Ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқырған балабақша бухгалтері мен шаруашылық меңгерушісі сотталды

2 Тамыз, 23:15 881

Павлодарда аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған балабақша бухгалтері мен шаруашылық меңгерушісіне сот үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қылмыстық іс Павлодар қаласының № 2 сотында қысқартылған тәртіппен қаралды. Сотталушыларға адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өзінің қызметтік бабын пайдаланып, бөтеннің мүлкін иемдену, яғни жымқыру бабы бойынша айып тағылды.  

Сот материалдарына сәйкес, № 4 бөбекжай-бақшасының бухгалтері 2022 жылдың қаңтарынан бастап 2024 жылдың наурызына дейінгі кезеңде балабақшаның шаруашылық меңгерушісімен алдын ала сөз байласып, өзінің қызметтік бабын пайдаланған. Осылайша есептік-төлеу туралы тізімді заңсыз жасап, өзінің және шаруашылық меңгерушісінің банктік шотына заңсыз ақша аудару жолымен бюджет қаражатын жымқырған. Мемлекетке жалпы сомасы 41 миллион теңгеден астам мөлшерде материалдық залал келтірген.

Ол осыған ұқсас қылмыстық схеманы пайдаланып, 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың мамыры аралығында №7 бөбекжай бақшасының бухгалтері болып қызмет атқарып, жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. Сондай-ақ қашықтықтан жұмыс істеп, Аққулы ауданындағы «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасының бухгалтері бола тұра, 2023 жылдың желтоқсаны мен 2024 жылдың мамыры аралығында жалпы сомасы 7 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.

Сотталушылар кінәларын мойындаған. 

Облыстық соттың мәліметінше, бухгалтер мен балабақша меңгерушісіне 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Зарина Арман
Бөлісу: