Иранның ұлттық киімдері

22 Шілде 2014, 04:44

Иран елінің киім үлгісі де әудім замандардан бері киім дизайнерлерінің назарын өзіне аударған, десек те әр-түрлі қауымдардың мәдениеттері тоғысқан парсы жерінде ұлттық киім атауына лайықты киім үлгісі әлі күнге дейін таңдалмай отыр.

Киімнің де тілі бар, ол да әдет-ғұрып, салт-дәстүр сынды белгілі бір елдің мәдениетінен сыр шертеді, мысалға әлемнің кез келген жерінен шотландия ерлерінің ұлттық костюмі – килтті, үнді әйелдерінің дәстүрлі киімі – сариді, араб елдерінің ұлттық киіміне айналған – сәубті не жапон кимоносын киген адамды кездестірсеңіз, ол азаматтың қай елден келгенін бірден ажыратуға болады.

«Жапон» атауын естіген сәттен ақ, қолында желпуіші бар, әсем кимоно киген жапондық аруды елестетпеу мүмкін емес. Кимоно – ұзындығы 13 метрден асатын, 8 тілімнен тұратын жібек мата, онда бірде-бір түйме болмауы тиіс. Әйелдер кимоносы түрлі түсті жалпақ белдеумен оралады.

Кимоно бағасы оның матасына байланысты әр-түрлі болып келеді. Жібек матадан қолмен тігілген ерекше сәнді кимонолар қымбат, егер Сіз Жапонияда болып, бір күнге сондай кимононы жалға алатын болсаңыз 30-40 доллар шамасында ақша төлеуіңіз қажет. Қаншама жылдар өтіп, батыстық киім үлгісінің таралуына қарамастан кимоно жапондықтардың ұлттық киімі болып қала берді. Олар ұлттық мерекелер мен діни мейрамдарда, тіпті үйлену тойларында міндетті түрде кимоно киеді.

Иран елінің киім үлгісі де әудім замандардан бері киім дизайнерлерінің назарын өзіне аударған, десек те әр-түрлі қауымдардың мәдениеттері тоғысқан парсы жерінде ұлттық киім атауына лайықты киім үлгісі әлі күнге дейін таңдалмай отыр.

Театр мен телевидениенің киім дизайнері Ирандағы ұлттық киімдердің тарихы жайлы: «Иранда Қажарлар дәуіріне дейін де ұлттық киімдер болған. Әйелдер ұзын көйлектер мен чадер кисе, ер азаматтар жейде мен кең шалбар киіп, оның сыртын қалың белбеумен байлап қоятын», дейді.

Манире Маликидің айтуынша, Қажарлар дәуірінде Иранның ұлттық киімдері өзгеріске ұшыраған, өйткені сол дәуірден бастап Насераддин Шаһ сұлтанның билікке келуіне дейінгі аралықта әйелдер жібектен тігілген, түймелері маржан тастардан тұратын қысқа жейделер мен балағы қысқа шалбарлар киіп, бастарына «чарқе» тартқан. Ал жейденің сыртынан жеңі жоқ, кеуде тұсы ашық, кіндіктен бастап солдан оңға қарай түйме қадалған «чапкин» деп аталатын киім киетін болған.

Алайда ұлттық киімдер турасындағы пікірталас әлі күнге дейін тоқтамай келеді. Иран Президенті ұлттық чадер мен хиджабты Иран қауымдарының рухани мұра тізіміне бекіту рәсімінде киім дизайнерлеріне Иран мәдениетіне сай келетін киім үлгісін ұсынуды қуаттады. Бірақ ақиқатына келгенде, біздің ұлттық киіміміз қандай?

Ұлттық киімдер туралы қалыптасқан пікірлердің бірі ол киімдердің күнделікті тұрмыста қолданылмайтыны. Көптеген дизайнерлердің ұлттық киімдерді күнделікті киюге арнап емес, сән қойылымдарына арнап тігетіні ақиқат. Бұндай киімдерді ресми не бейресми кездесулерге кие алмайсыз, бұдан шығатын қорытынды ұлттық киімдер белгілі бір қауымның болмысын көрсететін нышан.

Университет ұстазы әрі белгілі стилист Азар Наджиби бұл туралы былай дейді: «Бүгінгі таңда Жапония жастары өздерінің ұлттық киімдерін киюге құлшынбайды, өйткені кимоно жүруге, отырып-тұруға ыңғайсыз. Кимоно киетін әйелдер үшін баспалдақпен жоғары көтеріліп, төмен түсу қиынға соғады. Алайда, ұлттық киімдер ұмыт қалмас үшін Жапония билігі кимоно киген адамдарға қалалық көліктерде жүруді тегін етіп қойды». Иран қауымдарының киімдері жайында кең зерттеу жасаған Наджиби сөзінің жалғасында: «Жергілікті қауымдардың ұлттық киімдерін негізге ала отырып, оларды қалалық өмірге ыңғайлы етіп жасау керек», дейді.

Олай болса, ирандық мәдениетті өзге ұлттар арасында мәңгілік етіп қалдыру үшін әр-түрлі халықтар бас қосқан мемлекеттердегі жастардың киім үлгісіне зер сала отырып, өзіміздің болмысымызды заманауи киім үлгісіне көшіруіміз керек.

 

Бахор Мехрнежад

JameJamOnline.ir

Бөлісу: