Ішкі істер министрі Түркістан облысында полиция бөлімінің жаңа ғимаратын ашты

20 Шілде, 17:14 1385

Ішкі істер министрі Ержан Саденов жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Ведомство басшысы өңірлік полицияның жаңа ғимаратын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Министр 100 мыңнан астам тұрғыны бар Сауран ауданында жаңа полиция ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты. Үш қабатты нысанның жалпы ауданы 4 мың шаршы метрден асады. Онда азаматтарды қабылдау және тиімді қызмет ету үшін қажетті барлық заманауи жабдықтар қарастырылған. Сондай-ақ еліміздің бас полицейі қасиетті аймақта қызмет атқарып, тұрғындардың тыныштығын сақтауға үлес қосып жүрген Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қызметімен танысты.

(Фото: polisia.kz)

Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдары Түркістан облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 60-тан астам полиция қызметкері қаза тапқан. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Осы мақсатта департамент жанына ескерткіш орнатылды.

Министр Ержан Саденов пен облыс әкімі Дархан Сатыбалды ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен батырларды еске алды.

Сонымен қатар қонақтарға жаңа арнайы техника көрсетілді. Ведомство басшысы жергілікті тәртіп сақшыларын жаңа жұмыс орындарымен құттықтап, бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейту және жұмыс процестерін оңтайландыру бар. Одан бөлек қызметтік тәртіпті нығайтуға баса назар аударды.

Полиция генерал-лейтенанты жаңадан ашылған қызмет көрсету орталығына барды. Орталықта бір уақытта 50 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Мұнда полиция жұмысына қатысты халықтың мәселелері жедел қаралады.


 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: