Ырғызбай әулие кесенесі

22 Тамыз 2017, 16:33 17724

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы: Ырғызбай әулие кесенесі

Біздің ауыл тас жолдың үстінде орналасқан. Бала күнімізде құдайы қонақпыз деп кірген жолаушылардың аузынан «Ырғызбай атаның басына бара жатырмыз» деген әңгімені жиі еститінбіз. Сырқатына дауа іздеген жандар, бала сүйгісі келген жас келіндер, тіпті атаның басына тәу етеміз деп зиярат тетіп бара жатқандар көп болатын. Алтайдың құлдилап келіп Тарбағатайға ұласатын тұсындағы мазары алыстан көзге түсетін Ырғызбай әулие кім болған? Ары қарай тарқатып айтайын...

Ырғызбай әулие - XVIII ғасырда өмір сүрген абыз. Жылнамаларда туған жылы 1787 жыл деп көрсетіледі. Тарбағатай тауларының қойнауларында өсетін шөптермен адам емдеп, дем салып, тәуіптік еткен. Алтайдың күнгейіндегі қытай емшілерімен де байланыс ұстап, тәжірибе алмасып отырған. Жас кезінде қатты сырқаттанған Құнанбай қажыны анасы Зере түйеге салып алып Ырғызбай әулиеге әкелген. Емші ем домынан соң Құнанбай құлан таза айығып кеткен екен. Әлиелігі сол кім, қашан, қандай сырқатпен келе жатқанын алдын ала біліп, дәрісін дайындап отырыпты деседі.

Бір қызығы Ырғызбай ата жасаған емі үшін бір тиын ақы алмаған көрінеді. Жаны жай тапқанға риза болып, мал мен дүние ұсынған жандарға «Бұл маған Алланың жіберген сыйы, ақы алсам аманатқа қиянат қылғандай боламын. Одан мұны жарлы-жақыбайларға беріңдер, сауабы мол болады» деп қайтарып жібереді екен.

Өмір бойы халықтың алғысын арқалап өткен абыз Ырғызбай 63 жасында 1850 жылы дүниеден өтеді. Көз жұмарының алдында көрер күнінің тақағанын өзі сезіп, алдын ала дайындалған. Балаларына «мені осы Барқытбелге жерлеңдер, зират көтермеңдер, ұрпақтарым көтереді» деп өсиет айтып кетіпті. Күмісті жайлауындағы әулиенің зираты кейіннен ұмытыла бастайды. Кейіннен Шыныбай есімді шаруа өз естелігінде «Үйдің қасында бір төмпешік бар еді. Не екенін ешкім білмейді, әйтеуір өріске ұзай алмаған қозы-лақ сол жерде ойнақтап жүретін. Бір күні түсіме ақ сақалды қария кіріп «Әй, Шыныбай, мен сенің Ырғызбай деген атаң боламын. Менің басымда мал ойнақтап бітті, зиратымды көтер, саған Алла тағала береді» деп аян берді» деп еске алады. Шаруасы шағын болса да мазар көтеруді қолға алған Шалғынбай күзге дейін салып бітеді. Қолындағы қара сиырымен тас сүйретіп, әулиенің басына сандықшасын да қойыпты. Содан кейін жағдайы оңалып, тұрмысы түзелген Шыныбайдың ұрпақтары кеңінен таралып, бақуаты болып кетіпті деседі.

Ал әулиенің бүгінгі тұрған мазарын Акқсуаттың іргесіндегі Кіндікті ауылындағы ұрпақтары 1956 жылы тұрғызған. Кейіннен басына түнеп, тілек тілейтіндер саны артқан кезде қасына келушілерге арнап тас үй салыныпты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша сырқатына дауа, аурына ем іздеп келгендер ғана емес, жолын ашып, тіпті мал басының көбеюін де тілейтіндер бар көрінеді. Тіпті баяғыда мал ішінен індет шығып, шетінен қырыла бастаған кезде атаның басына иіріп түнеткен екен, артынан ұсақ малдың барлығы сау болып шығыпты-мыс.

Кейіннен, 2014 жылы Ырғызбай ата кесенесі кешен ретінде толығымен қайта жөндеуден өтті. Сонау кеңес кезінен толастамаған адам саны қазір тіптен көбейе түскен. Сондықтан барлығына жағдай жасау, коммуникация құралдарын тарту қажеттілігі туындады. Күрделі жөндеу нәтижесінде қазір жай ғана мазар емес басында кітапхана мен мұражайы бар, асханасы мен қонақ үйі салынған үлкен руханият орталығына айналған. Сондай-ақ мазардың қасынан үлкен мешіт бой көтерген. Барқытбелдің етегіндегі мешіттің төрт мұнарасы алыстан көз тартады. Бұл маңайға жыл сайын қарлығаштардың ұшып келіп, ұя салуы да әулиенің ерекше қасиетін білдіреді дейді тұрғындар. Мешттің қасында «Дала даналары кітапханасы» атты ғимаратта сирек кездесетін 3 мыңға жуық әдебиет жинақталған. Оның ішінде соңғы екі ғасырда шыққан әдебиет пен тіл, ғылыми медицина жайлы барлық кітаптар бар. Ал «Аманат» мұражайында дала халқының тұрмыс тіршлігін сипаттаумен қатар Ырғызбай әулиенің көзі тірісінде ұстаған жәдігерлері сақталған.

«Аллаға сиын, әулиеден медет сұра» деген халық сөзі бар. Сырқатқа ем, жарты көңілге үміт, тәу еткенге қуат беретін Ырғызбай әулиенің мазар-кешені бүгінде Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының мәдениет бөлімінің иелігінде. Арнайы қызметкерлерге айлық беріп, барамын, көремін, зиярат жасаймын дегендерге толық жағдай жасап қойған. Бұл да біздің киелі жерлерге деген құрмет болса керек. 

Алмас Тоқабаев
Бөлісу: