Исламбек Мұсабеков: Кейінгі жылдары адамдардың IQ деңгейі төмендеп жатыр

19 Шілде, 18:30 1521

22 шілде – Дүниежүзілік ми күні. Кейінгі жылдары миға жасалатын тәжірибе көбейіп, оның жұмысы қарқынды зерттеліп жатыр. Тіпті алпауыт компаниялар миға чип салып, оны компьютер көмегімен басқаруға ұмтылуда.

ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасында да ғылымды дамытуға құштар, елдің денсаулық сақтау саласының ілгерілуіне үлес қосып жүрген медицина қызметкерлері баршылық. Солардың бірі – дәрігер-нейрохирург Исламбек Мұсабеков. Ми күні қарсаңында біз дәрігермен сұхбаттасып, көптеген қызықтыратын сұрақтарға жауап алдық.

El.kz: Сіздің жұмысыңыздың ең қызық тұсы – адам миын өз көзіңізбен көретініңіз. Нейрохирургия ілімі мидан бөлек нені зерттейді?

Исламбек Мұсабеков: Нейрохирургия – жүйке жүйесі аурулары мен бұзылыстарын, соның ішінде ми мен жұлынды, сондай-ақ перифериялық нервтерді диагностикалауға, емдеуге және алдын алуға бағытталған медицинаның мамандандырылған саласы. Біздің мамандар ми мен жұлынға күрделі хирургиялық операциялар жасап, микроскопиялық хирургия, эндоскопиялық хирургия және стереотактикалық радиохирургия сияқты заманауи технологиялар мен әдістерді қолданады.

Ми – ағзамыздың басты мүшесі болғандықтан емдеу барысында науқастың өмір сапасына зиян келмеуін бірінші орынға қоямыз.

El.kz: Ең ұзақ жасаған операцияңыз қанша уақытқа созылды?

Исламбек Мұсабеков: Қателеспесем, 18 сағат. Операция кезінде уақыт өте жылдам өтеді, секундтар минуттарға, минуттар сағаттарға алмасып, уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз.

Сапалы операция уақыт пен зейінді талап ететіндіктен сағатқа телмірмей, назарды науқастың жағдайына аударғанды құп көреміз.

El.kz: Мидағы қатерлі ісік емделе ме?

Исламбек Мұсабеков: Иә, медицина саласы дамыған заманда ми ісіктерін емдеуге болады. Осы жерде емдеу ісіктің түріне, мөлшеріне, орналасуы мен дәрежесіне және науқастың жалпы денсаулығына байланысты екенін айта кеткен жөн.

Негізгі емдеу әдістерінің қатарында ісікті хирургиялық жолмен алып тастау, эндоваскулярлы нейрохирургия, қатерлі ісік жасушаларын жою немесе ісік мөлшерін азайту үшін сәулелік терапияны қолдану, химиотерапия – рак клеткаларын өлтіретін дәрілерді пайдалану, стереотаксикалық радиохирургия, таргетті терапия, сондай-ақ иммунотерапия – ісікпен күресу үшін науқастың иммундық жүйесін күшейту бар.

Атап өткен тізімнің ішінде таргетті терапия мен иммунотерапия елімізде енді қолға алынып келе жатқан әдіс. Ал қалған бағыттар ел азаматтарына МӘМС шеңберінде толықтай тегін, яғни сақтандыру есебі арқылы қолжетімді. Айтқым келгені, қазір ел аралап, тау асып басқа мемлекеттерден ем іздеудің қажеті жоқ.

El.kz: Кейінгі жылдары қандай аурулар өршіп кетті?

Исламбек Мұсабеков: Дүниежүзілік ғылыми деректердің статистикасына сүйенсек, ми мен жүйке жүйесінің бірқатар ауруларының көбейгені байқалады. Олардың негізгілеріне нейродегенеративті аурулар, яғни Альцгеймер ауруы мен деменцияның түрлері жатады. Сонымен қатар бұл тізімде инсульт (цереброваскулярлық аурулар) те бар. Адамдар арасында гипертония, қант диабеті, семіздік және отырықшы өмір салты сияқты қауіп факторларының артуына байланысты инсульт саны артып келеді. Кейінгі жылдары ми ісіктері мен эпилепсияға шалдыққан науқастар саны да көбейген.

Сырқаттанған адамдар санының артуына әсер ететін факторлар да жоқ емес. Мәселен, өмір сүру ұзақтығының артуы деменция және Паркинсон сияқты жасқа байланысты аурулардың көбеюіне әкеп соқса, қоршаған ортаның ластануы, тамақтану мен өмір салтының өзгеруі және генетикалық бейімділік те аурудың көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Оған қоса медициналық технологиялар дамып, медициналық көмектің қолжетімді болуы ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, яғни ол да статистикаға әсер етеді.

Фото: ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы

El.kz: Нейрохирургия саласы кейінгі жылдары қалай өзгерді? Ми қызметі туралы кейінгі 10-15 жылдағы қай жаңалықты ең маңызды әрі ерекше деп айтар едіңіз?

Исламбек Мұсабеков: Қазір ота жасау үшін қолданылып жүрген техникалардың барлығын жаңалық деп айтар едім. Атап айтқанда, интервенционды хирургия – биплан жүйесі, операция барысында қолданылатын микроскоп, навигациялық жүйе, нейромониторинг, стереотаксикалық радиохирургия – Gamma Knife, Cyber Knife, диагностикалау – функционалды МРТ (fMRI), трактография, спектроскопия.

