Ішкі ағзамыз туралы таң қаларлық 5 факт

31 Қаңтар, 18:00 3742

Адам миы жатырда жатқанда қатпарлана бастайтынын, бірнеше бүйрек болатынын, жүректің дәл қайда орналасқанын білесіз бе?

1. Мидың қатпары неге бас сүйек қорабына жасырынған

Анатомияны білмейтін адамның өзі мидың грек жаңғағына ұқсайтынынан хабары бар. Ұзақ уақыт бойы ғалымдар неліктен мида қатпар пайда болатынын анықтай алмай келді. Бірақ, оның ми қабығын үлкейтіп, нейрондар мен түйіспелердің бас сүйектегі көлеміне  әсер ететіні әу бастан белгілі болған. Гарвард мамандары 3D-принтерде ми дамуын бақылай келе, ми қатпарларының механикалық түрде шоғырланатынына көз жеткізді. Барлық мәселе мынада: ми ұлпасы бала жатырда жатқанда жылдам өседі. Бос орынның аз болғанынан ол қағаз сияқты мыжылады. Бұл процесс гирификация деп аталады және ол жүктіліктің алтыншы айында біліне бастайды.

2. Бауыр қайта қалпына келе алады

Бауыр адам ағзасындағы маңызды орган. Ол тамақтан ішекке түскен қоректік заттарды өндіріп, қажеттілікке байланысты басқа ағзаларға таратады. Сонымен қатар, ас қорытуға керек өтті бөліп, зат алмасуға қатысып, гликогенді сақтап, қанды аллерген мен токсиндерден тазартып, түрлі гормандар мен ақуыздар бөледі. Жалпы алғанда, бауырдың айналысатын «ісі» көп. Бауыр жасушалары, яғни  гепатоциттер метаболизмдерге бай, олар бөлініп, көлемі жағынан үлкейіп, зақымданған ұлпаларды қалпына келтіре алатын қасиетке ие. Бұл процесті гипертрофия дейді. Алайда, алкоголь мен басқа да зиянды заттардан зардап шеккен бауыр жазылмайтын цирроз ауруына шалдығуы мүмкін екенін ұмытпаңыз.

3. Адамда бірнеше бүйрек болуы мүмкін

Бүйрек адам ағзасындағы минерал мен сұйықтықтың балансын сақтап отыратын маңызды орган. Қарапайым адамда екі бүйрек болатыны белгілі. Алайда, кейбір жағдайда бір бүйрекпен туылатындар бар, бұл –бүйрек агенезиясы деп аталады. Кейбіреулер зақымданғаннан немесе аурудан бір бүйректі алдырып тастайды. Адам біржақты агенезиямен өмір сүре береді. Алайда, екінші бүйрек көлемі жағынан үлкейіп, инфекцияға ұшырау қаупі жоғары.

Әлемде бірнеше бүйрекпен туылған адамдар бар. Олар бір ауру түріне шалдыққан болуы мүмкін. Кейбір жандарға бүйрек трансплантация жасалғанда өзінікі инфекциясы болмаса сол орнында қала береді. Нидерланды елінің өкілі Бьорн ван Эмпельдің жеті бүйрегі бар. Ол жеті жыл бұрын құлағына инфекция кіріп, бүйрегі жұмыс жасамай қалғанда, алғашқы жаңа органын салдырған.  Осылай, бүйрегі жұмыс жасамай қалып, жеті рет отаға жатыпты.

4. Жүрек көкірек қуысының орта жағында орналасқан

Көп адам жүрек кеуденің сол жағында орналасқан деп біледі. Бірақ, бұл миф. Егер сіз анатомиялық атласты қарасаңыз, жүректің көкірек қуысының орта тұсында тұрғанынан көресіз.

Шамамен үштен екі бөлігі орталық сызықтың сол жағында, ал үштен бірі оң жағында тұр. Сол жақтағы жүрек мен қарынша үлкенірек болғандықтан, жүрек осы тұстан соғып тұрғандай әсер қалдырады. Кей адамдарда жүректің көп бөлігі көкіректің оң жағына қарай ығыстырылған, бұл декстрокардия деп аталады. Ол 12 мың адамның бірінде кездеседі.

5. Асқазан ұстара жүзін сіңіре алады, алайда батареяны ерітуге қабілетсіз

Асқазан іші тамақты сіңіретін тұз қышқылының әсерінен өте қышқылды орта. Бұл көптеген металды сіңіруге жеткілікті. Бір экспериментте ғалымдар асқазан шырынына ұстара жүзін, диск батареясы мен пенни (тиын ақша) салып бақылаған. 24 сағаттың ішінде ұстара жүзі бірінші салмағының 37% айырылған. Ал пенни мен батарея өзгеріссіз қалыпты. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: