17 Қазан 2016, 04:50
ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев медициналық айықтырғыштарға қатысты түсіндірме жасады.
2010 жылы 32 медициналық айықтырғыш (қазіргі уақытта Уақытша бейімдеу және оңалту орталықтары) денсаулық сақтау органдарының құзыретіне тапсырылды, бұл ретте маскүнемдерді тиісті орындарға жеткізу функциясы ішкі істер органдарының құзыретінде қалды.
Сонымен қатар елімізде барлығы 29 осындай орталық жұмыс істейді, оларда барлығы 598 төсек-орын бар. Мамандардың айтуынша мұндай орталықтар қажеттілікті толық қамтамасыз етпейді.
Алмас Садубаев, ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:
— Біз қолданыстағы орталықтарды 240 төсек-орынға кеңейтуді ұсынамыз, сонымен қатар 595 төсек-орынды қамтитын қосымша тағы да осындай 38 орталық ашуды ұсынып отырмыз. Біз еліміздің барлық аудандарын қамтуды көздеп отырған жоқпыз. Жекелеген аудандар үшін бір орталық бөлсе, жеткілікті болады.
Оның айтуынша, мұндай мекемелер барлық аудан орталықтарында болған. Қазіргі уақытта олар тек қалалар мен облыс орталықтарында жұмыс істейді. Сондай-ақ, ІІМ-нің өкілі өзге проблемаға да тоқталды.
Ол заңнамаға сәйкес әкімшілік қамауға алу туралы сот шешіміне дейін полиция маскүнемді үш сағат қана ұстай алады. Мысалға, күйеуі үйінде жанжал шығарса, әйелі полиция шақырады. Үш сағат өткеннен кейін оны үйіне жібереді. Одан әрі ол мастығынан айықпастан отбасына қайта тиісіп, зомбылыққа баруы мүмкін. Сондықтан мас күйіндегі адамды мәжбүрлі емдеуге ресімдеу және жіберу рәсімдерін өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірлеудеміз деді департамент басшысы.
Статистикаға сүйенсек қазіргі уақытта мас күйде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың жоғары деңгейде болуы (2016 жылда 9 айда ішінде мас күйде 14 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалды, ал 2015 жылғы 12 айда бұл көрсеткіш 12,7 мыңды құрады). Мас күйде құқықбұзушылық жасағаны үшін ұсталған адамдар саны көбейді (ағымдағы жылғы 9 айда мас күйде жасаған 200 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, ал 2015 жылғы 12 айда бұл көрсеткіш 203,6 мыңға жеткен).
Рүстем ӘЛПИ