Себебі, бұлардың бәрі жыл сайын өңделіп, телефон тәрізді жаңарып отыр.

El.kz: Кей зерттеулер бойынша кейінгі онжылдықта адамдардың IQ деңгейі төмендеп жатыр екен. Расымен солай ма?

Исламбек Мұсабеков: Иә, толықтай келісемін. Адамдардың IQ деңгейі төмендеп жатқаны рас, ол көбіне физиологиялық және әлеуметтік факторларға байланысты болады.

Ми жарақаттары мен инсульт когнитивті құлдырауға әкелуі мүмкін. Атап айтсақ, Альцгеймер, Паркинсон аурулары және басқа нейродегенеративті сырқаттардың артуы когнитивті функцияның прогрессивті жоғалуына әкеледі. Ал менингит, энцефалит және басқа инфекциялар миды зақымдауы және танымдық қабілетін төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар қант диабеті, гипертония және жүрек-қан тамыры аурулары мидың саулығына кері әсер етеді.

Бұл қатарға психологиялық және психиатриялық факторларды да жатқызамыз: депрессия және мазасыздық когнитивті тапшылыққа, зейін мен есте сақтау қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Ал созылмалы күйзеліс когнитивті функцияға теріс әсер етуі және IQ деңгейін төмендетуі мүмкін.

Әлеуметтік және білім беру факторлары да осы тізімге қосылады. Балалық шақтағы білім, когнитивті міндет пен психикалық ынтаның болмауы когнитивті қабілеттердің дамуына теріс әсер етуі ықтимал. Оған қоса әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендігі сапалы білімге, медициналық көмекке және тамақтануға қолжетімділікті шектейді, ал бұл жағдай когнитивті функцияға теріс әсер етуі мүмкін.

Көптеген адамдар қартайған сайын да когнитивті құлдырауға ұшырайды, бұл IQ деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Когнитивті денсаулықты сақтау және IQ төмендеуінің алдын алу үшін белсенді және салауатты өмір салтын ұстану, соның ішінде тұрақты жаттығу жасап тұру, тамақтануды қадағау және денені қажетті қоректік заттармен қамтамасыз ету, темекі, алкоголь және есірткі сынды теріс әдеттерден аулақ болу, оқу, тапсырмаларды шешу және басқа интеллектуал әрекеттер арқылы ақыл-ой белсенділігін қолдау, күйзелісті басқару және психикалық денсаулыққа қамқорлық жасау ұсынылады.

Сондай-ақ үнемі медициналық тексеруден өтіп, созылмалы ауруларды бақылап отырған абзал.

Бұл шаралар когнитивті функцияны және мидың жалпы саулығын жоғары деңгейде ұстауға көмектеседі.

Фото: ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы

El.kz: Илон Масктің Neuralink компаниясы адам миына чип салып жатыр. Болашақта миды компьютермен синхрондау жоспарда бар. Осыған көзқарасыңыз қандай? Бұл адам миына қалай әсер етеді?

Исламбек Мұсабеков: Бұл қазір қызу талқыға салынып жатқан сұрақтардың бірі. Оны нейроинтерфейстер немесе нейропротездер деп те атаймыз. Адамның басына чип енгізу қазіргі заманғы ғылым мен медицинаның ең қызық әрі болашағы зор салаларының бірі деп ойлаймын. Себебі мұндай технологиялар түрлі ауруы мен жарақаты бар адамдардың өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға, сондай-ақ адам миының мүмкіндігін кеңейтуге сеп болады.

Нейроинтерфейстерді пайдалана отырып Паркинсон ауруы, эпилепсия сынды неврологиялық ауруларды емдеуге болады.

Жарақаттан кейінгі функцияларды қалпына келтіру кезінде де нейроинтерфейстің маңызы зор. Мәселен, имплантацияланған чиптер жұлын жарақаттары немесе аяқ-қолын кесіп алып тастаған науқастардың жоғалған қабілеттерін қалпына келтіруге көмектеседі. Нейропротездер ми сигналдары арқылы жасанды аяқ-қолдарды басқара алады.

Адам миына чип қою арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдарға да көмектесуге болады. Нейрондық интерфейстер сөйлеу немесе қозғалысы шектелген адамдарға компьютер мен басқа құрылғыларды ой күшімен басқаруға мүмкіндік береді.

Адамның басына чип салу – болашағы жарқын озық технология, бірақ оны қолданысқа енгізу үшін кешенді тәсіл құрып, көптеген техникалық, медициналық, этикалық және әлеуметтік мәселені шешу қажет деп ойлаймын.

El.kz: ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасында нейрохирургиялық жолмен емдеудің қандай тәсілдері қарастырылған? Қандай сырқаттар емделеді?

Исламбек Мұсабеков: Біздің Ауруханада нейрохиругиялық операциялардың барлық түрі бойынша қызмет көрсетіледі.

Аурухананың нейрохирургия командасы невролог, эпилептолог, нейрорадиолог, нейроанестезиолог, нейрохирург, нейрореабилитолог сынды мамандардан құралған.

Біз кардиохирургиялық диагностика, нейрохирургиялық операция, операциядан кейінгі дербестендірілген бағдарламалау және нейрореабилитация жүргізіп, әр пациентке жеке көңіл бөлуге тырысамыз.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: