Ислам әлеміне деген көзқарасты өзгерту керек – саясаттанушы

20 Қараша, 18:43 545

Исламнан қауіп іздеуді қойып, оны жаңа заманға бейімдегеннен ұтарымыз көп болмаса, ұтыларымыз жоқ. El.kz осы мәселені Таяу Шығыстағы қақтығыспен байланыстыра отырып, саясаттанушы Жанат Момынқұловпен бірлесе талдады.

Қазір әлемде үшінші дүниежүзілік соғыс деп атамасақ та, елдер арасында түрлі қақтығыстар болып жатыр. Қазір солардың әлемді ең алаңдататын екеуін айтсақ, олар – Украина мен Ресей, Палестина мен Израиль. Славяндардың өзара соғысып жатқанына екі жарым жылдан асты. Негізі, ерегіс одан ертерек басталған. Ал арабтар мен еврейлер өмір бойы қырқысып келеді. 100 жыл деген өмір бойы емей немене? Осы жүз жылдық қақтығыстың тарихына аздап тоқталсақ дейміз. 

Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң көп ұзамай еврейлер Палестинаға қарай жаппай ағыла бастады. БҰҰ дерегіне сүйенсек, бұл елге 10 жыл ішінде 100 мыңдай еврей қоныс аударыпты. Бұған палестиналықтар 1920 жылдардың басында-ақ наразылық білдіре бастаған. Осы жылдары үш бірдей сұмдық қақтығыс болды. Ал 1929 жылғы палестиналықтар көтерілісі кезінде 220 адам қаза тапқан. 1930 жылдары мұнда 230 мыңнан аса заңсыз мигрант келіпті. Осы жылдардың аяғында Палестина халқының саны шамамен 1,5 миллион болса, соның 445 мыңы еврейлер екен. Германия билігіне әсіре ұлтшылдар келіп, еврейлерді жаппай қуғындай бастағанда бұл аймаққа бас сауғалап келушілер тіпті көбейген. Ол 1933 жыл еді.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Жанат Момынқұлов кейбір елдерде пайда болған нақ осы әсіре ұлтшылдық аталған ұлттың босып кетуін өршіте түскенін айтады.

Еврейлердің бүкіл Еуропада босып жүргеніне жалпы екі мың жылдай болды. Сосын тіпті әртүрлі империялардың күйреуімен бірге ұлтшылдық күшейіп, жаңа мемлекеттер пайда бола бастағанда сол Еуропада өмір сүріп келген осы еврей қауымдастықтары өздерінің отанын іздеуге көшті. Олардың көбі Америкаға және басқа жаққа қарай қоныс аударды. Империялар ыдырап, орнына коммунизм немесе Гитлер бастаған нацизм келіп жатты ғой. Бірақ бұл мұсылман әлеміндегі үлкен бір дағдарыстың басы еді. Өйткені осы жағдай оны бөліп тастады, – дейді ол.

1936 жылы арабтар мен еврейлер арасындағы қақтығыстар кеңінен етек алды. Ресми дерек бойынша, сол кездерде 1000-ға жуық адам қаза тапқан.

Айта берсең, бұның жыры таусылмайды. Содан 1947 жылы Ұлыбритания өз қарауындағы осы аймақтың мәселесін Біріккен Ұлттар ұйымының алдына қояды. Соның нәтижесінде Израиль пайда болды. Палестина сегіз бөлікке бөлінді. Оның үшеуі еврей мемлекетіне, үшеуі арабтарға берілген. Жетіншісі еврей аумағындағы араб анклавына, сегізіншісі – Иерусалим арнайы халықаралық бақылаудағы бөлек аймаққа айналды.  

Тыныш жатқан осы Таяу Шығыста жасанды түрде еврей мемлекетін құру идеясы сонау сионизмнен бастау алады. Израиль әсіре ұлтшылдық негізде құрылды. Яғни ол – Ұлттық мемлекет моделі. Бұл – бір ұлт қана үстемдік етеді деген түсінік. Менің ойымша, ол мемлекеттің қауіпті формасы болды. Өте радикалды формасы. Сондықтан да өз басым моральдық жағынан болсын, мұсылман болған соң да, жалпы, зұлымдыққа ұшыраған халық ретінде палестиналықтарға жақтасамын. Бірақ арабтардың да жіберген қателіктері болды, – дейді Жанат Момынқұлов.

Яғни арабтардың әлі күнге дейін басы бірікпей келеді. Тіпті олардың елдері бірінен кейін бірі Израильмен келісімге келіп жатыр. Мұны бастаған – Мысыр. Ол еврей мемлекетімен 1979 жылы Кэмп-Дэвид деп аталатын шарт жасасты. Мысырға кейін Иордания (1994 жыл), Біріккен Араб Әмірліктері (2020 жыл, Ибраһим келісімі), Бахрейн (2020 жыл, Ибраһим), Судан (2020 жыл, Ибраһим) және Марокко (2020 жыл, Ибраһим) қосылды. Байқасаңыз, соңғы төрт ел Израильмен АҚШ-ты Дональд Трамп басқарған кезде келісім жасаған. Жақында Трамп президент сайлауында тағы жеңіске жетті. Енді Сауд Арабиясымен келісім болғалы жатыр. АҚШ-тың ескі де жаңа басшысы оны да келістіре алуы мүмкін. Бірақ Әр Риядтың шарты бар. Сауд Арабиясы алдымен Палестина республикасы құрылсын деп отыр.

100 жылдан бері қырылысып келе жатқан араб пен еврей арасындағы соңғы ірі қақтығыс осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын басталды. 2023 жылы 7 қазанда ХАМАС тобы Израильге басып кірді. Олар ең алдымен Газа секторынан 5 мыңға жуық зымыранды атқылаған. Сосын жермен, теңізбен, әуемен 2500 жасақшы Израиль аумағына өтіп алады. Соның салдарынан шамамен 1200 израильдік қаза тапқан. Бұл қақтығыс, одан кейінгі өзара қарымта жауаптар әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Әлбетте, сыртқы елдер мұндайда араағайындық жасауға тырысатыны анық. Олардың ішінде үнемі Қазақстан да жүреді. Астананың ниеті қашан да түзу. Ол әлемде де, елде де татулық, бейбітшілік болса екен дегенге саятыны анық. Израиль мен Палестина арасына қатысты ұстанымы да сол.  

Биыл наурыз айында еліміздің сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше сессиясына қатысты. Бұл жиын Таяу Шығыстағы аталмыш жағдайға бағытталған еді. Онда осы мәселедегі еліміздің ұстанымы туралы айтылды.

Сол кезде СІМ таратқан ақпаратта Қазақстанның аймақтағы барлық тұрғындар үшін бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздікке қол жеткізуге барынша күш салуға шақыратыны мәлім етілген. Сондай-ақ Мұрат Нұртілеу бұл тұрғыда еліміздің ұстанымы еш өзгермейтінін шегелеп айтты. Яғни Қазақстан көпжылдық қақтығыстың бірден-бір шешімі 1967 жылғы шекара негізінде «екі халық үшін екі мемлекет» үлгісі бойынша БҰҰ бекіткен Палестина мемлекетін құру деп санайды. Және оның астанасы Шығыс Иерусалимде болуы керек. Ресми Астана бұны бірнеше қайтара нақтылап айтты. Соның ішінде осы дүйсенбіде, яғни 11 қарашада өткен Араб мемлекеттері лигасы мен Ислам ынтымақтастық ұйымының кезектен тыс саммитінде де мәлімделді.

Қазақстан Газа секторындағы соғыс қимылдарын тез арада тоқтатуға шақыра отырып, Ислам ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдермен ниеттес екенін білдіреді және сол әрекетін жалғастырады. Осы мақсатта Иордан Хашимит Корольдігі биыл 27 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының төтенше арнайы сессиясында ұсынған қарарды қолдап дауыс бердік, – деді ҚР СІМ басшысы.          

Мұрат Нұртілеу көптеген бейбіт тұрғындардың, соның ішінде балалардың, әйелдер мен қарттардың осы қақтығыстың құрбаны болып жатқанына қынжылыс білдірді. Сондай-ақ ол Газа секторында қалып қойып, қазір ол жерден шыға алмай жүрген Қазақстан азаматтарына қатты алаңдайтынын жеткізді.

Бірақ саясаттанушының ойынша, біздің ел Палестина мен Израиль арасындағы жағдайға әзірге тікелей араласа алмайды.

Ұзақ мерзімде, алдағы бірнеше жылда белгілі бір ой болуы мүмкін. Ал дәл қазіргі кезеңде оған біздің дипломатиялық күш-жігеріміз жеткіліксіз. Өйткені бұл жерде әлем алпауыттарының әрқилы мүдделері бар. Соларды қозғап кетуіміз мүмкін. Сондықтан да бұл өте күрделі мәселе болып қала бермек. Қысқаша айтқанда, бұл арада АҚШ-тың Таяу Шығыстағы, мұсылман әлеміндегі ықпалы және жасанды мемлекет Израильдің осы аймақтағы рөлін сақтап қалу жайы тұр. Сондықтан Қазақстан өзінің саясатын дәл қазір қайта қарамаса да, бірақ алдағы кезеңдерде белсендірек және әртүрлі тараптармен жұмыс істей алады деп ойлаймын. Мысалы, Израильдің өзімен, араб елдерімен... – дейді Жанат Момынқұлов.

Жалпы, бұл мәселе айтудай-ақ айтылып, әр тараптан араағайындық жасалудай-ақ жасалып жатыр. Бірақ осы қақтығыс, соғыс біте ме дегенге қатысты үміттен гөрі күдік басым. Сарапшылардың пікірі әлемдік деңгейдегі сары уайымға әкеп тірейді.

Менің ойымша, Палестина мәселесі жақын арада шешілмейтін сияқты. Енді қараңыз, АҚШ-тың о бастағы Израильді қолдауының астарында стратегиялық мүдделер жатыр. Дональд Трампты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың жақын саяси досы деп айтуға болады. Енді бұл тараптың ойы –Киссинджер айтқандай, мәселені кейінгі соза түсу арқылы Палестинаны бірте-бірте жоқ қылып жіберу. Хезболланың, ХАМАС-тың басшылығын қырып тастады. БҰҰ-ның 1701 қарарына сәйкес, Ливан әскерін солтүстікке қарай ығыстыру ойы бар. Сондықтан Израиль өзінің қолын күшейте бермек. Сосын батыс жағалауды, Газа секторын да қиратып, тазалап тастады. Ондағы мақсаты – өзінің кеңістігін кеңейту, стратегиялық басымдығын нығайту. Және де өзінің стратегиялық бәсекелесі Иранға соққылар беріп жатыр. Иранға қарсы бұл әрекеттің де қиямет-қайымға дейін созыла беретін түрі бар, – дейді саясаттанушы.

Жанат Момынқұловтың айтуынша, еврейдің парсымен де басы піспейді. Өйткені екі жақта да ұлтшылдық қатты өршіп тұр. Осы жерде саясаттанушы КСРО-ның Израиль-Палестина қақтығысында араб ұлтшылдығын қолдағанын айтады. Ал кейін жеңілген соң ұлтшылдықтың орнын саяси ислам, діншілдік басып кеткен.

Бірақ осы соңғы «Ислам мемлекеті», басқа да лаңкестік ұйымдар көбейіп кеткеннен кейін бұлардың мән-мағынасы да азайып қалды. Сауд Арабиясының, Біріккен Араб Әмірліктерінің өздері жаңа мемлекет ретінде көрінгісі келеді. Оларда жүйе жетілдіріліп жатыр. Бұрынғыдай діни фанатизмнің, радикализмнің елі болғысы келмейді, – дейді сарапшы.

Оның пайымынша, әлемде осындай жағдайлар болып жатқан кезде Қазақстанда да исламға деген жаңаша көзқарас қалыптастырған жөн. Өйткені қазір бізде бұл дінге қатысты қоғамның көзқарасы біржақты болып, оған бір хас дұшпан ретінде қарау белең алып барады.

Діни ағымдардың бәрін қауіп ретінде ғана көрмеу керек. Ол кәдімгі қоғамның бір бөлігі болып кетті. Бұл мәселеге осы тұрғыдан қараған абзал. Ал біз исламды әртүрлі ағымдарға бөліп тастағанбыз. Сол бөлінуді енді азайтуға тиіспіз. Мұсылман әлемінің интеллектуалдарымен, ғалым-ғұламаларымен исламға тыныштық алып келу, дамудың жолына түсу, Батыстың алпауыттарымен қақтығыспай-ақ өз мүддемізді қорғау сияқты мәселелер бойынша бас біріктіруіміз қажет. Осы тұрғыда жаңа заманның мұсылманы ретіндегі тұжырымдамаларымызды ұсынған жөн. Жалпы, Қазақстан ислам әлеміне деген көзқарасын қайта қарауы керек, – дейді Жанат Момынқұлов.

Расымен де қазір исламда тыныштық болмай тұр. Одан халықты барынша жирендіру тұрғысында жұмыс жүріп жатқан сияқты. Тіпті біз жоғарыда тоқталып өткен Газа секторындағы жер аумағына таласты діндер соғысы деп түсініп жатқандаймыз. Сарапшылар осыны реттейтін идеология қажет деп санайды. Ал Қазақстанда ол ұлттық идеология болуға тиіс.   

Оразәлі Баймұрат
Бөлісу: