Ирандағы қазақ футбол командасы үлкен мақтаныш болды!

17 Қазан 2014, 06:27

Ирандағы қазақтары сол мемлекетінің ішкі тіршілігіне етене араласып, олардың мəдениетіне бір кісідей еңбек сіңірді.

1970 жылдары орта мектеп түлектері алғаш рет жоғары оқу орнына түсуге дайындық үстінде болды. Қай жерде тұрсаң сол жердің жыртысын жыртасың демекші, Қазақіп, өз үлестерін шама-шарықтары жеткенше қосып отырды. Жастардың ғылым, білімге ден қойып, спорт саласына бет бұруы елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Мəселен, Қайырбай Жеменей ауыр атлетикадан облыстық жəне республикалық денгейде көптеген жылдар бойы жүлделі орынға ие болса, Əшім Жеменей гимнастика саласында бірнеше жүлде алып, республикада мəшһүр болды. Əбубəкір Павиз женіл атлетиканың əр түрлі саласы бойынша (найза, дискі лақтыру т.б.) республикалық оқушылар жарыстарында 6 алтын медаль алды. Олардың ізбасары Сафура Жеменей гимнастикадан республикалық оқушылар сайысында үшінші орынды иеленді. Кейінгі жылдары Маржан Жеменей шахматтан республикалық оқушылар арасындағы жарыста үшінші орынға шықты.

Қазақ футбол командасы өз еркімен екі миллион халқы бар Мазандаран провинциясының Горган ауданында үлкен жетістіктермен елдің сүйікті командасына айналған болатын. Бұған талай рет аудан, аймақ көлемінде жүлделі орын алуы нақты дəлел. Қарны тойып, есін жиған ел той-думанды дүркіретіп өткізетін халге де жетті. Бірнеше тəулікке созылған тойлардың ажарын кіргізетін Қожаназар, Темірбай, Дəстен, Емберген (марқұмдар), Жаңбыр, Шомақ сияқты санаулы əнші-күйшілер тойдың шырқын келтіріп, жатта жүрген қазағының тілі мен діліне əр беріп жүрді.

Осы жылдары қазақ қыздарының біразы мектепке бара бастады. Кеңестік Қазақстаннан «Қыз-Жібек», «Транссібір экспресі», «Көксерек» фильмдері қойылып, араб əрпімен Міржақып Дулаттың «Оян, қазақ» кітабы, М.Əуезовтің «Қараш-қараш», Т.Ахтановтың «Боран», Ш.Айтматовтың «Жəмила», «Ақ кеме», «Ананың хикаясы», «Ғасырдан да ұзақ күн» енбектері парсы тілінде кітапхана сөрелерінде түсе бастады. Сондай-ақ «Дос-Мұқасан» тобының орындап жүрген əндері 1980 жылдардан кейін Иран қазақтарына жетті. Олардың əндері көп сұранысқа ие болып, күй таспаға жазылып, əн сүйер қауымның сұранысын қанағаттандырды.

Иран қазақтарының ата мекенмен байланысының ең маңызды кезеңі 1977 жылдан кейін басталды. Өйткені «Біздің Отан», кейін «Шалқар» қазір «Шалқар-2»деген атаумен шығатын газет қолдарына тие бастады. Осы газет арқылы біз елдің мəдени-əдеби тыныс-тіршілігімен танысып жүрдік.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: