Ішкі істер министрлігінің жоғары лауазымды қызметкері ұсталды

Бүгiн, 12:40 186

ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы пара алды деген күдікке ілікті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Ақтауда ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының басшысы мен оның қарамағындағы қызметкер ұсталғаны туралы ақпарат пайда болған. Қылмыстық іс туралы ақпаратты ҰҚК растады. Комитет мәліметінше, олар «қылмыстық іс бойынша оң шешім шығару үшін бір миллион теңге көлемінде пара алды» деген күдікке ілінген.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 366-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге де ақпарат жария етілмейді, - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: