудің пайдасы жайлы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Сыйлық беріңдер, бір-біріңе деген сыйластықтарың артсын», «Бір-біріңе тағам тарту етіңдер. Бұл ризықтарыңның берекеттенуіне жол ашады», «Маған сыйлыққа қойдың сирағы тарту етілсе де қабыл аламын. Одан пісірілген тамаққа шақырылсам да бас тартпаймын», «Бір-біріңе сыйлық беріңдер. Себебі, сыйлық жүректегі күмәнді жояды. Әйелдер көршілерінің тарту еткендерін менсінбей жүрмесін, тіпті қойдың сирағы болса да» деген хадистері бар.

Жоғарыдағы хадистерде сыйлықтың пайдаларымен қатар, арзан сыйлық болса да қабыл алу керектігі айтылады. Әсіресе, көршілер туралы мысал беріліп, көршілердің де бір-біріне сыйлық беруі қажеттігі меңзеледі. Бұлардың бәрі де әлеуметтік өміріміз үшін қажетті мәселелер.

Пайғам-барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: «Араларың-дағы дұшпандық пен кекті жою үшін сыйлық беріп, бір-біріңді жақсы көріңдер». Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғам-бар өзіне келген елшілерге де, басқа адамдарға да сыйлық беруді ешқашан да есінен шығармаған. Бір рет Ол Бахрейннен жиырма адамды Мәдинаға арнайы шақыртып алады. Олардың ішінде он екі адам Абдулқайыс қауымынан еді. Бұлардың бәрі де Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) кездескеннен кейін Ислам дінін қабылдайды. Шақырылған адамдар елдеріне қайтуға жиналып жатқанында Аллаһ Тағаланың сүйікті Елшісі Абдулқайыстықтардың әрқайсына сыйлық беруге бұйырады да, елшілердің басшысы Абдуллаһ ибн Ауфқа он екі жарым үкие (өлшем бірлігі) күміс береді. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Мура ұлдарының он үш адамнан тұратын уәкілдері келгенде оларға да сыйлық беру жөнінде Біләлға (р.а.) әмір етеді. Расулуллаһтың (с.ғ.с.) осылай адамдардың көңілдерін жадыратып, олармен түсіністік, тіл табу үшін сыйлық берген кездері көп.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

  

 

Бөлісу: