Иранда Маңғыстау музейінің көрмесі өтті

6 Ақпан, 05:18 640

Иран Ислам Республикасының Мазандаран провинциясында Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қос көрмесі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Маңғыстаудың ұлттық киімдері мен түбектен шыққан тұңғыш ғалым Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының жеке заттарынан жасақталған көрмені тамашалауға жергілікті ирандықтармен бірге осы елдегі қазақтар келді. 

ХХ ғасырдың ортасындағы Маңғыстау қазақтарының ұлттық киім үлгілерін алып келдік. Көрмеде жас ерекшелігіне қарай бөлінген 5 түрлі киім үлгілері қойылған. Бойжеткеннің, қалыңдықтың, келіншектің, жігіт ағасы мен егде жастағы ер адамның ұлттық киімі қойылған. Көшпелі халықтың әрбір жасаған бұйымы, киім-кешегі, тұрмысқа пайдаланатын құралы, баспанасы көшіп-қонуға ыңғайланып, үнемі жетілдіріліп, түрлендіріліп дамып отырған. Ғасырлар бойы шыңдалып, өз биігіне көтерілген осы бұйымдарды басқаша елестету, өзгерту мүмкін емес, - деді музей директоры Эльвира Абланова. 

Облыстық музей Иранға түбектен шыққан тұңғыш ғалым, діни қайраткер Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының жеке заттарынан жасақталған көрмені де әкелген. Мұнда музей қызметкері О. Көшбайұлының 2007 жылы Иран сапарында Бендер қаласында тұратын Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының баласы Ебжан Оразмағанбетұлынан алынған жеке заттары қойылды. Атап айтқанда Оразмағанбеттің Бендер қаласында тұратын парсы дәрігеріне әртүрлі шөптерден жасалатын дәрі-дәрмектердің рецептін көрсетіп, астына қолын қойып, басқан мөрі, өзі қолданған таспихы, Горган қаласының әкімі Сейт Жоржан мырзаға  жазған арызы, түс жору қолжазбасы мен дүрбісі қойылды. 

Көрмеге Иранда тұратын О.Тұрмағамбетұлының ұрпақтары да келді. Олар О.Тұрмағамбетұлының құрметіне шығарылған төсбелгімен марапатталды.

Көрмеге келген Ирандағы қазақ, Горган қаласының тұрғыны Қатима Әбдешқызы ағайынға сәлем жолдап, өзінің ақжарма тілегімен бөлісті. 

Қазақстаннан тумаластарымыз, бауырларымыз келіп көңіліміз қош болды. Олар құр келмей, көрмесін ала келген екен. Көрмені тамашалап, көңіліміз көтеріліп марқайып қалдық.  Тойға барсақ та, садақаға барсақ та осындай қазақтың ұлттық киімін киіп жүреміз. Бірақ, жастарымыз жеңіл, әдемі көйлектерін киеді. Қазір бала-шағамызбен Горганда тұрамыз. Үлкен ұлым Қазақстанда тұрады. Оларға да дұғай сәлем жолдаймын, - деді Қатима Әбдешқызы.

Перизат Саденова
Бөлісу: